Мәдениет

КЕЙКІ БАТЫРДЫҢ КҮЙЗЕЛІСІ

Астана күніне орай елордада өтіп жатқан «Сахнадан сәлем» театрлардың IV халықаралық фестивалінде Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлының «Құлан қыпшақ Кейкі батыр» атты драмасын көпшілікке ұсынды.

FPK_6239

Кейкі батыр туралы әңгімені бала күнімнен білемін. Біздің елдің қариялары оның ерлігін таңды-таңға ұрып айтатын. Ел аузында «Аманкелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз бар. Әбдіғапар әмір де ақылы кемел кісі болған. Үшеуі де – Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басында тұрған тұлғалар. Кейін үшеуінің өмірі де қуғын-сүргінмен өтіп, кісі қолынан қаза тапты. Мерген жайында өмірден ерте озған жазушы Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» деген классикалық роман жазды.
Кейкінің азан шақырған аты – Нұр­мағамбет. Ұлт-азаттық көтерілісте мергендер жасағын басқарған. Күйік, Доғал, Торғай қаласына шабуыл жасағанда ерліктің ерен үлгісін көрсеткен.
Жалпы, қойылым тарихи бейнеден алысқа кетпеген. Драма авторы батыр туралы ел ішіндегі әңгімелерді әсерлі саралай білген. Кейкінің өр кейпі мен жан-күйзелісі нанымды өрілген. Ақ қашып, қызыл қуған уақыттың бейнесі дәл берілген. Тып-тыныш отырған ауылға тапа-тал түсте қызылдың әскері бүйідей тиіп, ойран-топыр қылады. Оның ішінде батырдың әке-шешесін де атып кетеді. Спектакльде сол оқиғаның барлығы да жан толқытарлық жағдайда көрсетіледі. Көзге жас алмай көру мүмкін емес. Әке-шешесінің басын ұстап отырып, батырдың «жанға-жан, кекке-кек» деп берген серті де сенімді шықты. Содан-ақ, оқиға шиелене түседі.
Халық батыры Аманкелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батырдың басына да бұлт үйіріледі. Ол жан сауғалап, аттан түспей, медиен даланы кезеді. Біресе Ұлытауға, біресе Жыланшық бойына барады. Қайда барса да, қызыл үкіметтің жасағы қыр соңынан қалмайды. Арам ойлы Александр Токарев оны алдап, Торғайға шақырады. Бірақ, оның ойы іске аспайды. Мерген соны сезіп қалып, оны атып кетеді. Оқиға одан сайын қоюлана түседі. Бауыры Шұбар екеуі соңына түскендерді аман қалдырмайды. Шұбардың да ержүрек қыры жақсы ашылған.
Драма толықтай қанды оқиғадан тұрмайды. Арасында адамға ерекше сезім сыйлайтын шуақты сәттер де кездеседі. Әсіресе, Кейкі мен Ақжан сұлудың нәзік махаббатын айтуға болады. Бозбала мен бойжеткен арасындағы пәк көңілдің лебі еседі. Сол сәттер көрерменге жылы әсер қалдырды.
Спектакльде батырмен қатарласып жүрген бір жағымсыз бейне бар. Ол – мергенді әдейі қолға түсіру үшін жіберген қызылдардың жансызы. Дала кезген дәруіш болып батырға кездесіп, оның сеніміне кіріп, түбінде оны ұстап береді. Қызыл әскер аңдып келіп, қолға түсіреді. Мерген жау қолынан мерт болады.
Олар аяғы ауыр Ақжанды да аяусыз өлтіреді. Жауыздар Кейкінің басын кесіп Торғайға жөнелтеді. Одан әрі Орынборға асырады.
Қойылым осы жерден аяқталады. Бірақ, дарынды режиссер Теміржан Жанботаев спектакль соңында сәтті шешім таба білген. Мерген опат болған жерде егемен еліміздің көк байрағы желбіреп тұрады. Расында, Кейкі бабамыз – азаттық үшін арпалысып, басын құрбандыққа шалған бірегей батыр. Спектакльде ойнаған актерлердің барлығы өз рөлдерін тамаша сомдай білді. Тек, Кейкіні сомдаған жігіттің дауысы ептеп құмығыңқы шығып тұрды. Кейбір сөздері көрермендерге түсініксіз естілді. Біз Ақжанды ойнаған актрисаға дән риза болдық.
– Кейкі – аңызға айналған адам. Мен соны шындыққа айналдырғым келді. Тәуелсіздіктің арқасында батыр бабамыз туралы көп айтылып, жазылып жатыр. Осы драмалық дүниемді Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры мен Жезқазған театры 2-3 жылдан бері қойып келеді. Бүгінгі қойылым маған ұнады. Актерлердің өнеріне тәнтімін. Батырдың бейнесі қайта тірілгендей әсерде болдым, – деді драманың авторы Серік Тұрғынбекұлы.
Кеше сондай-ақ, фестиваль аясында Семейдегі Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры көрермендерге «Аң» деп аталатын фантастикалық хикаясын ұсынды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button