Мәселе

Кедейлік шегін неге көтермейміз?

Қазақстанның басты әлеуметтік проблемасының бірегейі – халықтың басым бөлігінің кедейлігі. Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу­ді тапсырды. «Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек» деді Президент.

[smartslider3 slider=1995]

Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға – 3,2 АҚШ доллары, табысы орташадан жоғары елдер үшін – 5,5 АҚШ доллары.

Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайды, Ресейде – күніне 6 доллар.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың адам болды.

Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн, одан да жоғары екендігін айтады.

Өмір көрсеткендей, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі!

Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді.

 Бүгінде Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр.

 Ал Еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60% деңгейінде белгіленеді.

Сонымен бірге, пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді.

Мысалы, Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды.

Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары. Елімізде азаматтардың төмен әлеу­меттік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды.

Бұл – ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы».

Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек!

Осы тавталогияның нәтижесінде, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған.

Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдемге тұралатып жіберді!

Nur-Otan партиясының фракциясы кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп есептейді.

  1. Елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу.
  2. Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру.
  3. Екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату.
  4. Ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу.
  5. Ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.

Ерлан Саиров,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button