Басты ақпаратСұхбат

КЕЛЕШЕККЕ СЕНІММЕН ҚАРАЙМЫЗ

123

Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып таныған ел – Түркия болатын. Бауырмал елдің бұл қадамы барша қазақстандықтардың әлі есінде. Арада өткен 25 жылдың белесіндегі екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасы жайында білмек болып, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уяныкпен кездесіп, сұхбаттасқан едік. Елші мырза: «Біздің ел – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекет мәртебесіне ие болды. Оны біздер де мақтан тұтамыз» деп жылы лебізін білдірді. Ол екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орныққан сәттен бастап, саяси-мәдени, сауда-экономикалық саладағы ынтымағымыздың артуы – тамыры бір елдердің тарихи сабақтастығының жаңа дәуірде жаңа сипатқа ие болғанының белгісінен деп бағасын берді.

– Түріктер Қазақстанды «Атажұр­тымыз» деп есептейді. Бүкіл түркі әлемінің қара шаңырағы – қазақ жеріне келген әрбір түркиялық «атажұртқа» келдік деп қуанады. Тәуелсіздігін алғаннан кейін қысқа мерзім ішінде Қазақстан Түркия үшін осы аймақтағы ең маңызды стратегиялық, саяси және экономика сала­сындағы өте сенімді серіктеске айналды.
Ширек ғасырлық тарихқа айналған Қазақстан мен Түркияның достық байланысы екі елдің ұстанымына негізделген мемлекетаралық келісімдердің аясында жүзеге асырылуда. 2011 жылдан бас­тап жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық Кеңесі құрылды. Бұл ынтымақтастық екі ел басшысының эгидасымен атқарылады. Бұдан бөлек, ресми ведомствоаралық, мемлекеттік емес ұйымдардың арасындағы байланыстармен қатар, достық қарым-қатынастар қарапайым халық арасында да нығайып келеді.
Тек қана екі ел емес, қазақ жерінде тамыры бір түркі мемлекеттерінің достығының берік негізі қаланды деуге болады. Аймақтағы халықаралық платформалар, Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түрік парламеттік ассамблеясы, Астанадағы халықаралық Түркі Академиясы қызметтерін түркі тілдес елдердің арасындағы жұмысты алға апаратын тиімді тетіктер деп қарауға болады. Қазақстан Республикасының халықаралық дипломатия аясында атқарылған жұмыстары нәтижесінде Қазақстан Орта Азия елдері арасынан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайлануын айтар едім. Бұл, әрине, біздер үшін де қуанышты хабар. БҰҰ-ның ең жоғары шешім қабылдаушы орган арқылы Қазақстанның да, осы аймақтың мүддесіне өкілдік ету үшін жақсы мүмкіндік.
– Бас қаламыздың бүгінгі сәулетінде түрік ағайындардың айрықша қолтаңбасын айта кеткеніміз жөн болар.
– Астана – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің, Қазақстан тәуелсіздігінің символы, ел дамуының жарқын көрсеткіші деп санаймын. ХХІ ғасырдың символы ретінде құрылған Астана қазақ халқының мақсаттарын да бейнелейді. Расында да, Түркияның ірі компаниялары, іскер азаматтары қала құрылысына өз үлестерін қосты. Бүгінде ЭКСПО-2017 даярлық жұмыстары шеңберінде қазақстандық бауырлармен бірге түрік құрылысшылары, сәулетшілері мен инженерлері бірлесе жұмыс істеп жатыр. Көрмеге Түркия Республикасы да қатысып, осы халықаралық шараның жақсы өтуіне атсалысуды көздейді.
– Алдағы уақытта да түрік кәсіпкерлері еліміздің бас қаласына инвестиция құйып, аймақты бірлесе дамытуға қаншалықты мүдделі?
– Жалпы, елдердің экономикалық қарым-қатынастарының әлеуеті өте зор. Осы күнге дейін Түркия Қазақстанда 2 миллиардтан астам тікелей инвестиция жасады. Сондай-ақ, құрылыс секторында жүзеге асырылған жобалардың көлемі 20 миллиард доллардан асты. Құрылыс секторында 475 жоба сәтті аяқталды. Бұл статистикалық мәлімет. Астанадағы арнайы экономикалық аймағында біріккен кәсіпорындар, республиканың оңтүстік, шығыс, батыс облыстарында түрік капиталымен құрылған 555 кәсіпорын жұмыс істейді.
2015 жылы екіжақты сауда айналымы 2,5 млрд доллар көлеміне жетті. Алдағы уақытта екі елдің тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз.

