Басты ақпарат

«КЕЙІПКЕРДІҢ» КЕСАПАТЫ

Мазасыз әлемнің күнделікті бейнесінен ойып орын алып, ақпараттық айдында ерекшеленетін жаңалық азайып бара жатыр. Бір апаттан бір кесапат асып түсіп, өзіңнен зор шыққанның керін келтіріп, кейде тіпті жаңалықты тек айдары арқылы ғана оқу әдетке айналды. Бірақ өткен аптада көңілге оғаш, көзге қораш бір сұмдық оқиға дегенмен басты назарға ілікті.

Сонымен, 20 шілде күні АҚШ-та әйгілі бесаспап кейіпкер Бэтмен туралы «Қара батырдың оралуы» (аударма – kinostan.kz сайтына тиесілі) атты фильмнің тұсаукесері қанды оқиғаға ұласты. Кейін өзін Бэтмен хикаяттарындағы жауыздардың бірі – Джокер деп таныстырған қаныпезер, тура ки­нотеатрда көрермендерді жайра­тып салды. 12 адам өліп, 58 адам жараланды. Сөйтіп, әйгілі Джек Николсон жетесіне жеткізіп, ше­бер сомдаған Джокер бейнесі ендігәрі актерлық хас шеберліктің үлгісі ретінде емес, тұтастай ұлтқа көңілдің кірі, жүрек жарасы ретінде қалып қойды. «Мәңгіге қалды» деп тағы айта алмаймыз. Себебі, АҚШ-тағы қару жөніндегі заңнама әлі де қатардағы азаматтың ар­найы жасаққа бергісіз қарулануына мүмкіндік қалдырып отыр.

Әйгілі «Төртінші «толықтыру»

Сіз бен Біз АҚШ-та мұндай оқиғаның жиі болатынын білеміз. Ендеше, осы қанды оқиғаның қылмыскері қалайша екі тапанша мен сонша винтовкаға қол жеткізген? Ал бұрын болған оқиғалар неліктен АҚШ басшыла­рын атыс құралдарының еркін саудасына тосқауыл қоя алмай отыр?

Сөйтсек, мәселенің кілтипаны тіпті тереңге кететінге ұқсайды. Біріншіден, АҚШ-та қарулану құқығы қатардағы, «екінші деңгейлі» заңнамалармен емес, тура Конституцияда бекітілген! Атап айтқанда, БАҚ-тар мен көркем фильмдерде үнемі айтылатын АҚШ Конституциясына Төртінші Толықтыруда «әрбір азаматтың қарулануға құқығы» тайға басылған таңбадай анық жазылған. Ен­деше дүкеншіге тек жүргізуші куәлігін көрсетіп, башайыңа дейін қаруланудың мүмкіндігі әлі де бар.

Бұл заңды жақтайтындар, АҚШ-ты қазіргідей мықты қылған осы бостандықтың арқасы дейді. Сонау, елдің негізі қаланған жылдарда, тек жеке қаруланған азаматтық милиция жасақтары ғана АҚШ-тың Британ Империясынан тәуелсіздігін сақтап қалыпты-мыс. Ендеше қаруды бәліштей сатып алу мүмкіндігі – әрбір америкалықтың кәдімгідей қадір тұтатын құқығы.

Әрине, мұндай фундаментал­ды құқықты тартып алуға еш Президенттің күші де жетпейді, құлқы да жоқ. Мысалы, осы Бэт­мен туралы фильмге байланысты қанды оқиғадан кейін Өкілдер Палатасының спикері Джон Бо­нэр: «Колорадодағы оқиғаны психикалық ауытқуы бар адам жа­сады, және Президент осы оқиғаға бола(!) қару туралы жаңа заңдар қабылдауға құлқы жоқ екенін білдірді» деген мәлімдеме жасаған болатын. Бұл түсінікті де: жуырда – сайлау, ал сайлау алдында Барак Обама америкалықтардың негізгі құқықтарының бірін тартып алып, беделін түсіргісі келмей отыр.

