Сұхбат

КЕМШIЛIККЕ ЖАСАЛМАЙДЫ КЕҢШIЛIК

_DJ_6684

Еліміздің экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуында соңғы жылдары оң өзгерістер байқалып, отандық және шетелдік сарапшы мамандар тарапынан жоғары баға алып жүргені аян. Әрине, аяқтан тартып, қол байлайтын кемшіліктер де жоқ емес. «Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл» демекші, орын алған олқылықтарды жойып, халықты жасампаз істерге жұмылдыруда саяси сарабдалдық керек-ақ. Міне, бүгін өтетін «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында қоғам тұрмысындағы түйткілді мәселелердің шешімін табу жайы жан-жақты талқыланбақшы. Осыған орай тілшіміз «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметовпен алдын ала тілдескен еді.

– «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі туралы кеңінен әңгімелеп өтсеңіз…

– Еліміздегі ең басты саяси күш – «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысы өткелі жатыр. Бірнеше мәселені қарайтын бұл кеңестің басты бағдарламасы – қоғам алдындағы қауіпсіздік  пен жемқорлыққа қарсы күресті үдету. Осы бағдарламалар барлық бас­тауыш партия ұйымдарында қаралып, қалалық филиалдың партия конференциясында сарапқа салынды. Қалалық, сондай-ақ, аудандық партия ұйымдарынан екі жүзден аса ұсыныс түсті. Біз оларды талқыға салып, өзекті жиырма бір жобаны орталық аппаратқа жібердік. Әрине, осы ұсыныстарды ескере отырып, қазіргі уақытта орталық партия аппараты жаңа бағдарламаларды Саяси кеңеске ұсынып отыр. Бұл, біріншіден, қоғам үшін маңызы зор бағдарлама. Өйткені, біздің бүгінгі таңдағы экономикалық дамуымыз, алдағы уақыттағы мемлекеттің қауіпсіздігі тәрізді өзекті проблемалардың барлығы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге әкеліп отыр.

– Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді бағдарламаның өзекті тақырыбы ретінде алға шығаруға не түрткі болды?

– Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, кейбір басшылар мемлекеттік лауазымын, қызмет бабын асыра пайдаланып, қара басының қамына жарататыны бар. Мемлекеттік  қызметке келгеннен, ресми лауазым берілгеннен кейін мемлекеттік көзқараспен жұмыс істеу керек. Мемлекеттік мүдде ең бірінші орында тұруға тиіс. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қызметке келіп жатқан азаматтармен жұмыс жасап, оларды тәрбиелеген  жөн. Алдына қойған мақсаттарын айқындап беруіміз қажет. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы бұл қажеттілікті өтеуден сырт қала алмайды. Үлкен сенімнің жүгі артылғанын барлық партия мүшелері білгеннен кейін осы бағдарламаны ұсынып отыр. 2015-2025 жылдарға арналған бұл бағдарламада көрсетілген көп қағидаттар келешекте жемқорлыққа қарсы бағытталатын жаңа заңның ішінен орын табады деп ойлаймын. Өйткені, жақында бір топ Парламент депутаттары  жемқорлыққа қарсы жаңа заң жобасын дайындаған еді. Әрине, біз айтып отырған мәселеге байланысты 1997 жылы заң қабылданып, бірнеше өзгерістер де енгізілгені белгілі. Бірақ, ол заң ескірді. Қазіргі қоғамның деңгейі мен сұранысы басқа. Осыны ескере отырып, бір топ депутат – «Нұр Отан» партиясының мүшелері жаңа бағдарламамен үндес заң жобасын ұсынып отыр.

