Басты ақпаратҚоғам

Кененнің тағдырлы тарихы

Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевты білмейтін қазақ кемде-кем. Міне, осындай алты алашқа аты машһүр тұлғаның рухы Астанамызда да асқақтап тұр.  Былтыр ғана елорда төрінде Кенен Әзірбаев пен Жұмекен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында жыршының ескерткіші бой көтерді. Биіктігі – 3,2 метр, ені 70 сантиметрді құраған ескерткіштің авторы мүсінші – Ринат Әбенов.

Шын мәнінде осынау сайын сахара төсінде Тәңірі тамырына өнер құя салғандай, көмейіне бұлбұл ұя салғандай қазақтың әншілері аз болған жоқ. Соның ішіндегі лебізі ақ жамбының күмісіндей, дауысы ақ жорғаның жүрісіндей майда Кененнің орны ерекше. Ол өзінің сол ерекше жаратылыс иесі екенін де ерте білді. Сондықтан ғой «Екі Кенен тумайды, алатауға ексең де» деп жырлайтыны. Айтса айтқандай, қазаққа Құдай екі Кенен берген жоқ.

Керісінше бір Кененінің өзі жерден ауыр тағдыр мен желден жеңіл тәлейдің иесі болды. Амал қанша?! Небәрі он үш жасында «Бозторғай» деп әндеткен бала Кенен өзі де осы ұлы даланың бозторғайына айналарын білген жоқ. Міне, сол аңыз адамның биыл 140 жылдығы.

«Өнер ұлтқа бөлінбейді» дегендей, Кенен қазаққа ғана емес, көршілес қырғызға да ортақ өнер иесі еді. Өйткені қыр­ғыз-қазақ – ежелден тарихы мен тамыры, жүрегі мен бауыры бір ел. Сондықтан да «Құдай қосқан құдамыз, Тәңір қосқан көршіміз» деп, құшағымыз жазылмай сан ғасыр бойы Алатаудың екі қапталын жайлап, төскейде малы, төсекте басы қосылған екі елдің ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қазірге дейін бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Ал екі елдің арасына алтын көпір салған өнерпаздардың ішінде тағы да сол Жамбыл мен Кененнің орны ерекше. Қайсы бір жырда айтылатындай балалары ерте өмірден өткен қаралы Кененнің қайғысын бөлісіп, Оспанқұлдың «Қара кепе өңгеріп, жеті мес қымыз теңгеріп, дүние бізден кетед деп, қара тайын жетектеп» келіп көңіл айтуының да себебі содан.

Аққалпақ еліне алғашқы сапар

Кененнің қырғыз еліне баруының өзі бір аңыз. Бұл туралы толығырақ естіп білу үшін Кененнің немересі «Кенен ата қорының» директоры Мұхтар Әзірбаевтың сөзіне құлақ асалық.

– Кенен атамызды қырғыз еліне алғаш рет 17 жасында бауырлас елдің атақты манабы Шәбденнің асына қазақтың зиялы ұлы, өнерпаз жігіті Еркебай Базарұлы ертіп барған. Ал алғаш рет қырғыз манабының асына келіп, арқаланған ақын Кенен «Көпшілік, тыңда әнімді» деген өлеңін айтып, бүкіл халықты өзінің өнеріне тәнті етеді. Сондай-ақ үлкен жиында қазақтың атақты ақыны Жамбыл Жабаевпен кездесіп, батасын алады.

Сонда алғаш рет қазақтың ұлы жырауы Жамбылды көрген Кенен атам:

Кісі екен алпыс жасты

алқымдаған,

Салдықтың самалымен

салқындаған.

Домбыра ап төңірекке

қарағанда,

От болып екі көзі жарқылдаған, – деп жырлаған екен.

Міне, сол кезде Жамбыл да Кененнің әніне, өнеріне тәнті болып, батасын беріп, өзінің беліндегі күмістен құймаланған кемер белбеуін тарту етіпті. Содан бастап қазақтың екі алыбы 40 жыл бойы үзеңгілес болып өткен, – дейді Мұхтар Бақытұлы.

