Жаңалықтар

Кемел болашақ кілті – тәрбие мен білім

Тәрбие бағытындағы педагогикалық ұжымның ең басты ерекшелігі – оның кәсіптік қызметіне байланысты, нақтылай айтқанда, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде. Ал кәсіптік қызметіндегі тиімділігі – педагогикалық мәдениетінің деңгейінде, ұжымдық және дербес жауапкершілікті сезінуінде, ұйымшылдық қабілетінде.

Білім беру жүйесін жетілдіру, ең алдымен, оның сапасын арттыру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Сол себепті білім беру ұйымдарында білім сапасын дамыту аясында мына қағидаттарды негізге аламыз:

– мектеп басқарудың дәстүрлі сипатын, құрылымы мен мазмұнын жаңарту;

– оқытудың субъектаралық, бірлесе оқыту түрлеріне сәйкес басқаруды корпоративтік, нәтижеге бағытталу түрінде ұйымдастыру;

– оқыту бағдарламалары мен әдіс­темелерінің өзгермелі жағдайында педагогтардың құзыреттілігін көтеру арқылы үнемі кәсіби-әдістемелік дамыту жолдарын қамтамасыз ету.

Негізінен, тәрбие мазмұнын жаңарту жағдайында педагогикалық ұжымды басқарудың тиімді жолдары қандай? Ұжымды қалай басқара аламыз? Мұндай жағдайда тек ақыл-сана емес, тапқырлық, көшбасшылық, жаңа идеялармен қызықтыру шешуші рөлге ие. Егер де эмоцияға ерік беріп, басқаруды тек бұйрық берумен шектесек, онда ұжым мүшелері өз ойларын ашық айта алмай қалады. Ұжымдық басқаруда өз ойыңды өзгелермен бөлісіп, олардың да ойын тыңдаған әлдеқайда ұтымды. Бұл шешім тың бастамалардың басы болмақ. Ал ұжымды тың идеялармен басқару, өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманда аса қажет. Осы орайда күн санап дамып келе жатқан технологияны пайдалану, сондай ақ жаңа жобаларды ұйымдастыру ұжымды басқарудың тың әдісі болмақ. Бір нәрсені қайталай беру, қағазбастылық қай адамды болмасын жалықтырып жіберетіні анық, сондықтан да басқаруға жаңа көзқараспен қарап, жаңашыл идеялармен қызықтырудың маңызы зор. Мысалы, өзім қызмет жасап жүрген білім ордасында әр түрлі семинарлар, іс-шаралар ұйымдастырылғанда, педагогтардың идеялары тыңдалады, барлық ой сараланып, бір жүйе қалыптасады. Сондай-ақ мектебімізде демократиялық басқару жүйесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды, яғни тәрбие мен ұстаз арасындағы қарым-қатынастың жоғары болуы жолға қойылған.

Өскелең елдің кемел болашағы үшін ең әуелі сапалы тәрбие мен білім қажет. Олай болса, тәрбие жұмысын жүйелі жүргізу үшін білім беру саласы қызметкерлерінің алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды терең меңгеру міндеттері қойылып отыр.

 Қайрат СИРАЖИДЕНҰЛЫ,

Әлкей Марғұлан атындағы

№40 мектеп-лицейі

директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button