#Жаңа Қазақстан

Келелі мәселелер көкейден шықты

[smartslider3 slider=1790]

Оразгүл МҰХАТОВА, тарих ғылымдарының докторы:

– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 11 қаңтарында Мәжіліс депутаттары мен халық алдында сөйлеген сөзі ертеңімізге деген сенімді күшейтті. 2022 жылдың 4-7 қаңтар күндері елімізде, соның ішінде Алматыда орын алған оқиғалар, бұзақылардың, тонаушылардың, лаңкестердің әрекеті баршамызға сабақ болды. Ең қасіреттісі тәуелсіздігімізге қауіп төнді. Елдігіміз сыналды. Президенттің шұғыл арада сәтті қадамдар жасап, ұтымды шешімдер қабылдауының арқасында мемлекетке төнген қауіп жо­йылды. Сол күні ­Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанның таяу уақыттарда атқарылатын істерін қадап айтты. Қасіретті оқиғаның ел дамуындағы көптеген олқылықтардың бетін ашқандығын тәптіштеп жеткізді. «Ауруын жасырған өледі» дегенді халқымыз бекер айтпаған. Кез келген елдің өркендеуінде кемшіліктер мен олқылықтардың орын алатындығы хақ. Алайда отыз жыл бойы тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрген Қазақстан мемлекетінің қателіктері мен кемшіліктері шаш етектен екендігі мәлім. Көбінесе кейбір адамдардың, одан қалды тұрмыста, отбасында ғана айтылатын әңгімелердің шынайы келбеті ашылып, мемлекет деңгейінде ашып көрсетілгені көпшіліктің көңілінен шықты. Солардың бірі – білім беру сапасының төмендігі. Шындығында да, әсіресе соңғы жылдары білім берудің сапасы күрт төмендеді. Оның себептерін көпшілік тәж вирусына байланысты әлемдік пандемиядан деп санайды. Індеттің әсер еткендігі сөзсіз, дегенмен сапаның төмен түсуінің бірқатар себебін одан бұрынғы уақыттардан іздегеніміз жөн. Ең алдымен кадр мәселесін қозғағанымыз абзал. Мектептерде біліктілігі төмен, білімі саяз ұстаздардың балаларға білім беретіндерінің кездесетіндігін көріп жүрміз. Дипломды ақшаға сатып алып, ешбір тәжірибесіз сабақ беретін мұғалімсымақ балаға қандай білім бермекші?! Оған мектепке жұмысқа пара беру арқылы орналасу фактісін қоссаңыз, арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Мектеп оқулығынан әрі аспайтын мұғалімнің де сапаны көтеруге қосар үлесі мардымсыз екендігі түсінікті. Сонау ХХ ғасырдың 20-30-жылдары, тіпті одан кейінгі кезеңдерде үлкендер бата бергенде «мұғалім бол» деуші еді. Соңғы жылдары, керісінше, ата-­аналары балаларына «мұғалім болма» дегенді қайталаудан жалықпады. Педагогикалық мамандықтарға байқау нәтижесінде өзі таңдаған мамандығына өте алмаған талапкерлер оқуға түскендігі де жасырын емес. Мұның өзі мұғалімнің қоғамдағы мәртебесінен хабар беретіндігі анық. Дегенмен ол турасында арнайы заң қабылдадық. Алайда жағдай өзгере қоймады. Себебі түйткілдің түйіні заң арқылы шешіле қоймасы айқын. Ең алдымен мұғалім мамандығын жеткіншек өзі таңдауы керек. Екіншіден, мұғалім болуға қыздар емес, ер балалардың ұмтылғаны абзал. Нағыз ер азамат тәрбие­леген ұрпақтың рухы мықты болатынына тарих куә. Үшіншіден, болашақ мұғалімдерге жоғары шәкіртақы тағайындалуы тиіс. Төртіншіден, мұғалім мамандығына баулитын арнайы үйірмелер, орталықтар жұмыс істеуі қажет. Бесіншіден, білімді де білікті, тәжірибесі мол, озық ойлы мұғалімдердің қызметі көпшілікке танымал етіліп, насихатталуы керек. Сол кезде жас ұрпақтың бо­йында мұғалім болуға ұмтылыс оянады. Алтыншыдан, мұғалім мамандықтарын даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында оқытылатын пәндер тәжірибеге бағытталуы тиіс. Өкінішке қарай, көптеген жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының мазмұны саяз, бірін-бірі қайталайтын пәндер көп, пәндердің тәжірибеге бағытталуы туралы айтуға да келмейді. Бағдарламаларда көп жағдайда заманауи білім беру үрдісіне сәйкес келмейтін, заман талаптарына сәйкес болашақ педагогтың кәсіби қызметінің тиімділігін арттыруға қажетті пәндер ұсынылмайды. Оған қоса, пәндер сабақтастығына да назар аударыла бермейді. Пәндерді оқытудың нәтижелері назардан тыс қалып жатады. Сол себепті жоғары оқу орындарының басшылары осындай олқылықтарға назар аударғандары абзал. Жетіншіден, бағдарламалар жұмыс берушілерден тыс дайындалады. Мұның өзі бағдарламалар жұмыс берушінің талаптарын ескермей дайындалады дегенді білдіреді. Бәсекелестікке қабілетті мамандар, соның ішінде мұғалімдерді дайындағымыз келсе, білім берудің негіздерін, әдістемесін жетілдіруіміз қажет.

