Басты ақпарат

Кедейшілік тамыры неде?

Жақында дүние жүзінің халқы Халықаралық қайыршылықпен күрес күнін атап өтті. Өйткені қазіргі таңда төрткүл дүниедегі 800 млн-нан аса адам күніне 1,25 долларға күнелтеді. Биыл Жер шары халқының саны 7,7 млрд-тан асты. Өткен жүзжылдықта ғана әлемдегі халықтың саны 4,35 млрд адамға көбейген. Өкінішке қарай, кез келген елдің азаматтары қалыпты өмір сүру жағдайларымен қамтамасыз етілмеген. Мысалға, Оксфорд университеті ғалымдарының жуырдағы зерттеулеріне сүйенетін болсақ, Жер шары халқының 76 пайызы мекендейтін 103 мемлекетте (5,4 млрд адам) тұрғындардың кем дегенде 26,5 пайызы (1,45 млрд адам) қайыршылықта өмір сүреді.Әлемдегі ең кедей елдер Африка құрлығында орналасқан. Дүниежүзілік банктің критерийлеріне үңілетін болсақ, «өте кедей елдерге» жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің деңгейі жылына 1025 АҚШ долларынан төмен өмір сүретін мемлекеттерді жатқызуға болады. Мысалы, бұл тізімдегі көштің басында Орталық Африка Республикасы, Конго, Бурунди, Либерия тұр. Қош делік.
Ал Орталық Азиядағы ахуал қандай? Жасыратыны жоқ, көптеген жылдар бойы осы рейтингтің басында Тәжікстан мен Қырғызстан орналасты. Алайда соңғы жылдары Тәжікстандағы көрсеткіштің Қырғызстандағы деңгеймен алшақтығы қысқарды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Тәжікстандағы бұл көрсеткіш 2003 жылғы 72 пайыздан 2017 жылы 29 пайызға дейін төмендеген. Ал бұл рейтингтегі Қазақстанның орны қандай? Соңғы жылдары еліміздегі кедейлік деңге­йінің қысқарғаны рас па? Осы мә­селеге талдау жасайық.

Кімге сенеміз: Дүниежүзілік банкке ме, Қазақстандағы ресми деректерге ме?

Қазақстан 2002 жылдан бастап кедейлікпен күресте айтарлықтай жетістістерге жетті. 2002 жылы кедейлік деңгейі 28 пайыз болса, ол 2009 жылы 2 пайызға төмендеді. Яғни еліміз табысы өте төмен мемлекеттердің тізімінен шықты. Халық­аралық көрсеткіш бойынша күніне 1,9 АҚШ долларымен өлшенетін тақыр кедейлікті жойды. Алайда Дүниежүзілік банктің сарапшылары бұл қарқынның бәсеңдеп қалғанын айтады.
Олардың бағалауынша, көптеген қазақстандықтар бұрынғыдай экономикалық тұрақсыздықтың алдында дәрменсіз, қауқарсыз қалпында қалып отыр. Дүние­жүзілік банк сарапшылары еліміздің жаңа тарихындағы екі жағымсыз үрдісті атап көрсетті. «Ол – 2005 жыл және 2013-2016 жылдар аралығындағы тұрмысы төмен адамдардың көбеюі. Бұл жылдарда адамдардың табысы төмендегенімен, тақыр кедейлікке ұрынған жоқ. Мәселен, 5,5 АҚШ доллары көрсеткіші бойынша кедейлік деңгейі 2013 жылғы 6 пайыздан 2016 жылы 11 па­йызға артты. Ал 2018 жылы кедейліктің орташа көрсеткіші 8,6 пайыз көлемінде болған. Болжам бойынша бұл көрсеткіш 2021 жылға дейін 6 пайызды құрайды» дейді аталған мекеменің сарапшылары.
Адамдардың тоқшылықта өмір сүруінің көрсеткіштері көп. Солардың бірі – жайлы, қолжетімді баспана. Қазір Қазақстанда баспанасыз жүрген адамдардың нақты саны қанша екенін тап басып айта алмаймыз. Мысалы, елдегі орта тап, негізінен, екі қала: Нұр-Сұлтан мен Алматыда шоғырланған. Кедейлікпен күрес жөніндегі сарапшылардың пікірінше, адамдардың ірі қалалардағы қарқынды еңбек нарықтарына қолжетімділігін қамтамасыз етудің күрделілігі басты мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселені шешуге ықпал ететін негізгі фактор – баспана құны. Мысалы, аталған екі үлкен қаладағы тұрғын үйлердің бағасы елдегі орташа бағадан жоғары: Алматыда – 190 пайызға, Нұр-Сұлтанда – 240 пайызға! Егер жергілікті табыс деңгейін ескеретін болсақ, онда осы қалалардағы баспананың құны әлемдегі Сан-Франциско, Сидней, Ванкувер сияқты тұрмысы қымбат мегаполистерден де асып түседі.
Соңғы ресми мәліметтер бойынша Қазақстандағы кедейлік деңгейі төмендеген. Бірақ мамандар біздің еліміз 2013 жылғы көрсеткішке қайтып оралды деген пікір айтуда. Енді салыстырып көрейік. Көп жылдар бойы Орталық Азиядағы кедей елдердің көшін Тәжікстан бастады. Алайда халықаралық өлшемде қолданылатын 1,9 АҚШ долларымен есептегенде, бұл елдегі көрсеткіш 2 пайызға жетіпті. Қырғызстандағы көрсеткіш ешқандай өзгерген жоқ. Ал Қазақстан 2019 жылдың сәуір айынан бастап кедейлік шегін жаңа формуламен есептеуге көшті. Егер ол бұрын тоқсан бойынша есептелген күнкөріс минимумы көлемінің 50 пайызы болса, ал бүгін 70 пайызын құрайды. Күнкөріс минимумының көлемі 20,8 мың теңге деп көрсетілген.

