Кейбір курстасым айына жарты миллион теңге табады
Нұр-Сұлтандағы «Көрме» орталығында XVIII халықаралық «Білім және ғылым-2019» көрмесі өтті. Осы іс-шара қатысушыларының бірі, биыл ғана ашылған Astana IT университетінің IT-менеджмент мамандығы студенті Әлихан Әбдікешпен әңгімелесіп, жаңа білім ордасындағы оқудың ерекшеліктері, оған түсудің талаптары және болашақ мамандардың беталысы жайлы сұраған едік.– Әлихан, өзің қай өңірден келдің? Университетке түсерде саған қандай талаптар қойылды?
– Мен Қарағанды қаласының білім-инновация лицейін бітірдім. Қазіргі таңда Astana IT университетінде IT-менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Оқуға түсудің талаптарына келсек, ең әуелі үміткердің ҰБТ немесе КТ сертификаты мен IELTS (кемінде 5,5) сертификаты керек. Өйткені сабақ түгелдей ағылшын тілінде өтеді. Егер IELTS сертификаты болмаса, онда университеттің өзі ұйымдастыратын ағылшын тілінен сынаққа қатысуы қажет. Мен ондағы 100 балдың 90-ын еншіледім. ҰБТ-дан 107 балл жинадым.
– Ең төменгі балл қанша болды?
– Қателеспесем, біздің мамандық бойынша – 93 балл, қалған мамандықтарда 88-89 балл болған секілді.
– Талапкердің болашақ мамандығына, мысалы, бағдарламалауға қатысты қандай да бір тәжірибесі болуы міндетті ме?
– Ол міндетті емес. Біздің арамызда IT саласымен енді ғана танысып жатқандар да, сондай-ақ бірнеше жылдан бері осымен айналысып, олимпиадаларға қатысып, әбден икемделгендер де бар. Әрине, егер ондай тәжірибеңіз бар болса, құжат тапсырарда міндетті түрде көрсетуіңіз қажет. Егер ҰБТ бойынша нәтижелері бірдей болып жатса, жетістіктері бар балаға басымдық беріледі.
– Қазір университетте қанша студент оқиды?
– Бүгінде бізде 614 студент бар.
– Оның бәрі тегін оқи ма?
– Бәрі болмаса да, көпшілігі тегін оқиды. Мәселен, 600-і – мемлекеттік оқу грантының иегерлері. Онымен қоса, ректордың және әкімдіктің арнайы гранттары да бар.
– Ал ақылы бөлімде оқитындар үшін оқудың жылдық бағасы қанша?
– Шамамен 2 миллион теңгедей.
– Университет қандай мамандықтар бойынша студенттерді қабылдайды?
– Computer Science (компьютерлік ғылымдар), Software Engineering (бағдарламалық инженерия), BigData Analysis (үлкен деректер анализі), Industrial Automation (өнеркәсіптік автоматизация), Cyber Security (киберқауіпсіздік), Telecommunication Systems (телекоммуникациялық жүйелер), IT Management (IT-менеджмент), Media Technologies (медиатехнологиялар) деген сегіз мамандық бар.
– Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы университетке арнайы ат басын бұрып, оның беделді әрі білікті мамандар даярлайтын оқу орнына айналатынына сенім арта сөйледі. Осы орайда ондағы білім бағдарламасының ерекшеліктерін айтып берші.
– Біріншіден, біздің университет бакалавриат мамандарын үш жылда даярлайды. Бір жағынан, бұл жайт студенттің уақытын үнемдеуге көмектессе, екінші жағынан, оқуға барынша бел шеше кірісуге итермелейді. Өйткені оқу бағдарламасы үш жылға сығымдалып берілетіндіктен, дедлайндар өте тығыз орналасқан. Сондай-ақ мұнда білікті мұғалімдер сабақ береді. Олардың бірқатары «Болашақ» бағдарламасының түлектері болса, бірқатары – шетелден шақырылған мамандар. Тағы бір айта кетерлігі, Astana IT университеті Astana Hub-пен бір экожүйеде жұмыс істейді. Бұл – егер студенттер қандай да бір стартап бастаса, оны акселерациялауды осы хабта жүзеге асыра алады деген сөз.
– Білуімше, сабақтардың көбі теориядан гөрі практикаға негізделген секілді…
– Иә. Практика барысында әр бағыт бойынша білім алатын студенттер бір топқа біріктіріледі. Сонда, мәселен, біреуі кибершабуылдан қорғайтын жүйені құрастырса, біреуі бағдарламаларын жазады, енді бірі соларға басшылық етеді. Бұл, біріншіден, студенттердің үйренген нәрселерін практикада қолдануға мүмкіндік берсе, екіншіден, олардың бір-бірімен қарым-қатынас құру, топты басқара алу, тайм-менеджментті игеру сияқты қабілеттерін (ағылшынша айтсақ, soft skills) дамытады.
– IT қазірде сұранысқа ие мамандықтардың бірі екені белгілі. Студенттердің арасында сабақпен қатар жұмыс та істеп, кәсіби маман ретінде ысылып үлгергендер бар ма?
– Иә, ондайлар да бар. Мектеп кезінен түрлі олимпиадаларға қатысып, осы саланың қыр-сырына кәдімгідей қаныққан курстастарымның кейбірі сабаққа қосымша түрлі жобалармен де айналысады. Олардың алды осы қабілеттерінің арқасында айына шамамен 400-500 мың теңгеге дейін табыс тауып жүр. Сұранысқа ие мамандық екені осыдан-ақ көрінеді.
– Жатақхана мәселесі қалай шешілген? Барлық студенттер онымен қамтылған ба?
– Студенттер республиканың түкпір-түкпірінен болғандықтан, университет «Экспо Плаза» тұрғын үй кешеніндегі екі апартаментті жалға алуда. Оның оқу орнына жақындығы, әсіресе, елорданың қатал қысында ыңғайлы. Жалға алу құны да онша қымбат емес, айына шамамен 20-25 мың теңгенің көлемінде.
– Студенттердің сабақтан тыс қоғамдық өмірі қалай өтеді?
– Бұл тұрғыда да біздің ішіміз пыспайды десек болады. Бүгінде университетімізде шешендік өнер, робототехника, би, спорт тәрізді әртүрлі салаға бағытталған отыз шақты клуб жұмыс істейді. Мен соның ішіндегі Media Club жетекшісімін. Онда біз университет өмірі туралы медиа контент жасап, оны әлеуметтік желілерде орналастырамыз. Кейде мұғалімдерімізбен бірге театр қойылымдарына барып тұрамыз. Волонтерлікпен де айналысамыз. Әсіресе, «Астана Арена» стадионында болатын футбол матчтары кезінде біздің студенттер көмектесіп жүреді.
– Әңгімеңе рақмет! Оқуда сәттілік!