Әлеумет

Келiмбетов кеңiстiгi

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң түркi академиясында «Түркi халықтарының ежелгi әдеби жәдiгерлiктерi және Немат Келiмбетов шығармашылығы» тақырыбында ғылыми-тәжiрибелiк конференция болды. Ғалымдар, қаламгер шығармашылығын әр қырынан талдап, оның өлмес мұрасына лайықты баға бердi.
Елiмiзде – «Құрмет» орденiмен (2001 жылы), халықаралық дәрежеде –Ф.Кафка атындағы Еуропа қоғамының алтын белгiсiмен (2010 жылы) марапатталған Немат Келiмбетов – түркiтанушы-ғалым, жазушы, сонымен қатар, қоғам қайраткерi. Тағдыры тауқымет үстiнде өтсе де, қаламгер ешқашан мойымаған. Отыз бес жасында күрделi ота жасатқаннан кейiн ұзақ жылдар бойы ауру азабын тартты. Әйтсе де, тұлғалық iрiлiгiн сақтай бiлдi. Тән азабын тартып, жаны қиналған жылдарын да адам рухын жанитын керемет көркем дүниеге айналдырды.
Ғұмырында «тағдырдың дауылы соққан кезде тамыры терең адам ғана ұшып кетпей, аман қалады» деп, болмыс биiктiгi мен таным тереңдiгiне ұмтылған ол қазақ әдебиетiне тыңнан түрен салған. Күлтегiн дәуiрiнен бе-рiректен басталып жүрген әдебиет тарихын сонау сақ, ғұн дәуiрiне дейiн тартты. Солайша, өзiнiң ғылыми дәйектi еңбектерiмен қазақтың бертiнде ғана пайда болған, тамырсыз халық емес екенiн, қазақ тарихының, әдебиет тарихының сан ғасырды қамтитынын дәлелдедi. Сол еңбектiң жемiсi – «Ежелгi дәуiр әдебиетi» бүгiнде студенттердiң қолынан түспейтiн оқулыққа айналды.
Жиын барысында Шәкiр Ыбыраев, Ғарифолла Есiм, Сауытбек Абдрахманов, Шерубай Құрманбайұлы, тағы да басқа қалам қайраткерлерi, түрколог-ғалымдар баяндама жасаған. Жазушы-ғалымның шығармашылығын қамтыған кiтап көрмесi де ұйымдастырылды.
P.S.
Немат Келiмбетов 1937 жылдың 4 сәуiрi күнi туған. Көзi тiрi болса, биыл 75 жасқа толар едi… Тұлғаның туған күнiне орайластырылған ғылыми конференцияға тұяғы – ҚР Үкiмет басшысының орынбасары Қайрат Келiмбетов те келiп қатысты.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button