АӘК алатындар кедейге жата ма?

Егер ресми деректерге үңілетін болсақ, еліміздегі кедейліктің кең етек алғанын көреміз. Мысалы, қазір 2 млн қазақстандықтар атау­лы әлеуметтік көмек (АӘК) алады. Бірақ неге екені бей­мәлім, біздің Үкіметтегі ше­неуніктер оларды кедейлер емес, тұрмысы төмен және табысы аз отбасылар деп атайды. Шынында да солай ма? Тұрмысы төмен отбасы мен қайыршылыққа ұрынған отбасының айырмасы қандай?
Жуырда ғана Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова АӘК алатын азаматтардың саны өскеніне таңғалғанын жасыра алмады. Осыдан 10 жыл бұрын АӘК-ті 500 мың адам алса, қазір ол 2 млн-ға көбейген. «2007 жылы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қызметінен кеткенде еліміздегі 1,5 млн АӘК алушылардың саны 500 мыңға дейін азайтқанбыз. Ол кезде, шынында, жұмыс орындары аз еді. Ал қазіргі жағдай неге бұлай? Біз қыруар қаражат жұмсап, халықты еңбекке орналастыру шараларын қолға алдық. Қаншама бағ­дарламалар бар. Жалақыны көтердік. Сонда бұған кім жауап береді?» деп дүрсе қоя сөйледі депутат Парламенттегі жиындардың бірінде. Бірақ бұл сауалға нақты жауап берген адам болмады.
Кейбір экономистер халықты АӘК арқылы қолдау жеткіліксіз деп санайды. Өйткені ол адам басына шаққанда күніне 1,8 АҚШ доллары көлемінде көмек алуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдай көптеген қазақстандықтарға кедейліктен құтылуға көмектес­пейді. Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстандағы кедейлік деңгейінің нақты көрінісі тым төмендетіліп беріледі деген пікірде. Олар ел халқының 20 пайызы немесе шамамен 4 млн адам кедейлікте күн кешуде деп есептейді.
Отандық статистик-мамандардың айтуынша, еліміздегі кедейлердің төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Көрсеткіші – 25,9 пайыз. Бұл рейтингте екінші орында 8,4 пайызбен Алматы қаласы, үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы (8,2 пайыз) орналасқан. Одан әріде Жамбыл (8 па­йыз) және Алматы облыс­тары (7,8 пайыз) тұр. Енді қараңыз: ресми мәліметтер бойынша АӘК алушылардың саны 2017 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткішпен салыстырғанда 18 есеге дейін өсіпті. Алайда таға­йындалатын АӘК-тің орташа айлық көлемі бар-жоғы 1,7 пайызға, яғни 6848 теңгеге ғана ұлғайған. Осыдан-ақ кедейліктің деңгейіне қатысты ахуалға көз жеткізе аламыз.
Биыл 14 маусымда Euro­news-ке берген сұхбатында Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кедейлік пен төменгі әлеуметтік жағдайлар халықты сайлау өткен күні көшеге шығуға итермеледі. Шеруге шыққан жұрттың талаптарына құлақ асамыз» деп мәлімдегені есімізде. Олай болса Қазақстанда, шын мәнісінде, қанша кедей бар деген мәселе ашық айтылып, нақты сандар бұрмаланбай берілуі тиіс. Қоғамда ашықтық, әділеттілік, шындық салтанат құрғанда ғана еліміз дұрыс, оң даму жолымен ілгері жылжиды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button