Имантаразы

КЕҢ ПЕЙІЛДІ КЕМІМЕС

курбан айт 22

Қасиетті құрбан айт мерекесінде «Нұр Астана» орталық мешіті тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолдарын созып, бірқатар ізгі шаралар өткізді.

Орталық мешіттің наиб имамы Асхат Сәлімов құрбан айт мерекесі кезінде мұқтаж жандарға арналған акция ұйымдастырылып, онда құрбандық ниетімен аза­маттардың оннан аса ірі қара, жетпіске жуық ұсақ малы сойыл­ғанын айтты. Бұған қоса кей аза­маттар садақа ретінде құрбан­дығының бір бөлігін, ал кейбірі түгелімен атаған екен.

Құрбан айтының алғашқы күнінен «Нұр Астана» орта­лық мешітінде әл-ауқаты төмен отбасыларға ет тарату бастал­ған еді. Ал әрқайсысына 5-10 кг өлше­мінде салынған ет пакеттері айт күндері үйді-үйге үлестірілді.

Айттың екінші күнінде «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін құрбан шал!» қайырымдылық акциясы Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Алтын таға» мал базарында өткі­зілсе, 4-6 қазан күндер аралығында бұл бастама «Қайырымды, ізгі кісі – көгерер, ізгі кісі – халық жүгін көтерер» акциясымен астасып, елордалық дін қызметкерлері Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, құрбандық еттерін әлеуметтік тұрмыс-ахуалы төмен отбасыларға таратты. Онда материалдық қажет­тіліктен бөлек, асыл дініміз Ислам жайында көркем уағыздар айтылып, діни журналдар таратылды.

Бұл күндері мұң-мұқтажын Алланың үйінен іздеген жандарға азық-түлік, киім-кешек, материалдық һәм рухани көмек жасау «Нұр Астана» орталық мешітінің миссиясына айналғаны да жасырын емес. «Жыл бойына қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, елмен бірге көгеріп, жұртпен бірге жасару – біздің бас­ты міндетіміз» дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімов.

Ал, бас имам Наурызбай қажы Өтпенов қайырымдылық шаралары жыл бойына жүргізілетінін, мұсылман жұртшылығы үшін мүбәрак мерекелерде игі шаралар легі бұдан да артатынын айтады.

Жайық НАҒЫМАШ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button