Кез келген өнер ортасыз дамымайды. Әр таланттың өзінің тамыры, тәрбиеленген мектебі болады. Сол сияқты Кенендей дала дарынының жан-жақты болуына әсер еткен тұлғалар да аз болмады. Әсіресе оның өнеріне тікелей әсер еткен атақты Балуан Шолақты ерекше атап өтуге болады. Атағы жер жарған алып күш иесімен Кенен 1914 жылы танысады. Жетісуға сапарлап келген Балуан Шолақтың жанынан бала Кенен бір сәтке де алыстамай қасында еріп жүреді. Құр еріп жүрмейді, Балуан Шолақтың 12 әнін өз аузынан естіп, одан ат үстінде домбыра тартудың және ән айтудың неше түрлі тәсілін үйренеді. Бұл туралы өзі де неше мәрте айтқанын кейінгі зерттеушілер жазып та, айтып та жүр.

Осы бір кезеңді Кененнің серілік дәуірінің басталған кезі деп айтуға да болады. Алайда Кенен тек қана ойын-күлкі, той-думанда ғана жүрген жоқ. Оның бойында теңдессіз күрескерлік рух болды. Соның арқасында ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде алдыңғы қатарда жүрген ақындардың бірі ретінде танылды. Әрі Қордайдағы Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысты. Көптеген оқиғаны көзбен көрген Әлидің қасында жүріп, әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеді. Сол бір қилы кезеңдерде туындаған «Аттаныңдар!», «Қайран елім қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері осы сөзіміздің дәлелі. Кейін тіпті сол оқиғаға байланысты атақты «Әли батыр» дастанын жазған болатын. Ал Кеңес үкіметі орнаған кезде ол қазақтың белді зиялыларымен қатар, жалынды революционер-большевиктермен бірге болды. Әрі өз ұлтының жастарын білім алуға, ағартушылыққа шақырды. Талабы тасты тескен талант иесі не жазса да қиялдан жазып, ойдан құрастырмады. Қай кезеңде болса да өз шығармасы арқылы сол заманды бейнелеп, халқыны демеу беріп, үн қосып отырды. Мысалы, Кененнің «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Колхоз әні», «Балдай бол» сияқты туындыларынан біз кеңес заманының көрінісін көре аламыз. Міне, осылайша өмір жолы өз елінің тағдырымен бірге өрілген Кенен халқының да, өзі жасаған қоғамның да ықылас пейіліне бөленді. Көзі тірі кезінде еңбегі еленген ол 1937 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Ал 1939 жылы КСРО Композиторлар одағының мүшесі атанады. Сол кезде халық ақындары ішінде екі бірдей одаққа мүше болған адам тек Кенен Әзірбаев болатын. Мұның өзі де ұлы дарын иесінің еңбегінің елеусіз болмағандығынан дерек берсе керек.

Дала бұлбұлының ұясы

Дегенмен Кенен тағдыр тауқыметін аз тартқан жоқ. Өмірдің сан түрлі сынақтарынан өтті. Ол – өзінің алапат өнер иесі екенін сезе тұра, қарапайым қазақтың баласы болып ержетіп, қатардағы халықтың бірі болып өмір сүрген адам. Жар сүйіп жәннат иісін сезініп, бала сүйіп бақыт есігін ашып, ең мейірлі әке де, ең бір нұрлы ата да бола білді. Ал енді бегзада өнер иесінің беймаза күндеріне назар аударсақ, Әкесі Әзірбай Кененді үйлендірмек болып бір байдың қызына құда түседі. Сөйтіп, ел-жұртының жинаған малдарын айдап, құдасының алдына барады. Алайда құдасы қалыңмалды азырқанып, қызын беруден айнып қалады. Сонымен не керек, Кенен әлгі байдың қызы Үлпілдекті алып қашуға бел буып, бір тойда досы Құрақпаймен бірге қызды алып кетеді. Кейін алып қашудың соңы дауға айналып барып зорға басылады. Бұл бастан кешкен оқиғасын кейін Кенен дастан етіп жырлаған. Дегенмен Кененнің бұдан кейін де бақытты өмірі бастала қойған жоқ. Тарам-тарам тағдырын тарқата айтсақ, Үлпілдек анамыз келін болып түскеннен кейін Әзірбай әулетіне Талжібек, Зұлухия, Ұлтай есімді үш қыз дүниеге келеді. Алайда тағдырдың жазуымен үшінші қызын дүние­ге алып келгеннен кейін Үлпілдек сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Ал екінші қызы Зұлухия өнерімен көзге түсіп келе жатқан шағында көз тиіп, қайтыс болады.

