Жаңалықтар

Келер жылдар бюджеті жобаланды

Қазақстан Республикасы Бюджеттік кодексінің 75, 76-баптарына сәйкес, Астана қалалық мәслихатының тұрақты комиссиялары Астана қаласының 2014-2016 жылдарға арналған бюджетінің жобасын талқылауға кірісті. Осыған орай, А.Байгенжиннің төрағалығымен мәслихаттың әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүсіпова баяндама жасады. Одан әрі депутаттар қалалық Мәдениет; Туризм, спорт және дене тәрбиесі; Ішкі саясат және Тілдерді дамыту басқармаларының алдағы үш жылға арналған бюджет жобалары мен стратегиялық жоспарларын талқылады.
Алдымен сөз алған қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілепов бағдарламалар бойынша 2014 жылға бюджеттің 500 миллионға көбейгенін, бұл елордада муниципалдық телеарнаның құры­луына байланысты екенін жеткізді. Себебі, бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары көп жағдайда қоғамдық пікір қалыптастыруда айқындаушы фактор ретінде, елде ғана емес, сонымен бірге әлемде орын алған оқиғаларға әсер ете отырып, мемлекет пен қоғам жүйесінде маңызды орын алады. Сондықтан, біздің қаламызға осындай муниципалдық телеарнаның қажеттігі туындап отырғанын айта келе, басқарма басшысы қазіргі таңда қалалық Қаржы басқармасы осы телеарнаны құрып, оның материалдық негізін жасап жатқанын, ал 500 миллион теңге телеарнаның ақпараттық мазмұнына арналатынын, қалған қаражат жылдағы жобалар бойынша жоспарланғанын жеткізді.
Астана қаласындағы Туризм, спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Айталап Қорғамбаевтың айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері мен спорт клубтарына келушілер қатары жыл санап артып келеді. 2011 жылы олардың саны 9 952 болса, өткен жылы 12 267-ні құраған. Халықаралық деңгейдегі және Қазақстан Республикасының спорт шеберлері атағын иеленгендер де көбейгенімен, бұл салада әлі де болса көптеген спорт ғимараттары техникалық жабдықталуы жағынан да, жарыстарды өткізу ережелері мен оқу-жаттықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша да заман талабына сай келмей отыр. Сондай-ақ, Астана тұрғындары санының күн санап өсуімен жаттықтырушы-оқытушы құрамның, білікті мамандар тапшылығы сезіле бастады. Басқарма басшысы алдағы үш жылға жоспарланған бюджет жобасында осы мәселелерді ескерген.
Қалалық Мәдениет және Тілдерді дамыту басқармаларының басшылары да келер жылдың бюджетіне байланысты өз ұсыныстарын білдірді. Халық қалаулылары болса аталмыш басқармалар ұсынған бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің стра­тегиялық жоспарларын мақұлдады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button