Қазіргі «пантамастар»

Мұхиттың ар жағындағы мәселені қозғаудың жөні бар. Соңғы 15 жылдықта өз елімізде де қараусыз қалған қарумен болған қанды оқиғалар шаш-етектен. Бұған қоса, осы уақытта көше мәдениетінің де, яки бұзақылық «кодексінің де» жаман жаққа қарай өзгергенін байқаймыз. Екеуара насыбайға бола шекісіп, ақыры атысып тынғандар кәдімгідей үрей тудырады.

Айталық, аға буынға сенсек, олардың жасаған ең әрі «бұзақылығы» – «Біз – пантамаспыз!» деп, пышаққа ұқсас нәрсемен «қорқыту» болыпты (Талғат Кеңесбаев, «Тағдыр»). Бірақ бұзықтығымыз со балалықпен бірге кетті дейді үлкендер. Және «жекпе-жек» пен «кек алудың» қазіргі қанқұйлы нұсқасын көріп, жағасын ұстайды. Статистика бойынша, тек ЖОО, колледж және мектеп қабырғасында 2010 жылы заңсыз қарумен 70-ке тарта қылмыс жасалып, оның 15-і – қайғылы аяқталған. Заңсыз қару-жарақ айналымына тікелей әсер етіп отырған – «қуыстағы темір-терсек ләпкелері» екенін және атап өту ке­рек. Себебі, бағасы жөнінен де, заң жөнінен де әлі де қолжетімсіздеу қаруды алу оңай болмағанмен, ел ішіндегі «ұсталар» травматикалық, помпалық, газ тапаншалары мен мылтықтарын отты қаруға өңін айналдырып беріп, жастардың қыршын кетуіне сеп болуда. Бұған орай, жылда ІІМ ұйымдастыратын қару-жарақ жинау науқанын да атап өту керек. Мұнда бір қызық көрініс бар: тіркелмеген қаруды жыл сайын азаматтарымыз қайдан алып келеді өзі? Қисынға жүгінсек, тапсыры­латын қару жыл сайын азайып, ақыры азаматтардың қолында қару қалмауы тиіс емес пе?

Есі бар есалаң

Қанды оқиға күні-ақ қолға түскен Бэтменнің «қас жауы» «Джокердің» есалаң екені ертеңіне айтылды. Джеймс Холмс есімді қылмыскер дәл норвег Брейвик сияқты миығынан күліп қана сұхбат беріп жатыр. Десек те, қаныпезердің әрекеттерінен сүйікті фильміне ма­хаббаттан есі ауысқан адамнан гөрі, болашағын ойластырып қойған әккіні көбірек аңғаруға болады.

Айталық, бұл қылмыстың аяғы – өлім жазасымен бітетінін ескерген ол, алдын ала өзін ақтауға айғақтар қалдыруға тырысып баққан сияқты. Мысалы, қылмыстан бірнеше күн бұрын өзінің емдеуші-психиатрына хат жазған. Сот алқасы бұл «хат­тан» соң өлім жазасына кесе ал­майтыны анық. «Әрі кеткенде» – өмір бойы бас бостандығынан айырады. Ал оған дейін көңіліміз қаламаса да, осы оқиғаны шай­ып кететін қаншама оқиға өтіп, бұл қылмыс қоғам санасында көмескілене бастайды. Отыз жыл­дан соң қайсыбір мейрамда амнистиямен босатылып, естелік жазады. Өмірінің қалғанын бақуатты өткізуі де кәдік. Себебі, АҚШ Сот жүйесі – біздікіндей – қолмен жасағанды мойынмен көтертетін роман-германдық жүйе емес. АҚШ Сот жүйесі – прецеденттік жүйе. Отыз кісі өлтіріп, Сот алдында жалын­ды сөз сөйлеп құтылып кететін мыңдаған фильмдердің бірін көрген шығарсыз. Ендеше, бұл оқиға да соның кебін киеді деген қауіп бар…

Ерлан ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button