Алайда осыншама ауыртпалықтарды көрген Кенен жасымайды. Тағдырдың жазуымен екінші рет тағы да бас құрап, 16 жасар Нәсихаға үйленеді. Бұл туралы Нәсиха апамыз өзінің бір естелігінде: «Ел ішінде әнші, ақын атағы баяғыда тарап кеткен адамның жылы назарына іліккеніме өзімді шексіз бақытты санадым. Сонымен не керек, сөз байласып, үйлендік. Бірінші әйелі Үлпілдек ауру екен. Құдды енемдей болды. Одан туған қыз Талжібек мен келгенде 13-14 жаста екен. Талжібек қайынсіңлімдей, 2-3 жасар Ұлтай тұңғышымдай болып кетті. Үлпілдекпен 2-3 жылдай тату-тәтті өмір сүрдік. Батасын беріп, ризашылықпен қыздарын маған тапсырып жатып көз жұмды. Екі қызды да өзім өсірдім. Екеуін де өз қолымнан ұзаттым» деп жазып қалдырған екен.

Сонымен не керек, Нәсиханы алғаннан кейін, Кенен ұлды болады. Атын Болысбек деп қояды. Бірақ ұлы әншінің қуанышы ұзаққа бармайды. Небәрі сегіз күннен кейін сәбиі шетінеп кетеді. Одан кейін бірер жыл өткен соң Нәсиха тағы да ұл табады. Есімін ырымдап Тұрсын қояды. Алайда Тұрсын да көп ұзамай екі жасқа толар шағында өмірден озады. Қыршыннан қиылған балаларының қилы тағдырынан соң қызығы қайта оралғандай болып, Кененнің шаңырағында тағы бір ұлы дүниеге келіп, атын Базар қояды. Одан араға екі жыл салып Назар туылады. Осы кезде Кенен өзі басшылық қызметте отырған ревком төрағалығынан арыз жазушылардың көптігінен босатылады. Бұл 1928 жылы болатын. Дәл сол жылы Базар 3 жасында, Назар бір жарым жасында, екеуі бірінен соң бірі бір-ақ күнде қайтыс болады.

Сонда қайғыдан қан жұтып, қабырғасы қайысқан Кенен «Базарым-ай, Назарым-ай» деп егіліп жылап, күллі қазақ даласын күңірентеді. Сондағы:

Ақ ешкі, зарланасың лағыңа,

Сүт берген емшегіңнен

шырағыңа,

Қосылып, кел екеуміз

бір жылалық,

Тәңірінің жетер ме екен құлағына, – деген зарлы өлеңнің тарихы осылай шығады.

Базар, Назардың қайғысы Кененнің шаңырағын ғана емес, күллі халықтың қабырғасын қайыстырған оқиға болды. Бірақ қашанда бағымен соры қатар жүретін өмір Кененге деген сынағын мұнымен тоқтатпайды.

1933 жылы Нәсиха анамыз қыз туады. Атын Қырғызбала қояды. Ең өкініштісі, Қырғызбала да небәрі 7 ай ғана өмір сүреді. Міне, осындай келте ғұмыр балаларының тар маңдай тағдырына налыған Кененнің үйінде 1936 жылы тағы бір қуаныш болады. Бұл қуаныштың иесі қыз бала болғандықтан, есімін ырымдап 60, 70, 80, 90 жасқа келген үлкен кісілердің бұтының арасынан өткізіп алады да, атын Төрткемпірбіршал деп қояды. Онысы – Төрт кемпір мен бір шалдың ғұмырын беріп, ұзақ жасасын, көз тимесін дегені.

