Әлеумет

КЕЛІМСЕКТЕРДЕН КЕСЕЛ БАР МА?

Жуырда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар қатарында көші-қонды бақылаудың біріктірілген жүйесін жасау жұмыстарын тездетуді тапсырған болатын. Осыған орай бұрнағы күні Астанада «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның іске асырылуы, келешегі және жетілдіру жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі ұйымдастырылды.

ERM_3313

Жиынға Астана қаласы әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым, Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай қоғамы, елордалық Ішкі істер департаменті мен Көші-қон полициясы басқармасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, этномәдени бірлестіктер өкілдері және жергілікті мәслихат депутаттары қатысты. Олар бас шаһардағы әлеуметтік тұрақтылыққа еңбек миграциясының әсерін және еңбек көші-қоны туралы заңдарға қатысты мәселелерді талқылады.

«Қырғызстан-Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаиловтың айтуынша, елімізге жыл сайын миллионнан астам мигрант келеді екен. Бұл жерде көші-қон полициясының статистикасына Қазақстанға екі аптаға келгендер де кіретінін ескеру керек. Сондай-ақ, транзит арқылы өзге мемлекетке өткендер де осы мониторингте қамтылады. Мәселен, Қырғызстан азаматы Петропавл қаласымен Ресейге шығатын болса, ол да есепке алынады.

ERM_3273

– Қырғызстаннан жылына елу мыңнан аса еңбек мигранты келеді. Өзбекстандықтардың саны бұдан да көп. Мұны бізде қалыптасқан саяси және экономикалық тұрақтылықпен қатыстыруға болады. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін айыр қалпақты ағайындардың Қазақстан аумағына енуі жеңілдеді. Жалпы, Қазақстанға тартылатын мигранттардың көш басында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан тұр. Соңғы саяси жағдайларға байланысты Украинадан  келетіндердің де саны артқан, – деді аталмыш ұйымның басшысы.

Ал Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының Көші-қон бөлімі басшысы Бейімбет Үсіпбек мәлімдеген дерекке сүйенсек, қазіргі таңда Астанаға ТМД елдері мен Қытай, Моңғолия және Ауғанстаннан келетіндер қатары артуда. Бір  жылда шамамен отыз мыңдай мигрант елорда аумағында болады. Осы тұста басқарма маманы олардың жұмысқа орналасуы жайлы пікірімен бөлісті.

– Бұл күндері Астанада жұмыссыздықтың 4,7 пайыздық көрсеткіші тіркелген. Аса қорқынышты цифр емес, әрине. Бірақ сонда да біраз кісілердің  жұмыссыз жүргенін көрсетеді. Сондықтан сырт елдерден жұмыс күшін тартуда мемлекет тарапынан сәл-пәл қаталдық керек секілді.  Оны  қалай реттейміз? Әдетте,  еңбек мигранттарының екі түрі бар. Біріншісі – өз еркімен жұмыс іздеп келушілер болса, екіншісі – белгілі бір компанияның шақыруымен жеткен шетел азаматтары. Міне, соңғы құбылыс қаламыздағы жұмыссыздық факторының азаюына кедергі келтіреді, – деп түйіндеді сөзін ол.

Көші-қон саласының күрмеулі проблемаларын шешу үшін бүгінде Астанада еңбек мигранттарын қолдау мен оқытуға арналған орталық жұмыс істейді. Мекеме биылғы жылдың басынан бері 427 мигрантқа заңдық көмек көрсетіп, кеңес берген. Сонымен бірге, үй жұмысшылары болып қызмет ететін еңбек мигранттарын қолдау мақсатында 82 адамды бала күтуші және гувернантка, 18 адамды аспаз мамандықтары бойынша оқытқан. Бұдан бөлек, мигранттар арасында кісі саудасының алдын алу және сақтандыру жұмыстары да жүргізіледі. Осы жылдың өзінде орталықтың тікелей қатысуымен 6 мигрант еңбек құлдығынан босатылды. Мұнымен қоса, мекеме Қазақстанның Жарты Ай қоғамымен тізе қоса отырып «Мигранттар арасындағы туберкулезді емдеу және трансшекаралық бақылау» атты жобаны қолға алыпты. Соның шеңберінде 258 сыртқы және 70 ішкі мигрант медициналық тексеруден өткізілген.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button