Басты ақпаратҚала мен сала

Келешегі кемел қала

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «7 арна» телеарнасына берген сұхбатында елорданың бүгінгі тыныс-тіршілігі, келешектегі даму бағдары туралы жан-жақты айтып берді. Астанада салынып жатқан LRT құрылысы биыл ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр. Қалада көлік инфрақұрылымын дамыту, жолдарды салу, кеңейту, көбейту бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатыр.

Астанада мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы қашан жойылады? LRT игілігін елордалықтар қашан көреді? Жалпы бас қаланың бүгінгі бағыт-бағдары, тыныс-тіршілігі қалай? Астана қаласының әкімі Жеңіс ­Қасым­бек «7 арна» телеарнасындағы «Саясаткер» бағдарламасына берген сұхбатында осы мәселелер туралы баяндады.

– Жеңіс Махмұдұлы, үш бірдей министрлікті басқардыңыз, одан кейін Қарағанды облысының, бүгінде Астана қаласының әкімісіз. Қара­ғанды – 1 миллион 145 мың халқы бар үлкен облыс, Астана тұрғындарының саны 1,5 миллионнан асып кеткен мегаполис. Осы екі өңірді бас­қарғанның қандай айырма­шылығы мен ерекшелігі бар?

– Қарағанды облысын алатын болсақ, ол – үлкен индус­триялдық аймақ. Мысалы, металлургия, түсті металлургия, қара металлургия, көмірі және басқасы бар, әсіресе моноқалаларда көптен келе жатқан проблемалары да аз емес. Ал Астанаға келсек, бұл – жаңа қала.

Қазір елордада ресми түрде 1,5 миллионнан астам халық тұрады. Жыл сайын олардың саны өсіп жатыр. Елордада жылына 35 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Басқа өңірлерден қоныс аударатын адамдар да жетерлік. Бұл инженерлік қана емес, әлеуметтік инфра­құрылымның да дамуын талап етеді, яғни қалаға әлі де мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар керек. Мұндай мәселелер аз емес. Сондықтан екі өңірдің өзіне тән ерекшеліктері бар.

– Президент сенім артып, Астананың тізгінін ұстатқан кезде қобалжу болды ма? Қанша дегенмен үлкен мегаполис, саяси орталық, жан-жақтан ағылып жатқан жұрттар, әртүрлі мінез, әртүрлі проб­лема…

– Әрине, ондай ой болды. Астана – елорда. Сондықтан мұнда талап та өзгеше. Соңғы жылы қалада көптеген халық­аралық деңгейдегі маңызды іс-шаралар өтті. Бұл жерде сұраныс та басқаша.

– Көлік кептелісі десе, Алматы еске түседі, бірақ қазір біздің Астананың кептелісі Алматыдан кем түсіп жатқан жоқ. Осы қалың көлік тығынынан, жалпы тығырықтан шығатын жол бар ма?

– Осындай проблема көп мем­­лекеттердің астаналарында бар. Ең бастысы, қоғамдық көлік саласын дамыту керек. Мысалы, біз соңғы 1,5-2 жылдың ішінде 700 жаңа автобус сатып алдық. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Қоғамдық көлік сапасы жақсы болса, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, жеке меншік көлік азаймайды, бірақ оны сатып алу динамикасы өзгереді. Демек, халық қоғамдық көлікпен көбірек жүретін болады.

Жалпы, қалада көлік инфра­құрылымын дамыту, жолдарды салу, көңейту, көбейту бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Қала билігі осы мәселеге ерекше назар аударуда. Мысалы, былтыр қосымша Тәуелсіздік көпірі ашылды, ол көп мәселені шешті. Бұрын «Мыңжылдық» аллеясына бару үшін қаланы айналып, ескі көпірлер арқылы өту керек еді. Салдарынан Мәңгілік ел, Қонаев, Достық, Сарайшық көшелерінде кептеліс туындайтын. Қазір осы Тәуелсіздік және Ұлы дала көпірлері көп проблеманың алдына алып отыр. Болашақта да бірнеше қосымша көпір
салынатын болады.

– Қалада қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі бар ма?

– Жалпы халықтың саны өсіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе әрі қарай да жалғасын табады. Қалада қоғамдық көлік тапшылығы бар.

– LRT салынып бітсе, қала­дағы қозғалысқа қалай әсер етеді?

– Болашақта осы жеңіл рельсті көліктер бас қаланың фишкасына айналады деп сенеміз. Жалпы бұл елордадағы кептеліс мәселесін шешеді деп жоспарлап отырмыз. Мысалы, Қабанбай батыр даңғылынан өтетін көлік Сығанақ көшесімен оңға бұрылып, «Мыңжылдық» аллеясына барады. Ол жерде көптеген тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Жыл сайын елордада 4 млн шаршы метр үй салынады.

– Құрылыс қашан аяқталады?

