Мәселе

Кедейлік қамытынан қалай құтыламыз?

Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтен ең алдымен талап еткені – халықтың шынайы табысын арттырып, тез арада кедейліктен құтылу шараларын жасау. Оны Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, «халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту».

[smartslider3 slider=2281]

Халықтың табысын арттырып, теңсіздікті қалай азайтамыз? Әрине, табысты арттырып, теңсіздікті азайтуды бір ауыз сөзбен қорытындылап айту мүмкін емес. Бұл үшін көптеген дәйекті шаралар қажет. Мен сол көптеген қажетті шаралардың ішінен Президент тапсырмасын орындау үшін ең алдымен шағын және орта бизнесті дамытып, оның ел экономикасындағы үлесін тез қарқынмен өсіру маңызды орын алатындығын айтқым келеді. Өкінішке қарай, Үкімет басшысы Әлихан ­Смайылов баяндамасының соңында «шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2023 жылға қарай 31,3 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз» деп салымызды суға кетірді. Премьер-министр­дің осы жоспарымен Президент тапсырмасын орындай алуы мүмкін емес. Егер шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімде ұстайтын үлесін тура осындай өгіз аяңмен жылына 2 пайыз қарқынмен арттырсақ, онда кедейліктен жуық арада емес, тіпті Тоқаевтың екінші кезекті сайлану мезгілінде де құтылмаймыз.

Нарықтық экономикадағы мемлекетте шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімде ұстайтын бөлігі кем дегенде 50 пайыздан аспаса, біріншіден, халықтың тұрақты табысын арттыру мүмкін емес. Екіншіден, бай мен кедейдің алшақтығын жақындатып, қоғамдық теңсіздікті азайту мүмкін емес. Бұл – нарықтық экономикадағы елдердің экономиканы дамытып, халықтың нақты табысын арттыру үшін бұрын-соңды таянып келе жатқан экономикалық теория­сы. Сондықтан ең алдымен шағын және орта бизнестің экономикада ұстайтын үлесін арттыруға бар күшті салмай тұрып, Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін емес.

Дамыған елдерде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі кемінде 60 пайыздан жоғары. Халықтың 80-90 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Сол арқылы табыс тауып, бала-шағасын асырайды. Орта тапты құраушылар, негізінен, шағын және орта бизнес өкілдері мен онда жұмыс істейтін жұмысшылар. Орта тап – елдің саяси тұрақтылығын сақтаудағы тіректі күш. Орта табы қалыптаспаған елдің жағдайы тұрақсыз болатыны шындық. Бұл – аксиома. Мұндайда халықтың табысын арттырудың жаңа қазақстандық жолын іздемей-ақ, алдыңғы дамыған елдер мен қазіргі тез қарқында дамып келе жатқан дамушы елдердің тәжірибесін өзімізге икемдеп пайдалансақ, соның өзі де жеткілікті. Мен озық елдердің үлгісін пайдалануымыз керек деп былтыр «Астана ақшамы» газетіне «Шағын бизнес шаң қауып қалмасын десек, озық елдерден үлгі алуымыз керек» деген мақала жазған болатынмын. Сонда да бұл жөнінде тәптіштеп отырып түсіндіргенмін. Бұл мақалада сол тақырыптың кейбір толықтырып кететін тұстарына тоқталайын.

Біздің елдің Үкіметі екі сөзінің бірін ««Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп шешеміз» деп бастайтынына қарағанда, шағын және орта бизнесті қалай дамыту жөнінде бар ақылды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасынан сұрайтын көрінеді. Алайда мен «Атамекен» ҰКП-ның Үкіметтің қажетінен шықпағандығын байқап отырмын. Егер «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы шынымен іскер, мемлекеттің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын болса, бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 30 пайызға жетпейтін бейшара халге түспес еді, халықтың табысы 50000 теңгенің ар жақ-бер жағында болмас еді. Демек, бұл көрсеткіш «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының жұмысында нәтиже жоқ дегеннен дерек береді. Сол үшін Үкімет бұл саланы реформалауда «Атамекеннен» басқа тәуелсіз экономистерді де тыңдап, шағын және орта бизнесті дамытуды шұғыл қолға алуы керек.

Нарықтық экономикадағы мемлекетте шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімде ұстайтын бөлігі кем дегенде 50 пайыздан аспаса, біріншіден, халықтың тұрақты табысын арттыру мүмкін емес. Екіншіден, бай мен кедейдің алшақтығын жақындатып, қоғамдық теңсіздікті азайту мүмкін емес

Бірінші, саяси жүйеге өзгеріс­тер алып келу керек. Яғни қазіргі шағын және орта бизнестің тағдырын бір «Атамекенге» тапсырып, оның аузына қарап отырмай, Премьер-министрге тікелей қарайтын «Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі» құрылу керек. Мұндай агенттік АҚШ, Қытай секілді дамыған елдердің бәрінде бар. Мемлекеттік грант, қосымша қаражат, субсидияланған несие, қаржыландыру арналары, тағы басқа шағын және орта бизнесті қолдау саясаты осы агенттік арқылы жүзеге асу керек. Атап айтқанда, Үкіметтің функция­лық органы шағын және орта бизнестің жай-күйін қоғамдық ұйым арқылы емес, өзі тікелей бақылай алатын болуы қажет. Кәсіпкерлерді қолдауға қажетті түпкілікті мәселелер осы агенттік арқылы шешілуі қажет. Сонда ғана Премьер-министр шағын және орта бизнесті қалай тез дамытудың бар мүмкіндігін өз қолына ала алады.