Қоғамның алға жылжып, еліміздің өсіп-өркендеуі  жең ұшынан жалғасар жемқорлық сияқты келеңсіздіктерге тосқауыл қоя білуімізге тікелей байланысты. Сондықтан да барлық өңірден келетін Саяси кеңестің делегаттары, мүшелері бұл мәселені егжей-тегжейлі қарап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Бұл ой еркіндігі мен пікір алуандылығы өрістейтін үлкен бір форум болады деп жоспарланып отыр. Форум барысында мемлекеттің келешегіне қатысты тың талап, соны серпін беретін шешім қабылданатыны анық. Сондықтан, біз партия кеңесінің жұмысына үлкен үмітпен қарап, алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз. Біз, яғни, елордалық партия ұйымының активі осылай ойлайды.

– «Нұр Отан» партиясының Парламент сайлауы алдында қабылданған үлкен тұғырнамасы бар. Партия мүшесі ретінде атқарылып жатқан немесе атқарылуы тиіс бағдарламалар жайында не айтасыз?

– Иә, «Нұр Отан» партиясының 2011 жылғы саяси тұғырнамасын Парламент сайлауының алдында қабылдадық. Өйткені, партия халық алдында сайлау барысындағы өзінің ойларын, тұғырнамасын айту керек еді. Сол себепті, партия 2011-2017 жылдарға арналған мақсаттары мен сол мақсаттарға жету жолында атқарылатын жұмыс жайында халықпен ой бөлісті. Бұл тұғырнамада партияның жоспарлы 9 бағыты қарастырылған. Бұлар – біздің қоғамға қажетті әлеуметтік бағыттар және тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, баянды етуге арналған іс-шаралар. Біріншісі, «Білім және ғылым – табысты болашақтың негізі» деп аталады. Бұл бөлім бойынша 100 мектеп, 100 аурухана мәселесі мен 12 жылдық білім беру әдістемесін өзекті тақырып ретінде алға шығаруға негіз бар.  Бір ғана «Балапан» бағдарламасы бойынша  2010-2014 жылдар аралығында Астана қаласында 100-ден астам балабақша ашылды. Алайда, елордадағы қалыптасқан демографиялық жағдайға байланысты біз бұл салада әлі де елеулі жетістіктерге қол жеткізе алмай жатырмыз. Тек қана ағымдағы жылы 6 мектеп салынып, пайдалануға берілді. 3 мектеп жылдың аяғына дейін салынып бітеді. Осының өзі біздің қаламыздағы 3 ауысымды оқуды тоқтата алмай келеді. Неліктен? Астана халқы күн сайын көбейіп жатыр. Жыл сайын елордада 20 мың бала дүниеге келсе, мектеп табалдырығын 5 мың бала бірден аттайды. Яғни, әр мектеп кемінде 1200 орындық дейтін болсақ, жылына 4 ғимарат салу қажет екен. Бұндай сұраныс қаланың экономикасына, әлеуметтік саласына үлкен салмақ салады. Осы мәселе медицина саласына да қатысты. Былтыр үлкен екі емхана тұрғызылды. Халыққа қазіргі заман талабына сай қызмет ету үшін осының өзі жеткіліксіз болып тұр. Биыл тағы да 3 емхана салынады. Ол да мәселе түйінін түбегейлі шеше алмайды. Қазіргі Қазақстанның денсаулық сақтау саласы бұрынғы қалпынан әлдеқайда алға жылжып, біршама жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жердегі басты проблема – қала халқының ерекше жылдамдықпен өсіп-өнуінде.

Қазақ ақыл-ойының шоғыры әрі шоқтығы саналатын Астанада халықтың күрт өсуіне не себеп? Бұл проблеманың шешілу жолдарын айтып берсеңіз…