– Өздеріңіз көріп жүргендей, биыл LRT құрылысының қарқыны ерекше. Осы динамика сақталса, бір жылдың ішінде бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

– Өзіңіз кептеліске түсіп қаласыз ба?

– Болады. Кешке таман. Жұмысқа ерте келемін. Сондықтан таңертең жұмысқа жету оңайырақ. Бірақ түстің кезінде кейде кептелісте тұратыным бар. Сосын үкімет және орталық мемлекеттік органдар өзеннің арғы бетінде ғой. Сондықтан сол жаққа барғанда анда-санда ондай мәселелер болып тұрады.

– Сізге түсіністікпен қарайтын шығар?

– Кептеліс болса, көпппен бірге тұрамыз. Келесі жылы Мәңгілік елдің бойындағы кептеліс мәселесін шешу үшін қосымша аэропорт жақтан жаңа көпірге баратын жолдың  құрылысын бастаймыз. Ол Мәңгілік ел, Қабанбай, Тұран, Айтматов және жаңа Тәуелсіздік көшесі арқылы жаңа қаланы ескі орталықпен жалғайтын болады.

– Өткен айда Президенттің қабылдауында болғанда Сіз «Тұран» газ жылу станцияның екінші кезеңін аяқтаймыз дедіңіз. Жұмыс қалай жүріп жатыр?

– Жалпы, құрылыс жұмыс­тары толығымен аяқталды. Келесі айдың ортасына дейін станцияны іске қосамыз. Ол қалаға қосымша 250 гКал жылу беретін болады. Былтыр Мемлекет басшысы осы станцияның бірінші кезегін ашқан болатын. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен осындай бірнеше станция салынып жатыр.

Былтыр «Тұран» газ жылу станциясы және Қарағанды қаласына шығатын жолдың бойында тағы бір станция салынды. Биыл «Тельман» станциясының құрылысын бастадық. Ол да алдағы 2,5 жылдың ішінде іске қосылады. Былтыр Тэц-3 құрылысының бірінші кезеңдегі жұмыстары аяқталды. Астана қаласында былтыр қосымша 1100 гКал жылу берілді. Жалпы қала барлығы 4 мыңдай гКал жылуды шығаруға дайын.

– Демек, көмірден құтыламыз ғой?

– Толығымен құтыламыз. «Тұран» газ жылу станциясы, «Тельман» станциясы, ЖЭО-3, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 бәрі газға көшті. Біз қоршаған ортаға кері әсер ететін көмірден бас тартып отырмыз, ол резерв ретінде қалады, бірақ экологияны жақсартуға үлес қосу мақсатында толығымен газға көшіп отырмыз.

– Расында да миграция көбейіп, қаладағы көлік саны артқан сайын экологияның сапасы нашарлай түседі ғой, осы бағытта тағы қандай жос­­парларыңыз бар?

– Жалпы, осыған дейін біз қаладағы қоғамдық көліктерді газға көшірсек, енді электрге қосайын деп жатырмыз. Келесі жылы электрмен жүретін автобустар сатып алуды жоспарлап отырмыз.

– Астананың аймағындағы Жасыл белдеулер керемет қой. Алдағы уақытта айналаны жасылдандыру, тал терек, ағаштарды отырғызу тоқтамайтын шығар?

– Жоқ, тоқтамайды. Биыл қалада бір миллионнан астам әртүрлі жасыл желектер отыр­ғыздық. Ол тек қаланың ішінде ғана емес, сонымен бірге тұрғын алаптарда да жүзеге асырылды. Келесі жылы бұл жұмыс екі есе көбейеді.

Өткен жылдың тамыз айындағы Президенттің тапсырмасы негізінде алдағы бес жылдың ішінде Астананы үлкен бір сая­баққа айналдыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы аясында биыл тек қаланың коммуналдық мекемелері ғана емес, бизнес өкілдері, қала тұрғындары да қолдау білдіріп, осы бағытта көп жұмыс атқарылды.

– Жеңіс Махмұдұлы, шаһарда күйіп тұрған екі мәселе болса, оның бірі жылу және су тапшылығы. Сол су тап­шы­лығы мәселесін қала басшы­лығы қалай шешіп жатыр?

– Ауызсу бойынша қалада ешқандай тапшылық жоқ. Алдағы 4-5 жылға 1 профицит, яғни 120 текше метр су профициті бар. Жылу бойынша станциялар салынып жатыр, бұған дейін салынды да. Бізде жылу бойынша да тапшылық жоқ. Кәріз мәселесі де өзінің шешімін тауып жатыр. Келесі жылы біз КОС-2-нің құрылысын бастаймыз. Ол қаланың шетінде орналасады және бұл жұмыс төрт жылдың ішінде аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

– Қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығына да жерасты паркингін салуы керек пе?

– Иә, өткен ақпан айынан бастап қалада жаңа ереже бойынша паркингсіз тұрғын үйлер салынбайды.

