Келелі мәселелер талқыланды

Сарыарқа ауданының абаттандыру және даму мәселелері бойынша жиын өтіп, күн тәртібінде келелі мәселелер талқыланды. Бұл туралы мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов мәлім етті.
«Биылғы жылы 255 аула аумағында, сондай-ақ «Көктал» саябағында және оған іргелес орналасқан скверлерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ауданның көше желісінің жалпы ұзындығы – 314 шақырым. Оның 268 көшесінде (284 км, 93%) асфальт жабыны бар, ал 47 көшесінде (18 км, 7%) асфальт төселмеген» деп жазды Е.Каналимов әлеужелідегі парақшасында.
Ол ауданда жедел шешуді қажет ететін мынадай мәселелерді атап айтты: су құбырлары желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы; кәріз жүйесінің тозуы; электр беру желілерінің ескіруі; кабельдік желілердің жұмысына қатысты ақаулар; қоқыс шығаруды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын шығару жүйесін оңтайландыру қажеттілігі; контейнерлік алаңдарды жаңғырту; ауданның сәндік жарықтандыруы үшін бірыңғай формат пен жарық түс гаммасын әзірлеу. «Барлық аталған мәселелерді жан-жақты зерделеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына енгізу қажет» деп сөзін түйіндеді мәслихат төрағасы.