Басты ақпаратҚоғам

Келешек үшін маңызды жоба

Қазір қоғамда «атом энергетикасы қаншалықты қажет?» деген тақырып қызу талқылануда. Шындығында, бүгінде елімізде таңғы және кешкі уақытта энергия дефициті орын алуда. Энергия тапшылығын толтыру үшін көршілес мемлекеттерден электр қуатын сатып алуға мәжбүрміз. 

Қазақстанды энергетикалық тұрғыда солтүстік, оңтүстік және батыс өңірлері деп бөлсек, солтүстікте энергия көлемі жеткілікті мөлшерде, оңтүстік және батыста керісінше, электр энергиясы тапшы. Энергетика министрлігінің деректері бо­йынша электр энергиясының тәуліктік тапшылығы 1200 мегаватт қуатқа жетеді (бұл қуат шамамен 600-800 мың адам тұратын үлкен қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алады). Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы шешімді – бейбіт атомды ұсынады. Атом энергетикасы – тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз ететін болжамды баға бойынша тұрақты энергия өндірудің бірден-бір көзі.

Сыртқа тәуелді болу энергетикалық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді. Сондықтан жаңа базалық генерация көздері керек-ақ. АЭС – соның бірден-бір түрі. Бүгінде әлемнің 32 елінде 415 пайыз энергетикалық ­реак­тор жұмыс істеп тұр. Оның 74 пайызы – қысым астындағы жеңіл су реакторлары.

Әлемдегі АЭС-тің 70 жылдық тарихында 3 елде төтенше жағдай болды. Біріншісі – Три-Майл-Айлендте, екіншісі – Чернобыльде, үшіншісі Фукусима-1 станциясында орын алды. Алғашқы екеуі атом станциясының алғашқы буынына жатса, соңғысына табиғи жағдай әсер етті.

Ядролық физика саласы ғалымдарының пікірінше, қазір­гі АЭС-тер 3 және 3+ буынына жатады. Бұлар қауіпсіздіктің барлық талабына жауап береді. Реакторлар толық автоматтанған. Егер АЭС-тің бір құры­лымынан ақау шықса, ав­томатты түрде жұмысты өзі уақытша сөндіреді екен.

АЭС «жасыл» энергия көзіне жатады. Сонымен бірге атом энергетикасы – ғылым мен білімнің дамуына, сабақтас салаларда жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін жоғары технологиялық сала.

Қазақстандағы энергия тап­шылығы мәселесін шешкен кезде атом энергетикасының артықшылығын ескерген жөн. Мысалы, ядролық отынға қолданылатын 1 килограмм уран толық жанған кезде 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай шығаратындай энергия бөлетінін айтады ғалымдар.

Тағы да ғылыми тұжырым­далған пікірлерге сүйенер болсақ, жаңа заманауи АЭС-тер 9 балға дейінгі жер сілкі­нісіне және басқа да табиғат құбылыстарынан қорғауға арналған. Заманауи АЭС-тердегі апаттардың ықтималдығы 10 миллион жыл жұмыс істегенде 1 апаттан кемді құрайды. Мысалы, ЖЭО-да көмірдің жарылу ықтималдығы 80 есе жоғары. Әрбір заманауи АЭС-те ядролық реактордың қорғаныс қабықшасы, станциядағы төтенше жағдайлар кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғы бар.

АЭС-тердің қоршаған ортаға және халыққа әсерін болжамды бағалау әсер етудің жоспарланған деңгейлері нормативтік құжаттармен реттелетін рұқсат етілген мәндерден айтарлықтай төмен екенін көрсетеді. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, АЭС жұмыс істеуі өңірдің табиғи ортасы мен халқына кері әсерін тигізбейді деп сенім артуға болады. Мұның барлығы – ядролық физика саласы мамандарының пікірлері мен ашық дереккөздеріндегі мәліметтер.

Атом энергетикасының өсіп келе жатқан жаһандық үрдіс екенін түсіну маңызды. Қатты отынды ұтымды ауыстыру ретінде бейбіт атомдарды қолдануға тырысып жатқан елдердің саны артып келеді. Оның ішінде Қазақстанның көршілері де бар екенін атап өткен жөн. Осылайша, Өзбекстан қазірдің өзінде АЭС құрылысы туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл қазіргі уақытта құрылыс мәселесі ерекше өзекті екенін білдіреді: уақыт жоғалтқан жағдайда Қазақстанда аутсайдер болып қалу және кейіннен тәуелді жағдайға тап болу қаупі туындауы мүмкін.

Көп адам біле бермейді, біздің елде энергетикалық реактор, бірнеше зерттеу ­реакторы жұмыс істейді. Ақтауда БН-350 деген энергетикалық реактор болған-ды. 1964 жылы құрылысы басталып, 1973 жылы станциядан электр энергиясы өндіріле бастады. 1994 жылы жабылды. Яғни біздің елдің тәжірибесінде АЭС болды. Ал зерттеу реакторы Алатауда және Курчатовта бар. Олай болса біздің елде тәжі­рибелі мамандар бар. Бүгінде отандық мамандар Жапония мен Франция секілді елдерде инновациялық атом электр станциялары жобаларына қатысатынын жақсы білеміз.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ядролық физика кафедрасы бар. Аталған оқу орындары жыл сайын 100-150 бакалавр мамандарын шығарады. Одан бөлек, 50 магистрант, 15 докторант білім алады. Өзімнің бір перзентім де 2022 жылы әл-Фараби университетін «ядролық физика» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алды. Сол себепті сала мамандарын дайындау деңгейінен аз-кем хабарым бар.

АЭС-ті өзіміз салмайтынымыз анық. Атом энергетикасы саласында тәжірибесі бар жетекші елдің компаниясы салады. АЭС-тің салу барысын МАГАТЭ толық қадағалайды. Қаражаттың шығыны үш деңгейлі тексеруден өтеді. Соның бірі Дүниежүзілік банктің қарауында болады.

«Қазатомөнеркәсіп» уранның дайын өнімін өңдейді. Екіншіден, Үлбіде ядролық отын жиналып, шығарылады. Үшіншіден, жарты ғасырдан астам уақыт атом реакторлары жұмыс істеп тұр. Төртіншіден, атом саласының ғалымдары бар. Ендігі қадам – «жасыл» энергия беретін АЭС салу қажеттігі.

Ғылыми қауымдастықпен өт­кен жиыннан өзіндік көзқарасымды қалыптастырып, энергетика саласының мамандарымен пікір алмасып, осындай ой түйдім. Осы орайда Қазақстан азаматтарының барлығы бір кісідей жалпыұлттық референдумға қатысып, елдік мүддеге тікелей қатысы бар маңызды шараға атсалысуы қажет. Себебі мемлекетіміздің кемел келешегі жолында дұрыс таңдау жасауымыз үшін әрбіріміздің дауысымыз маңызды болмақ.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button