Соңғы жылдары мұғалім мамандарды оқытуда, әсіресе білімін бағалауда көзбояушылықтарға, жалған баға қоюға жол берілген. Оқытушы үшін аралық бақылау­дың немесе емтихан бағасын қою қып-қызыл математика десек қателеспейміз. Студентті шәкірт­ақыдан айырмау үшін қалай болғанда да жақсы баға қою орын алған. Оған қоса, факультет, кафедра басшылары тарапынан сөз естіп, жиналысқа салынбас үшін көтермелеп баға қою етек жайып кеткен. Жағымды баға қоймаған оқытушылардың тәртібін жиналыста қарау, «үлгерімді төмен түсіріп отырсыз» деп жазалау – кез келген оқу орнында бар құбылыс. Сол себепті де тыныш өмір сүріп, қалыпты жағдайда қызмет еткісі келетін оқытушылар студенттің шынайы білімін емес, өз жағдайына алаңдап баға қоюды дәстүрге айналдырып барады. Мұның түбі жақсылыққа әкелмейтіні хақ. Оның зардабын да шеге бастадық. Өндіріске немесе мекемеге қызметке келген жас маманға «оқу орнында саған не үйреткен?!» деген наразылыққа толы налу қалыпты жағдай іспеттес. Шындығында да, мамандықтың теориясын жетік меңгерген жас маманның алған білімін тәжірибеде іске асыра алмай жататын жағдайлары да жиілеп барады. Өйткені тәжірибелер көп жағдайда формалды түрде өткізіледі. Тәжірибеден өткен студенттің құжаттары дұрыс болса болғаны. Тәжірибеден не үйренгені маңызды емес. Жұмыс орындарында жас маманды үйрететін тәлімгерлердің де болмай жататыны немесе «орнымды алып қояды» деген үреймен қасақана үйреткісі келмейтіндердің бар екендігі қынжылтады.

Президентіміз елімізде, соның ішінде батыста бес техникалық оқу орнын ашуды міндеттеді. Мұндай оқу орындарын ашу үшін мамандар қажет екендігі түсінікті.Сондай мамандар қазір магистранттардың, докторанттардың есебінен дайындалуы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың шәкіртақыларын көбейтіп, барлық жағдайларын жасады. Жастар осындай қамқорлыққа заман талаптарына жауап бере алатын маман ретінде жауап беріп, елге адал қызмет етулері керек. Ашылғалы отырған оқу орындарында қызмет етуге дайын болулары тиіс. Көп оқып, көп ізденулері тиіс. Мамандығын машықтап, білімін тереңдету үшін телефонға емес, кітаптарға үңілулері тиіс. Еліміздің ертеңі білімді, тәжірибелі, шығармашыл, бастамашыл жастардың қолында екендігін естен шығармағанымыз жөн. Шетелден қыруар қаржыға маман шақыруға болады, әрине, дегенмен оның да әрқашан ойдағыдай бола бермейтінін көріп жүрміз.

Жаңа Қазақстанда өмір сүріп, қызмет етуді армандамайтындар жоқ секілді. Оны Президенттің сөзін тыңдаған тұрғындардың пікірлерінен анық көріп отырмыз. Ол үшін елге адал қызмет етіп, мемлекеттің өркендеуіне әрқайсысымыз өзімізше үлес қосуымыз қажет. Президент айналасына шоқжұлдыздардай шоғырланып, жұдырықтай болып жұмылып тәуелсіздігімізді, бірлігімізді нығайту үшін еңбек етсек, дамыған әлем елдерінің қатарынан көрінеріміз хақ. Ләйім солай болғай!

