Басты ақпаратТалайғы тарих

Кенесарының Ақмола шайқасы

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас…
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Николай Каразиннің «Кенесары әскерімен шайқас» картинасы (1891 жыл)

ХІХ ғасырдағы патша отаршылдарына қарсы жүргізілген барлық соғыстар ішінен Алаш елінің екі тарихи ұрысын ерекше атап өтуге болады. Олар – Ақмола шайқасы және киелі Түркістан үшін болған қантөгістер. Қазақ тарихындағы бұл ұлы шайқастар хан Кенесары Қасымұлы және оның ұлы Сыздық сұлтан есімдерімен тығыз байланысты.

Қазақтардың жоңғарларды ойсыратқан жеңісінен кейін қазақ жерінде тыныштық орнады. Алайда Мәскеу Кремлінің түкпірдегі патша кабинеттерінде Орталық Азияның ауқымды аумағын басып алу жоспары пісіп жетілуде еді. Патша саясаткерлері «Қазақ жерлері – Азия байлығының кілті және қақпасы» деген Петрдің аманатын еске түсіріп, қазақтың дархан даласын бөлу жоспарын даярлады. Колонияны ерікті түрде мойындаған, оның нығаюына атсалысқан, империяға қызмет жасаған қазақ шонжарларына Ресей билігі шендер, марапаттар және жабайы халықтарға берілетін шапан, кесе-қасықтар және тағы басқа ұсақ заттар сыйлап отырды. Ал жер үшін, бостандық үшін күрескендер көздері жойылуға, өлім жазасына кесілуге немесе Сібірге каторгаға айдалуға ұшыраған.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сол кездегі қазақ ахуалын былай суреттейді: «Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа: «Қазақ, бізге бағын, қара! – деп, «ақ патшадан жарлық алып шықтым!» деп, Иван Семенович деген полковник келді. Сонда онымен таласа Қытайдан да елші келді: «Қазақ саған қарамайды, маған қарайды» деп. Ол екеуінен басқа қазақтың өз ішінен Кенесары, Наурызбай дегендер шықты. Онда олар айтты: «Бағынба, қазақ, орысқа, Бағынсаң, қазақ орысқа, Осы бастан амандас, Сарыарқа деген қонысқа! Береке кетер асыңнан, Билігің кетер басыңнан! Негеннен-неген күйерсің, Күйдіруші табылып, Көршілес жақын қасыңнан!…»
Ұлт тарихында ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстау­шы көсемі Кенесары Қасымұлының ерен ерліктері замана кеңістігінде Құс жолындай сайрап жатыр. Қазақ халқының еркіндік туын көтерген Кенесары Абылайдың немересі еді. Ол қазақ халқының еркіндігі мен тәуелсіздігін жеке басының амандығына айырбастамай, мұздай қаруланған орыс әскеріне, зеңбіректерге қарсы шығып ұлт-азаттық қозғалысын бастап кетті.
Хан Кене жасағының құрамында атақ-абыройы асқақ үш жүздің айбалтадай жарқылдаған батырлары болған. Олар: сұлтан Наурызбай, шұбыртпалы Ақжолтай Ағыбай батыр, табын Бұқарбай батыр, Басығара батыр, сүйіндік Жанайдар батыр, қыпшақ Иман батыр (Амангелді батырдың атасы), табын Жоламан батыр (әрі би), шапырашты Бұғыбай батыр, дулат Байсейіт батыр, атығай Аңғал батыр, Жеке батыр (Балуан Шолақтың бабасы), қырғыз Балбай батыр.
Патша өкіметі Ақмола жеріне орнығудан бұрын, қазақ руларын патша жағына тарту үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. Орталықтан арнайы тапсырмамен келген подполковник Шубин Омбы облысының бастығы, генерал-лейтенант Сент-Лоранға 1830 жылы 28 маусымда Ақмола сыртқы округін ашу туралы мәлімдеме береді. Ақмола жұртына: Арғыннан тараған Темеш, Алтай, Шұбыртпалы, Бөрші, Тінәлі, Тоқтауыл, Қақсал; Қыпшақтан – Қарақыпшақ, Құлан; Кіші жүздің Алшын, Тама ұлыстарына Ресей бодандығын қабылдау бойынша хаттар жолданғаны хабарланады.