Экономикалық синергия деп аталатын, аймақтардың дамуына серпін беретін үлкен жобалар елдеріңізде атқарылуда. Осыған байланысты, Азия-Еуропа арасындағы сауда саласында және тарихи «Жібек Жолының» жаңғыртылуында Қазақстан арқылы өтетін көліктік дәліздердің логистикалық және транзиттік әлеуетінің болашағын жақсы бағалаймыз. Осы келешегі бар жобалар бір-бірін толықтыратын және бәріміз үшін де пайдалы болады. Осыған орай, шығыс-батыс ендігінде Қазақстанның, Ақтау порты және Каспий арқылы өтетін орталық дәліздің ортасы ретінде маңызы зор. Қазақстанды Каспий және Кавказ арқылы Түркияға және Еуропаға байланыстырады.
Ширек ғасырлық дамуымызда жаңа межелерді белгілей бастадық. Осы тұрғыда «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» бағдарламалары түркі инвесторлары үшін де маңызды деп айтуға болады. Алдағы уақытта қай салаларға басымдық беріледі, онда шетелдік кәсіпорындардың үлесі қалай көрініс табады, қызмет көрсету секторындағы үдерістер, туризмді дамыту – мұның бәрінде біздің тарапымыздан қызығушылық танытуда. Осы орайда, сүбелі жобаларды ұсына аламыз деп ойлаймын.
– Екі елдің гуманитарлық саладағы жетістіктері де оң бағасын алуда. Руханият байланыстығының көкжиектері қандай?
– Біздің елдердің рухани бұлағы бір. Сонау Орхон және көк түріктер қағанаты жазбаларынан бастап тарихымыз бірге өріліп келді. Рухани ұстаздарымыз – Қорқыт ата, Қожа Ахмет Ясауиді бірдей құрметтейміз. Биыл ЮНЕСКО тарапынан «Ясауи жылы» деп аталып отыр. Ясауи шәкірттері біздің жерге ислам негіздерін жеткізді. Мәулана, Юнус Эмре секілді тұлғаларымыз Ясауиді ұстазымыз деп есептеп, оның мұрасын бізге таратқан.
Бүгінде ислам дінін терроризм мен экстремизммен байланыстырады. Бұл ретте, Түркияның көзқарасы айқын, бейбітшілік және төзімділік діні – ислам дінін терроризм мен экстремизммен сыйыстыру немесе қатар қою қабылданар емес. Рамазан айынан бір күн бұрын Ақтөбедегі, қасиетті айдағы Түркия әуежайында болған террорлық шабуыл өкінішті жағдай. Бұл шабуылдарды атқарғандардың ислам дінімен байланысы бола алмайды. Терроризммен күрес жүргізуде басынан бастап Қазақстанмен бірге болдық және әрі қарай да осы бағытта ынтымақтастықты жалғастыратын боламыз. Ясауи ілімінің мұрагерлері ретінде ұлы ойшыл дәріптеген бейбітшілік, бауырластық, сүйіспеншілік қағидаттары бойынша, ең әуелі, Қазақстанмен және Түркі әлемінің елдерімен бірігіп, ісімізді жалғастырамыз.
Қорыта айтқанда, Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастығы бауырлас елдер ретінде бұдан әрі де нығая беретініне сенім артамын. Біз келешекке сеніммен қараймыз.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

2 пікірлер

Пікір үстеу

Back to top button