Осылайша талай тағдырдан кейін Кененнің шаңырағына қуаныш кіргізген Төрткемпірбіршал кейін өзінің атына сыныптастары күлетінін айтқасын оның есімін Төрткен деп өзгертеді. Яғни өзінің есімінің алдыңғы «төрт» дегенін, әкесі Кененнің «кен» деген бөлшегін алып осылай атаған. «Алла Тағала өзі беріп, өзі алады» дегендей, Төрткеннен кейін Кененге Құдай тағы да Көркемжан, Бақытжан деген ұлдарды береді. Бір қызығы, Кенен Әзірбаев 65 жасында, әйелі 43-ке келгенде отбасында Ақтамақ деген қыз дүниеге келеді. Артынша 1951 жылы Кенен 68 жаста, әйелі 46 жасында тағы бір қыз туады. Атын Ақбілек деп қояды. Бүгінгі таңда алтынның қиығы, асылдың сынығы болған, Кененнің тұяғы Төрткен ападан екі ұл, екі қыз бар. Ал тарихта «Кенен өз келінінің бетін өзі ашыпты» дейтін аңыз­дың төркіні жаңағы Көркемжанмен байланысты. Себебі Көркемжан үйленгенде Дина деген келінінің бетін айт­қан ақылым, қалдырған өсие­тім болсын, бұдан кейін «жасаймын ба, жасамаймын ба» деп Кенен өзі ашқан. Ал Көркемжаннан бес бала тараған. Қазір Мұрат пен Айжан деген екі баласы бар. Қалған үшеуі қайтыс болған. Бір сәйкестік Көркемжанның өзі Кененнің 55 жасында дүниеге келіп, өзі де 55 жасында дүниеден қайтқан. Ал Бақытжанда екі қыз, екі ұл бар.  Ақтамақтың үш баласы болған. Өзі он шақты жыл бұрын өмірден өткен. Ақбілек болса, қазір Алматыда тұрады. Үлпілдектен туған Талжібек пен Ұлтайдан да тараған ұрпақтары осы кезде Алматы, Қордай жақта бақытты өмір сүріп жатыр. Ал Кененнің көзін көрген Төрткеннің тұңғыш қызы Баян Журунова атасы Кененмен бірге түскен суретін әлі күнге дейін жанынан тастамай сақтап келеді екен. Тіпті ол суреттер бұған дейін еш жерде жарияланбағанын айтқан Баян апамыз өз естелігімен бірінші болып бізбен бөлісті.

Мәңгілік ата бейне

– «Адамның балалығы өткен жерде жарты жүрегі қалады» деген аталы сөз бар. Менің де балалығым Кенен атамның тізесінде әндерінің ыңылын тыңдаумен өтті. Қазірге дейін көзіме ыстық көрінетін, қолымнан тастамайтын бір сурет бар. Онда Кенен атам мен Нәсиха апамның қасында Төрткен анамның алдында қолымды жайып мен отырмын. Нәсиха апамыздың алдында Серік деген немересі отыр. Бұл сурет атамыздың 75 жас мерейтойына түскен естелігіміз еді, – деген Кененнің жиені Нәсиха мен Кененнің де көз алдында қалған бейнелерін тілге тиек етті. «Менің есімде қалуынша Нәсиха апам өте әзілқой, ашық-жарқын адам болатын. Сонымен қатар аңғалдығы да жоқ емес еді. Бірақ өте ақылды және мінезі көркем кісі. Тағдырынан таяқ жесе де мойымаған ажарына ай аунағандай аққұба өңін жоғалтпай, өзін өте биязы ұстайтын, сұңғақ да сымбатты жан болды. Өте бауырмал болғаны соншалық мынау өз балам, мынау көршінің баласы немесе немерем еді деп бала-шағаны бөліп-жармайтын. Бәрін де бауырына басып еркелететін. Ал Кенен атам болса, өте балажан болатын. Өзі ұзын бойлы ат жақты, адамға күліп қарайтын кісі еді. Балаға ешуақытта ұрсып, дауыс көтермейтін. Аяулы атамның міне, осындай мейірімді жүзі менің есімде әлі күнге дейін анық сақталып тұр. Әлі есімде, атам мен апам есік алдында күншуақтап көп отыратын. Сол кезде көршілердің шулап жүрген балаларын көрген олар: «Шіркін, тағдырымыз осынша қатал болмағанда, біздің де шуылдаған көп балаларымыз болатын еді ғой» деп күрсінетін. Алайда мен атамды бақытсыз жан болды деп есептемеймін. Бар болғаны, Жаратушы ол кісіге ауыр-­ауыр сынақтар берді. Бірақ оған атамның асыл сүйегі жасыған жоқ. Енді бір жағынан, көненің адамы болғандықтан да, оның бәрін өз тағдырым деп қабылдаған жан. Әрі ол үшін ешуа­қытта кейістік танытпаған. Сол сабырлы қалпымен жымиып қана жылы қабылдап үйренген атамның қайсарлығын өзіме үлгі етемін» деп есіне алады жиені.

Иә, қазақтың біртуар әншісінің бір қиық өмірі осылай болған екен. Алаш баласы енді ешуақытта Кенендей алатауын асқақтатпаса, аласартпайтыны анық.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button