– Өзге өңірдегі басшылар жергілікті халықты, жұмысшы кадр­ларды тұрақтандырып, жүйелі жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Өйткені, жұрттың бәрі қолынан іс келсін, келмесін, Астанаға ағылып жатады. Бірақ, бұл қаланың да ресурсы шектеулі. Мысал үшін энергетика, су ресурстары өлшеулі. Астана толассыз өсе алмайды ғой. Біз миллион тұрғыны бар қалаға жақындап қалдық. Урбанистік құбылыс астаналардың барлығына тән. Көптеген елдің астаналары осындай қиыншылықтарды көріп отыр. Дамыған мемлекеттердің тәжірибелерін ескере, елеп-екшей жұмыс атқару керек. Халық көбінесе елордаға жұмыс іздеп келеді. Өңірлерде еңбек ресурстарын бекіту жайы, жабылып жатқан ауылдардың тағдыры бәрімізді алаңдатуға тиіс. Жұмыссыздықты жойып, ауылдағы мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту керек. Өйткені, бұл мәселенің артында еліміздің күш-қуаты, қауіпсіздігі деген ұғым жатыр. Астанаға толассыз келген халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін үлкен өндіріс орталықтары ашылуы тиіс. Ал, ол мүмкін емес. Бұл – өндіруші қала емес, елдің бас қаласы, елордасы.

Қала келешегіне қан жүгіртіп, жан бітірердей қандай өзекті шаруаларды атқарып жатырсыздар?

– Білім саласында үлкен жұмыстар атқарылды. Дуальді, орта кәсіптік білім беру қолға алынып жатыр. Бұл – қуантатын жағдай. Оның жемісін көріп жатырмыз. Экономика саласына келетін болсақ, өздеріңіз білесіздер, Астана 2014 жылы өз шығынын өзі жабатын жағдайға жетті. Алдағы жылы елорда әлемдегі донор қалалардың біріне айналады деген болжам бар. Әсіресе, орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы да жақсы жұмыс істеуде. Инновациялық орталықтар ашылып, дүрбіден бастап локомотивтерді өзі өндіретін жағдайға жетті. Елбасының тапсырмасы бойынша болашақтың талабына сай келетін инфрақұрылым орталықтары салынып жатыр.

Қауіпсіз қала тұғырнамасы бойынша да біршама  жұмыс атқарылды. Қала аулалары мен кіреберістеріне бейнекамералар қойылып, қауіпсіздік ахуалы орнықты. Кез келген әлеуметтік іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың жағдайын жақсарту. Қалада көліктер көбейе түсуде, жол жүргізу ережесіне болса немқұрайлы қарайтын жүргізушілер жетерлік. Соларды тәртіпке шақыратын бағдарламалар қабылдап, жұмыс атқарып жатқан жайымыз бар.

– Саясаткер руханиятты қолдай ма немесе кітап оқығанды ұнатасыз ба?

– Адам баласын жетілдіріп, адамгершіліктен алыстатпайтын тылсым күш болса, ол – руханият деп айтар едім. Бос уақытымда кітап оқуды дағдыға айналдырғанмын. Мамандығым құрылысшы болса да, әдебиеттің ауылынан алыс емеспін. Қалай дегенмен де, сөз түсінетін халықпыз ғой. Жақында Генри Киссинджердің Қытай жайында жазған кітабын оқып шықтым. Өзіміздің қазақ жазушыларының шығармалары да қағыс қалмауға тиіс қой. Қазір Софы Сматаевтың «Елім-ай» кітабын қайтадан оқуға кірістім. Кезінде етене араласып, өсиетін тыңдап өскен Кәкімбек Салықов ақсақалымыздың кітаптарын да үнемі қайталап отырамын.

ҚҰРМЕТТІ АСТАНАЛЫҚТАР МЕН ҚАЛА ҚОНАҚТАРЫ!

2014 жылдың 12 қарашасында «Депутатпен тікелей желі» өткізіледі.

«Нұр Отан» партиясы фракциясының Астана қаласы мәслихатындағы мүшесі Байгенжин Абай Қабатайұлы сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін Сайлауалды тұғырнаманың «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша аймақтағы денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап береді.

Қоғамдық қабылдауға қатысуға ынталы азаматтар 59-78-50 нөміріне хабарласуына болады.

                                       Бағлан Оразалы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button