Әубәкір Ысмайылов салған Кенесарының портреті (1936 жыл)

XIX ғасырдың 20-30-шы жылдарында Сармырза Ханнәбиұлы (1786-1838) Шұбыртпалы руын басқарған. Орыс подполковнигі Шубин Ақмола қазақтарын Ресей қарамағына қосу үшін Шұбырт­палы көлдің бойында отырған Шұбыртпалы рубасшысы Сармырза биге және басқа ел ақсақалдарына елші жібереді. Бұл жайт 1830 жылы 29 шілде айында Шубиннің Омбы бастығына жолдаған рапортынан көрінеді: «Ресейдің жаңа басқармасы қарамағына қосылуға Шұбыртпалы, Тоқтауыл, Алшын, Тама, Көксал болыстары билеріне шақыру хаттарымен іссапарға жіберілген урядниктер Чириков пен Сорокин Қоңырқұлжа Құдайменді және Ғұбайдолла Уәлиев сұлтандарының басшылары қасында маған қаратып мынаны жеткізді: Шұбыртпалы болысының биі Сармырза, Тоқтауылдан Жүзбай, Қожақ және Құнанбай, Алтай болыстары… отрядта болуға уәде беріп еді, алайда осы уақытқа дейін әлі ешкім келмеді» (ОММ. 338-қор, 1-тіз., 693-іс, 46-47-бб.). Жан-жағын болжай білетін Сармырза би олардың сөзіне, берген уәдесіне мүлде сенген жоқ. Шұбыртпалы руын Ресей бодандығына кіргізу туралы ауызша айтылғанмен, бөтенге елін кіріптар етуді құптамаған еді. Қайта Саржан мен Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне белсенділікпен қосылды.
Оған себеп болған жағдай 1827-1830 жылдары орын алған естен кетпес қанды оқиғалар. 1827 жылы Көкшетау бекінісінен шыққан майор Мингриев 200 әскермен келіп, Шұбыртпалы ауылының 58 адамын өлтіріп, дүние­-мүлкін тонап, бүкіл малын айдап кеткен еді. 1830 жылы Көкшетау жақтан шыққан жеті жүз патша әскері әңгіме-келісімге шақырған болып, ақыр аяғында алдап қолға түсіріп, шұбыртпалының 120 адамын өлтірді, аман қалғандары қанды қыр­ғыннан қашып құтылды. Сол себептен туған бауыр­ларынан, малынан айырылған шұбыртпалы азаматтары колонизаторлармен ашық соғыс майданына шыққан еді.
Қазақ жерінің кіндігіне орналасқан Ақмола Ресей империясы үшін бір зор форпост міндетін атқарды, отарлау саясатының орталығы болды. Бұл жерге империяның түкпір-түкпірінен әскерлер жиналып, топталып, Орта Азия жерлеріне шабуылға шығушы еді. Патшаның қандықол саясатына еркін өскен ел қарсы шықты.
Осыдан 180 жыл бұрын Ресей империясына қарсы «жерімізді бермейміз, құл болмаймыз» деп Кенесары хан Сарыарқада ұран тастап, үш жүздің басын қосып Алаш елін бір тудың астына жинаған еді.
1838 жылдың 7 тамызында Ақмола бекінісінде Кенесары сарбаздарымен –Ағыбай батыр, Наурызбай батыр, Басығара батыр, Иман батыр, Жанайдар батыр, үкілі Қошқарбай батыр, бөрші Базар батыр таңның атысынан бастап қас қарайғанша жанқияр­лықпен мұздай қаруланған патша әскерімен шайқасты. Бекініс алапат отқа оранды. Кенесарының бір отрядын басқарған Басығара батыр қалаға өршелене ұмтылып, мерт болды. Хан Кене алған бағыттан қайтпауға және батырдың мәйітін қалдыр­мауға жарлық берді. Хан жарлығынан жігерленген Ағыбай, Иман, Наурызбай батырлар бастаған отрядтар дұшпан шебіне басып кірді. Ұрыс кең қанат жайды. Қараңғы түскенше бәсеңсімеді. Ағыбайдың осы шайқастағы шебер қолбасшылығы, батылдығы, тұйыққа тірелген тұстарда жол тауып кететін тапқырлығы Доскей Әлімбайұлының жырында былайша суреттеледі:

