Жаңалықтар

КЕЛІСІМ МЕН ТАТУЛЫҚТЫ БЕЙНЕЛЕГЕН КӨРМЕ

OET_6538

Жақында ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында танымал фотосуретші, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Славян мәдени орталығы басқармасының мүшесі Александр Пархоменконың «Менің Ота­ным – Қазақстан» атты жеке көрмесі өтті.

Музейге қылқалам шеберінің Қазақстанды мекен еткен ұлт өкіл­дерінің өзіне тән ерекшелігін, ұлттық мәдениеттердің сан алуан­дығын, халық шығармашылығын, мерекелері мен салт-дәстүрлерін бейнелейтін 100-ден астам еңбегі қойылды.
«Бұл көрменің тарихи маңызы зор. Себебі, ол Қазақстандағы Ассам­­блея жылында өткізіліп отыр­ғандығымен және халықтар дос­тығын, олардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, береке-бір­лігін насихаттайтындығымен ерек­ше­ленеді» деді көрменің ашылуында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков.
А.Пархоменко өз туындыларын фотосурет­терді кенепке басып шы­ғару жолымен жасап, ондағы әр бейнені жандандыру үшін қыл­қаламның көмегіне жүгініп, түрлі-түсті бояуды асқан шеберлікпен пайдаланған. Сонымен қатар, суретші пейзаж, натюрморт, портрет, т.б. көркемсурет өнерін графика, кескін­деме сынды алуан түрлі жанрмен ұштастырып, голография тәсілін қолдану арқылы фотосуреттің керемет мүмкіндіктерін ашуға талпынады.
– Көрмеге қойылған суреттерде адамдардың көңіл-күйі мен мінез-құлқы көрініс тапқан. Бұл – көрме иесінің шеберлігінің белгісі, – деді Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.
«Бұл – менің Астана қаласында өтіп жатқан үшінші көрмем. Біріншісі – Ресейдің ғылым және мәдениет орталығында, екіншісі, Бейбітшілік және келісім сарайында өткен. Енді, міне, Ұлттық музейде ұйымдастырылып отыр. Әр көрменің өзіндік тақырыбы бар. Бүгінгі көрме еліміздің екі бірдей айтулы мерекесіне – Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналып отыр. Екеуінің де халқымыз үшін маңызы ерекше. Өз суреттерімде сонау қиын-қыстау жылдардағы ата­ларымыздың ерлігін, биік рухын бүгінгі ұрпағына жеткізгім келді», – дейді суретші.
Айтпақшы, көрме мамырдың 14-іне дейін өтеді.

Күнайым СӘКЕН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button