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Кеше ғана Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап, бөркімізді аспанға атқан едік. Бірақ шынын айту керек, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты көп нәрсе қордаланып қалды. Президент барлық күш-қайратын салып жатыр. Соның маңайына топтасып, тәуелсіздікке қауіп төндіретін күштерден арылып, жақсы күндерге бет алсақ деген тілек бар. Жемқорларды тазалау керек. Оларға тоқтау қою қажет. Осы күндерге дейін халықтың қазынасы олай да, былай да шашылды. Бастысы, бәрін әділ жолмен шешу керек.

Президент Парламентте сөйлеген сөзінде біраз дұрыс тапсырмалар берді. Мен оны қолдаймын, халық та қолдап отыр. Айналып келгенде, бәрі халықтың тұрмыстық жағ­­да­йына барып тіреледі. Халықтың қарны тоқ, көйлегі көк болса, ешкім көшеге шықпайды. Ел, шынында да, қазір қиын жағдайда отыр. Осының бәрі – жемқорлықтың салдары. Отыз жыл ішінде халыққа талай уәде берілді, көбі орындалмай қалды. Елбасы халыққа Жолдауларды жолдады. Шынын айту керек, мұның да көбісі орындалмады. Жоғарыдан берілген тапсырмалар сиырқұйымшақтанып кетіп, осындай жағдай туындады. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы жолғы тапсырмалары сөз жүзінде қалмай, орындалса екен.

Қазір «демократиялық елміз. Бәлен елдің, түген елдің қатарындамыз» дейміз. Әлем бізге назарын аударып отырғаны да шындық. Дос бар, дұшпан бар дегендей, күлкіге қалмау үшін Президенттің айтқаны орындалып, халықтың әл-ауқаты көтерілсе, тәуелсіздігіміз нығая түседі.

Президент құрбан болған құқық қорғау қызметкерлері отбасына көңіл айтып, отбасына үй беріп жатыр. Бұл – жақсы нәрсе. Бірақ тек полицейлер ғана емес, бала-шағасымен оққа ұшқандар да бар. Оларға да Президентіміз көңіл бөліп, қарапайым халықты да назарға алса деген тілегім бар.

Алмагүл СЕГІЗБАЙ, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

– Nur Otan партиясы мүшелері осы күндері алдыңғы шепте жұмыс істеп отыр. Бұл – депутаттар, Үкімет мүшелері, дәрігерлер, мұғалімдер және ел тұрғындары. Іс жүзінде елдің барлық көшбасшылары – Nur Otan мүшелері. Қызметтік міндеттеріне сәйкес олар жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс істейді.

Nur Otan партиясы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің төрайымы ретінде Мәжіліс отырысында Президенттің сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы айтқан сөздері мен үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы «Мектептерді материалдық ресурстармен қалай қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі!» деп атап өтті.

Президент мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешенімен үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Президентіміз Қасым-Жомарт ­Кемелұлы Тоқаевтың барлық тапсырмалары Үкіметтің жаңа тұлғаларының зор жауапкершілікпен орындалатынына сенімдімін!

Төлеген ҚУАНЫШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісі І шақырылымының депутаты:

– Өткен жылдың соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өттік. 30 жылдың ішінде елімізде болған талай қуаныш пен қиын кезеңдерді бастан өткердік. Жылдың басында еліміздің батыс өңірінде, Жаңаөзен қаласы тұрғындарының шеруінен басталып, аяғы келеңсіз азаматтар жағдайды пайдаланып, әсем қала – Алматы­мызды, еліміздегі бірнеше облыстағы ғимараттарды қиратып кетті. Мұның барлығы мені қатты қынжылтады. Осының салдарынан бейбіт азаматтарымыз және әскери азаматтар қайтыс болғанның куәсі болып жатырмыз. Олардың отбасына көңіл айтамын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтеріп жатқан мәселелердің салмағы орасан зор. Бұл – еліміздегі нағыз сын кезеңі. Дәл осындай кезеңде ел Президентіне қолдауымызды көрсетуіміз керек. Қазақ елі осындайда ауызбіршілік көрсетіп, біздің бейбіт елімізді, заманымызды сақтап қалуға тырысуымыз қажет деп есептеймін.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Еліміздің барлық азаматтары сияқты мен де орын алған оқиғаларға қатты алаңдаймын. Экономиканың одан әрі дамуы, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің жақсаруы үшін еліміздегі тұрақтылық ауадай қажет. Сонда ғана мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері мен Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға болады. Біз Қазақстандағы тұрақсыздықтан пайда көріп отырған арандатушылар, сыртқы күштердің жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыз­ға соғыс керек емес, біз ортақ үйімізде тыныштықты сақ­тауымыз керек. Сондықтан Мемлекет басшысының сая­сатын бүкіл халықтың, барлық озық күштердің қол­дауы бұрынғыдан да маңызды. Үкімет дер кезінде шара қолданса, қоғамымызда орынды көтеріліп жатқан бірқатар мәселелер шешімін таба алар еді деп ойлаймын. Олардың көпшілігі қазір Елбасының жеке араласуынан кейін ғана шешілуде. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықты әлеуметтік қолдаудың басым бағыттарын нақты атап өтті. Және олар орындалады! Еліміздің болашағы әрқайсымызға байланысты.

