Руханият

Кенеп бетінде ұлы дала мәдениеті

Елордадағы Әскери-тарихи музейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылының аясында жас суретші Нұршұға Қиқымованың «Ұлы дала мәдениетінің көкжиегі» атты алғашқы жеке көрмесі ашылды. Автордың пейзаж, натюрморт, портрет сынды жанрлары әр алуан жиырмаға тарта картинасы қойылған көрме 23 тамызға дейін жалғасады.

Нұршұға – әлі ізденіс үстінде жүрген суретші. Кескіндеме өнерін зерттеп, сурет салудың әртүрлі техникаларын араластырып, эксперимент жасауға әуес. «Жаныма нақты мына жанр жақын деп айта алмаймын. Белгілі бір тақырыпты да таңдамаймын. Ойыма не келеді, соны кенеп бетіне түсіремін» дейді суретші. Шығармашыл жастардың «Шабыт» халықаралық фестиваліне бірнеше рет қатысып, дипломант атанған ол аталмыш байқау үлкен тәжірибе сыйлағанын айтады.
Картиналарында аңыздар желісі мен кейіпкерлері, ұлттық өнерімізге, салт-дәстүрімізге, қазақтың тұрмысына тән элементтер көп кездеседі. Мәселен, «Күй» атты туындысында домбыра, қобыз, дауылпаз, жетіген секілді ұлт аспаптарын бейнелеген. «Күй тыңдағанды жақсы көрем. Соның ішінде төкпе күйлерден, Құрманғазы бабамыздың «Адай» және «Балбырауын» күйлерінен шабыт аламын. «Ұлытау» тобының орындауындағы күйлерді де сүйіп тыңдаймын» дейді Нұршұға.
Бұған дейін бірнеше мәрте топтық көрмелерге картиналары қойылған жас суретшінің алғашқы жеке көрмесінің ашылуына қатысқан Суретшілер одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының төрағасы Жанұзақ Мүсәпір, белгілі қылқалам шебері Тілеужан Батанов оған өнерде ақ жол тіледі. Нұршұға болса, бір ғана өнермен шектелмей, қазақ бейнелеу өнерінің танымал тұлғалары Әубәкір Ысмайылов пен Гүлфайруз Ысмайылова сияқты киноға түссем екен деп те армандайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button