Екінші, арнаулы «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы» заң қабылдап, қазіргі шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болып отырған мәселелердің барлығын осы заң арқылы реттеп, оның дамуына даңғыл жол ашу керек.

Үшінші, қолданыстағы салық заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Яғни қазіргі шағын және орта бизнесте қызмет атқарған қызметшілердің табысына бірдей 10 пайыздық табыс салығын салуды өзгертіп, жұмысшылардың орташа айлығынан жоғары шегіне ғана салық алу керек. Сол кезде ғана жұмыс беруші бергенін жасырмай, жұмыс істеуші алғанын жасырмай, іс жүзінде табыс айқындалады. Сонымен бірге жұмыспен қамтылғандардың шынайы есебі жарыққа шығады. Бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саясатын дұрыс жолға қоюға септігін тигізеді әрі жұмыскердің іс жүзінде нақты табысы арта түседі.

Төртінші, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгеріс жасау қажет. Яғни аталған заңдағы шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болып отырған «ең төменгі баға сатып алудың негізі» болатын және «алдын ала төлем бермеуді», керісінше, сатып алуға «ең төменгі баға негіз болмайтын, балл қою арқылы тиімді өнім берушіні анықтайтын» және «алдын ала төлем беруге болатын» жүйеге өзгертіп, сол арқылы шағын және орта кәсіпорындардың пайда мөлшерін арттырып, тек айналымда мол қаржысы бар монополистер ғана мемлекеттік сатып алудың «қызығын» көретін жағдайды түбірінен өзгерту қажет. Мемлекеттік сатып алуда әр өңір өзінің кәсіпкерлеріне қарай бағытталып, өз өңірінің кәсіпкерлерін қолдауға қолайлы механизм жаратылуы тиіс. Және де мем. сатып алуда бір лотты бір компанияға беріп жібермей, мүмкіндігінше бірнеше кәсіп­орынға бөліп беріп, барлық шағын және орта кәсіпорындарға тең мүмкіндік жасау керек. Оның сыр­тында мемлекеттік сатып алуда, сөзсіз, алдымен отандық өнімді бірінші кезекте сатып алуды заң жүзінде кепілдендіру керек. Бұл заңды отандық өндірушілерге түсіндіріп, олардың өндірген тауарын мемлекеттік сатып алуға қатыстырып, мемлекеттік сатып алу отандық өндірушінің өсіп-өнуінде шешуші рөл ойнауы қажет.

Бесінші, Жер кодексіндегі «тұрғын үйге арналған жер» және «бизнеске арналған жер» деген шектеуге уақытша мораторий жариялап, кез келген жекеменшік орында қауіпсіздік шарты аясында бизнес істеуге мүмкіндік тудыру. Бұрын жекеменшіктегі «тұрғын үйге» арналған жерде «заңсыз» бизнес істеп отырғандар жерінің пайдалану мақсатын ешқандай төлемсіз, тегін түрде «бизнеске арналған» етіп тіркеп беру қажет. Қазіргі таңда Жер кодексіндегі бұл шектеу шағын және орта бизнестің өркендеуіне үлкен тұсау болып, талай шаруа қожалығы мен ұсақ шаруа істейтін кәсіпкерлер осы заңның шектеулеріне бола аяғын аттап баса алмай, тілін тістеп отыр.

Алтыншы, шағын және орта кәсіпкерлік өндірген тауарларға отандық өнім тауар сертификатын беру әдісін барынша жеңілдетіп, сол арқылы тауардың нарықта айналымға тез түсуін жебеп, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне дем беру қажет.

Жетінші, қаржыландыру арналарын оңтайландырып, әсіресе отандық өндірушілердің банктен алған несиесінің едәуір бөлігін субсидиялау әрі несиені 20 жылға дейін беруге мүмкіндік тудыру қажет. Себебі қазіргі тұтынушы нарығы заманында пайда мөлшерінің аз болуына байланысты өндірістің өзіндік құнын ақтау мерзімі ұзақ. Қазіргі «Даму» қорының 3-10 жылдық несие мерзімі жеткіліксіз.

Сегізінші, Қытайда немесе басқа елдерде өндірілген әлемдік әйгілі брендтердің дубликат тауар­ларын импорт қылуға және сатуға мүлдем тыйым салу қажет. Сонда ғана отандық өндіріс бәсекелік қуатқа ие болып, өндіріс өркендейді.

Тоғызыншы, шаруа қожалық­тарына қосымша қаражат бергенде алдын ала 30 пайыз беріп, қалғанын алған өнімнің санына қарай беру қажет. Субсидия алу үшін егінін егіп, субсидия қолға тигеннен кейін бидайды қасақана ормай, қардың астында қалдырған ахуалды өз көзімізбен көрдік. Субсидияны ортадағы мекемелер арқылы бермей, орталықтан тікелей шаруаның есеп шотына салып беру қажет.

                                                                                                                                                                                    Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ,экономист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button