Маржан ПІРІМБЕТОВА, ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі:

– Қиын-қыстау сәтте, елдігімізге қауіп төнген сын сағатта Президент ­Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әділ шешім қабылдап, дүйім жұртшылықтың көкейін­дегі күдікті сейілтті. Үлкен мазмұнды үндеу жолдады. Бұл халықтың үнімен жалғасын табуда. Барша бейбіт өмірді сүйетін халқымыз өз ойын айтып, пікір білдіріп жатыр.

Үндеуде айтылған келелі мәселелер халықтың көкейінен шықты. Шешімін таппай, көптен бері қордаланған өзекті мәселелердің болашақта халық игілігіне бағытталатыны туралы айтылған ой-пікірлер қарапайым халыққа жігер берді.

Адамзат үшін аса қажетті денсаулық, білім, ­әл-ауқат, мәдениет, ұлттық құндылықтар туралы айтылған ойларын халық қуана қабылдап, қолдауда. Үндеуде жастардың лайықты және тиімді, қажетті мамандықты меңгеруі жолында игі жобалар жасалуына баса назар аударылды.

Мен де Қазақстан халқының азаматы, ардагер ұстаз ретінде Президент үндеуі туралы оң пікірімді білдіремін. Білімді азамат, отандық мұғалімдердің жай-күйін жақсы түсіне білетін Білім және ғылым министрінің өз орнында қалуы Мемлекет басшысының көрегендігі десе болғандай. Мектеп мұғалімдерін қолдауына еліміздің барша білім беру мекемелерінде жоғары баға беріліп жатыр.

Толыққанды мамандық игермеген, өз ана тілін меңгермеген халқы бар елдің болашағы күңгірт болары және анық. Президент қызметіне адал, іскер, аса жауапты іс-әрекеттерге бара алатын, тәуелсіз Қазақстанның, қоғамның өркендеуіне үлес қосатын лауазымды тұлғаларды тани білді. Үкіметтің жаңа құрамынан халық тек жақсылықты күтеді.

Жаңа Қазақстан болашағына сенеміз. Күшіміздің бірлікте екені ата-бабаларымыздан келе жатқан қасиетті ұғым, қастерлі ұран! Бірлік арқылы тәуелсіздігіміздің туы тек көкте желбіреп, төмен түспеуіне баршамыз жұмыла кірісуіміз керек. Бірлік бар жерде баянды тірлік болары анық!

Азамат БАЙТАСОВ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа саясаты туралы үндеуінде жұмыспен қамту саласына ерекше назар аударды. Жастардың жұмыссыздығы басты назарға ілінді. Яғни «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша қатысу ұзақтығы мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту керектігі айтылды. «Жастар тәжірибесі» жобасы ЖОО және колледж түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибеден өтуге бағытталған. Елордада жергілікті бюджетпен қоса жалақы 35 АЕК немесе 107205 теңгені құрайды. «Алғашқы жұмыс орны» – бұл жасы 29-дан аспаған жастар үшін бірінші жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды көрсетуге арналған. Жалақы 20 АЕК немесе 61260 теңгені құрайды. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грантты 200-ден 400 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылды. Мемлекеттік грантқа жұмыссыз адамдар, кәсіпкерлер және бірыңғай жиынтық төлемді төлеген және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен адамдар үміткер бола алады. Бұл шара біздің жастарды қолдауға және азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға үлкен мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде жастар осы бағыт бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында ағымдағы жылы «Жастар практикасы» жобасы аясында қатысушылардың еңбекақысы 40 АЕК – 122 мың теңгеге дейін көбейтіледі. Өту мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін екі есе ұлғайтылады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы 30 АЕК-ке дейін артады, яғни 91 мың теңге болады. Сонымен қатар биылдан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант сомасы 200-ден 400 АЕК-ке дейін екі есеге артады және 1225200 теңгені құрайды. Биыл жастар тәжірибесіне 1084 жұмыс орнына 288 жұмыс беруші және алғашқы жұмыс орны бойынша 700 бос жұмыс орны бар. Бұған 49 жұмыс беруші қатысады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button