– Басқа да қандай әлеуметтік нысандар салынады? Құрылысы ұзаққа созылған және апатты үйлердің мәселесі қалай шешіледі?

– Астана қаласы үшін әсіресе үлескерлер мәселесі – үлкен проблема. Мысалы, былтыр қалада 4 мыңнан астам үлес­кер болса, олардың мәселесі толығымен шешіліп, биыл желтоқсан айында соңғы құрылысы ұзаққа созылған үйлердің иелері қолдарына көптен күткен кілттерін алады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын олардың саны 16 мың, былтыр 4 мың болатын. Биыл бұл мәселе толығымен шешіледі. Болашақта мұндай проблема болмас үшін Парламентте бірнеше заң жобасы қаралуда. Алдағы уақытта олар шешіледі деген ойдамын.

Әлеуметтік нысандарға келсек, қаладағы соңғы аурухана 2012 жылы салынған. Әрине, республикалық орталықтар көмегін аяп жатқан жоқ. Жыл сайын елордада кем дегенде үш-төрт емхана тұрғызылуда. Оның ішінде жеке меншіктері де бар. Биыл Астанада үлкен мемлекеттік аурухананың жобалау жұмыстары басталды. Президенттің тапсырмасымен және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен келесі жылы орталықта осы ғимарат­тың құрылысы басталады деп жос­парлап отырмыз. Ол Түркістан көшесінің бойындағы Ботаникалық бақтың қасында орналасады.

Астанада биыл 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның 9-ы – «Жайлы мектеп». Қала өсіп келеді. Жас отбасылар көп. Осы жылы 28 мың бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығын аттады. 10 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Жыл сайын жаңа мектеп салынуда. Бұл ретте маман тапшылығы – үлкен мәселе. Жыл сайын педагогтарды дайындау үшін қала әкімдігі 1 мыңнан астам арнайы грант береді және Президенттің тапсырмасымен қазір Астанада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филиалы ашылды және алдағы уақытта қосымша тағы бір жоғары оқу орны ашылады.

– Қалада жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Қазір қалада 70 мыңнан астам студент бар. Біздің жоспарымыз бойынша алдағы үш-төрт жылдың ішінде 13 мыңнан астам орын беріледі. Оның ішінде бюджеттік және жекеменшік те бар. Соңғы салынып жатқан жатақханалардың сапасы ерекше жоғары: соңғы заман талаптарына толығымен сай, ішінде интернет, заманауи техника, асханалары, жатын бөлмелері бәрі басқаша, балалардың өздеріне ұнайды. Биыл жыл соңына дейін 4,5 мың орын беріледі.

– Бүгінгі таңда Астанада қанша бүлдіршін балабақша кезегінде тұр?

– 30 мыңдай. Жыл сайын 40-50 балабақша іске қосылады. Бұл – көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы шағын орталықтар. 2017 жылдан бастап қалада үлкен мемлекеттік балабақша салынбаған. Енді оны қолға алып жатырмыз. Биыл қалада 10 мемлекеттік балабақшаның құрылысы басталды. Оның үшеуі келесі жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

– Елордада Оқушылар сарайының тарлық ететіні рас. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Былтыр біз арнайы бағдарлама қабылдадық, соның негізінде алдағы үш-төрт жылда Астанада осындай 15 сарай ашу жоспарлануда. Биыл Тұран даңғылының бойында және «Жастар» саябағының қасында екі сарай ашылды. Олардың екеуі де – жекеменшік. Қазір біз жергілікті бюджет арқылы қосымша осындай 3 сарайдың құрылысын бастадық. Жоспар бойынша ол бір жылдың ішінде бітеді деп көзделіп отыр.

– Жеңіс Махмұдұлы, Сіз Қазақ мемлекеттік сәулет­-құрылыс академиясын сәулет­ші-дизайнер мамандығы бойынша бітіріпсіз. Жалпы Астанада өзіңізге архитектуралық жағынан қандай ғимарат ұнайды?

– Жаңа қала. Елордада ерекше әдемі ғимараттар бар. Оның ішінде «Хан шатыр», заманауи тұрғын үй кешендері, айта берсек, көп. Соңғы жылдары біз абаттандыру және көгалдандыруға барынша назар аударып отырмыз. Мысалы, Мәңгілік ел көшесі – бас қаланың келбеті, Астана – еліміздің жарқын келбеті. Президенттің тапсырмасы және қала тұрғындарының талабы бойынша бас қаланың ерекше дизайн коды әзірленді, соған сәйкес елорданың сырт­қы келбетін ретке келтіру жұмыстары белсенді жалғасуда.

Жалпы, Астана – мүмкіндіктер қаласы. Елорда тұрғындары осы жерде армандарын орындау­ға талпынады. Менің міндетім – әкім ретінде соған үлесімді қосып, Мемлекет басшысының сенімін ақтап, астаналықтардың тіршілігін жайлы ету.

Дайындаған

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button