Басты ақпаратҚұқық

Кедендегі келеңсіздік қалай жойылады?

Жуырда Бас прокуратура еліміздің бірнеше өңірінде кең ауқымды операция өткізіп, нәтижесінде 35 адамның ұсталғанын хабарлады. Естеріңізде болса, ел тарихындағы ең атышулы қылмыстық іс «Қорғас» кеденіне қатысты болған еді. Арада бес жыл өткеннен кейін кеден саласына қатысты жемқорлық тағы да қайталанып отыр. Бұл кеден бекеттерінде пара алу, заңсыз жүк өткізу мәселесі әлі күнге дейін тоқтамағанын көрсетеді.

1500 томды құраған іс

«Қорғас» – Қазақстан–Қытай шекарасындағы негізгі кедендік бекеттердің бірі. Автожол арқылы елімізге және көрші елдерге Қытайдан жеткізілетін жүктің үлкен бөлігі осы бекет арқылы өтеді. Кезінде сотталушы адамдардың көптігі сонша, қала соттарында бөлме табылмай, «Қорғас ісі» бойынша сот отырысы Алматыдағы ең үлкен тергеу абақтысында өткені есімізде. Алғашында жүзге жуық адам ұсталғанын хабарласа, кейіннен 45 адам «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы контрабандалық жолмен тауар өткізуді жүйеге айналдырғаны белгілі болды. Олар шекарадан жүгін өткізген кәсіпкерлерден пара алып, контрабандистерді «қорғаған». Лауазымды басшылардан бастап қарапайым инспекторларға дейін шекарадан өткен жүк көліктері үшін 25 мыңнан 30 мың АҚШ долларына дейін ақша алып отырғаны айтылды. Сол ақшаның 5 мың доллары ғана кеден төлемдері ретінде бюджетке кетсе, қалғаны қылмыстық топтардың қалтасына түскен. Соттың айыптау шешімінің өзі 70 томға арқау болғанын білеміз. Алдын ала тергеулер кезінде 500-ден астам түрлі сараптама жүргізілген. Осылайша, 1576 томды құраған қылмыстық істің басты фигуранттары сот үкімімен 13 жылдан 17 жылға дейін сотталып тынды. Одан кейін 2006 жылы да «Қорғас» бекетінде жемқорлыққа қатысты шу шыққан. Осы жолы да қылмыстық топқа мүше болған бірқатар кеденшілер тұтқындалған еді. Бұл ретте мәселе олардың сотталып жазаға тартылғанында емес, жемқорлықтың салдарынан қазынаға түспей кеткен миллиардтаған қаржының ұйымдасқан қылмыстық топтың қолында кеткенінде болып отыр.

Сот санкциясымен 35 адам қамауға алынды

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, арнайы операцияны үстіміздегі жылғы 15-16 ақпан күндері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен бірлесіп өткізген. «Еліміздің шекаралас аумағында контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы іс-қимылды күшейту, сондай-ақ кеден аумағы саласында тәртіпті орнату мақсатында Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында кең ауқымды арнайы операция өткізілді. Қазіргі таңда 35 күдікті, олардың ішінде Қырғызстанның үш азаматы, кеден органдары, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйым­дасқан қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Соттың санкциясымен 33 тұлға қамауға алынды. Арнайы операция алдында жедел тексеру жүргізілді» дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова.
Белгілі болғандай, операция бары­сында мемлекеттік шекараның Қазақ­стан–Қытай аймағында орналасқан «Алтынкөл», «Қалжат» және «Қорғас» кеден бекеттері, Қазақстан–Қырғызстан аймағында орналасқан «Қордай» мен «Қарасу» бекеттері және Қазақстан–Өзбекстанның «Сарыағаш», «Қазығұрт», «Атамекен», «Қапланбек» шекара аймақтары арқылы халық тұтынатын тауарлар контрабандалық жолмен тасымалданған.
«Атап айтқанда, Қазақстанға контра­бандалық тауарлар Қытайдан тікелей, сондай-ақ Қырғызстан арқылы кедендік әкімшілендірудің көлеңкелі сызбасы, жалған құжаттар көрсетіле отырып әкелінген. Күдіктілерге кедендік рәсімдеу және жүкті алып жүруді қамтамасыз ететін кедендік органдар мен шекара қызметінің кейбір лауазымды тұлғалары көмек көрсеткен. Тауарлар Қазақстанның ірі қалалары мен Ресей Федерациясына жолданып отырған» дейді ресми өкіл. Оның мәліметіне сенсек, шекара бекеттерінде тауарларды өткізуді жылдамдату үшін кеден қызметкерлері пара алып отырған. Контрабандалық іс-әрекетке қатысы бар тұлғалар құқық қорғау органдарына ірі көлемде ақшалай сыйақы беру арқылы олардың «қамқорлығын» көріп келген.

Техникалық қадағалау қажет

Жемқорлықты жоюдың ең басты міндеті – саланы автоматтандыру. Адамның қатысуымен болатын іс-әрекеттерді шектеу. Яғни мемлекеттік шекараны техникалық жағынан толық қамтамасыз етпей, қылмыстық топтың алдын алу мүмкін емес. Еліміздің шекарасы арқылы өтетін тауарларға бақылаудың жоқтығы топтасып жұмыс істейтін жемқорлыққа жол ашып беріп отыр. Оның үстіне, шекараның қорғалу деңгейінің төмендігі және техникалық жағдайдың нашарлығы отандық БАҚ беттерінде талай айтылғаны жасырын емес. «Менің ойымша, бұл – жеке адамдардың емес, жалпы жүйенің мәселесі. Қандай да бір лауазымға кімді тағайындаса да, белгілі бір уақыттан кейін қылмыстық іске араласып немесе өзінің схемасын құрады. Авторитарлық құрылымда шенеуніктер сайлаушылардан емес, жоғарыда тұрған шенеунікке тәуелді, оларға ашық және көпшілікке жария болудың қажеттілігі жоқ. Кәсіби және адал болу басты міндет емес, басшының ісіне қатысып, жан-тәнімен берілуі керек. Саяси жүйенің және мемлекеттік органдардың ішінде бәсекелестік жоқ. Барлығы туысқандық және кландық байланыспен өзара шарпылған. Сайып келгенде, мұның барлығы кез келген мемлекеттік органда жемқорлықтың дамуына, тиімді ортаға айналады» дейді «Қорғас ісіне» қатысты өз пікірін білдірген кәсіпкер Марат Толыбаев.
Не десек те, соңғы жылдары былыққа батқан шекара бекеттеріндегі жүйенің кемшілігіне көз жұмып қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елордадан бастаған «Астана – адалдық алаңы» жобасын еліміздің шекара бекеттерінде де жалғастырса, нәтижелі болар ма еді?! Әзірге жүк тасымалдайтын ең негізгі автомобиль жолы бекетінде адалдықтың жоқтығы алаңдатады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button