…Кененің қалың ләшкері
Күнбатыстан қаптады.
Қорғанды қандай мықтады,
Оған кірген шықпады,
Көшеде жүрген өзгесі,
Үріккен қойдай ыққаны.
Сонда Ағыбай батыр сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Соңымнан ер, халайық!
Сарт шапанын алуға
Енді бізге ылайық,
Шапанды майға малайық.
Етегіне от жағып,
Жағасын іліп найзаға,
Ағаш үйдің тастатып төбесіне,
Үйге өрт салайық!
Осылайша өрт салады,
Дұшпандарға дерт салады…
Қорықпай енді кім қалады
Көбі қашып кәпірлер,
Қорғанға барып тығылған

Көшенің іші толған қан…
Бұл қанды қырғын айқаста Ағыбай батыр сарбаздары күш басымдылығын көрсетіп, қаланы басып алады. Түн ішінде әскери старшина Карбышев пен аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин қалған солдаттарымен қашып құтылады. Сәкен Сейфуллин өзінің «Кене хан жайында» мақаласында: «Бұл шайқаста Басығара батыр оққа ұшады. Қазақтар патша әскерлерінен оның денесін қайтарып алып, оны қаланың шетіндегі «Көкбел» мекеніне жерлеудің сәті түседі. Зираты жақын уақытқа дейін бар болған» деп жазады. Осы қиян-кес­кі Ақмола шайқасында шұбыртпалы руының басшысы Сармырза би де соңғы деміне дейін аянбай айқасып, ерлікпен қаза табады. Осы шайқаста қаза болған баһадүрлерімен бірге Ақмоланың «Көкбел» деп аталатын ежелгі зиратына жерленеді. Арада бірнеше жылдар өткен соң, руы қаракесек Иманқұл деген азамат шаһиттерге арнап ескерткіш тас ойдырып, батырлар жерленген қорымның құбыла жағына орнатады.

Кенесары батырларына қойылған көк тас. Астана. «Көкбел» қорымы

Кенесары бастаған дауылпаз баһадүрлердің Ақмола үшін бір күнгі соғысының дүбірі – мыңжылдықтардың еншісі, ұлт тарихының алтын парағы, рух сабағы. Осыған дейін жергілікті халық та, Астананың көкірегі ояу жаңа тұрғындары да «Ақмоланы жаудан алған, ғасыр­лардан келе жатқан тәуелсіздік мұратының алтын арқауын жалғаған Хан Кене сарбаздарының қорымы қайда?» деп сұраушы еді. Құдайдың кереметімен сол қанды заманның белгісі ретінде, қазақ рухының символы іспеттес, аман қалған бір тарихи қөктас Астана төрінде орналасқан ежелгі мұсылман қорымынан табылды. Тапқан азаматтар – араб және шағатай тілдерін жетік білетін Ұларбек Дәлейұлы мен Ашу Ахат. Бұл ескерткіш – екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, бүгінге аман жеткен баға жетпес жәдігер. Ескерткіш таста көне шағатай тілінде, араб әріптерімен: (кей жерлері өшіп кеткен) «…Ережеп айының соңғы оразасында. 1838 жыл. Сармырза қарулы кәпірлер қолынан жекпе-жекте шаһит. Саржан өкілі – 50 жасауыл. Ақмола. Ханның өкілі төрелер, 200 сардар… көшті. Алла тағала шаһиттердің жанын жәннатта…» деп айқын жазылып тұр.
Содан бері Астана жұрты бұл бейітті «Баһадүрлер қорымы» деп атап кетті. Арада 180 жыл өтсе де, қазақ елі Ақмола үшін шайқасқан өз батырларын ұмытқан жоқ. Ел басына қатер төнген сәттерде басын өлімге тігіп, шаһит кешкен батыр бабаларымыздың бұл ұлы күресі болашақ ұрпақ үшін, болашақ қазақ мемлекеті үшін, болашақ елордамыз – Астана үшін болды.

Марат ӘБСЕМЕТОВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button