Басты ақпарат

Кеңес өкіметіне сенбеген

Хайретдин Болғанбаев – қазақ мемлекеттігінің дәстүрін жалғастырған Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, халықаралық деңгейдегі қайраткер, ұлттық журналистика мен баспасөзінің іргетасын қалаушылардың бірі. Сонымен бірге еліміздің ағарту ісіне де өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

[smartslider3 slider=3570]

Хайретдин Әб­дірахманұлы Ақмола облысы Қорғалжын ауданына қарасты Жосалы ауылында туған. Әкесі Әбіш (Әбдірахман) көзі ашық діндар, қажы болған. Сондықтан баласын ауыл мектебінен кейін Орынбордағы Хусаиния (ауыз­екі нұсқасы – Хасение) медресесіне оқуға берген. Осында оқып жүріп, ол А.Байтұрсынов, ­М.Дулатовтың жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне мақала жаза бастаған. Жас шәкіртті ұлт, білім, елді ағарту тақырыбы толғандырған.

1916 жылы Ресей империясы Бірінші дүниежүзілік соғысқа араласқанда, Х.Болғанбаев қазақ солдаттарына қамқор топтың ортасында Беларусь майданында болған. Келесі жылы ақпан айындағы төңкерісте далада, суықта, аяз-боранда, аш-жалаңаш, ауру, жараланған он мыңдай қазақ сарбазын майданнан, Мәскеудің Брянск вокзал-жүк стансасынан пойызбен елге, Орал қаласына жеткізген. Сол жылғы төңкерістер кезеңінде Хайретдин Ташкентте М.Шоқай, С.Қожановпен бірлесіп «Бірлік туы» газетін шығарып, аталған басылымның 7-14-нөмірлеріне редакторлық еткен.

Х.Болғанбаев 1917-1918 жылдары Ақмолада Алаш комитетін құрып, төрағасы болған. 1919 жылы Түркістанда (Ташкент) жұмысшылардың ағарту одағының мүшесі, 1918-1920 жылдары Ташкентте оқу ісінің меңгерушісі, мұғалім, педагогикалық училищеде Т.Отарбаевқа сабақ берген, Б.Момышұлының ұстазына және қазіргі белгілі ғалымдар Қоңыратбаевтардың ата-әкесіне дәріс оқыған. 1921-1922 жылдары ТүрОАҚ-тың (ТурЦИК) сайлау ісі жөніндегі мүшесі болған.

1920 жылы ол басында Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Ұшқын» газетінің, кейіннен аты «Еңбек туы» (қазіргі Egemen Qazaqstan) боп өзгерген осы басылымның алқа мүшесі болды. Желтоқсанда Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Ерубаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт қайраткерлерімен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді.

1921 жылы Х.Болғанбаев, М.Әуезов, Д.Әбділов Алашорда атынан бұқарада большевизмге қарсы қозғалыспен келіссөздер жүргізіп, «Түркістан ұлттық бірлігін» құруға және келешек тә­уелсіз Түркістанның бағдарламасын жасауға тікелей атсалысқан екен. Елдегі ашаршылықпен күрес шаралары бастамашыларының ішінде болған. 1926 жылы Қорғалжын ауданының орталығын ұйымдастырған. Мұнда мектеп-интернат, екі аурухана, әкімшілік ғимараттар, үйлер салдырған. 1924-1928 жылдары Петропавлда губерниялық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педтехникум мен кеңес партия мектебінің мұғалімі, кеңес партия мектебі оқу бөлімі меңгерушісі қызметін атқарды. 1927 жылы белгілі агроном ­И.Аристовтың «Құрғаушылық бен жұтқа қарсы» ғылыми еңбегін қазақ тіліне аударған.

Х.Болғанбаев 1928 жылы 17 желтоқсанда «Ұшқын» ұйы­мына кірді деген айыппен тұтқындалды. Алматыда, кейін Мәскеу­дегі «Бутырка» түрмесіне 44 серіктесімен бірге жабылған. Онымен бірге А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев және басқа да адамдар болған. Бұл туралы РФ ОГПУ-дың 78754 тергеу ісінде айтылған.

Хайретдин Болғанбаев 1930 жылы 4 сәуірде ату жазасына кесіледі. Кейін іс қайта қаралып, он жылға сотталады. Архангельск, содан кейін ­Сыктывкарға, итжеккенге, он ай қысы бар, «солтүстіктің күн шұғыласы» аталған жердің түбіне айдалады. Әйелі Рахима Ғалиәкпарқызы сол жылы жазда артынан барып бірге болады. Үш кішкентай баласын өзімен бірге алып барады. Сонда Ерік – бесте, Гүлнәр – үште, ал Серік бір жарым жаста ғана болған. Көшті немере інісі Нұркіш бастап барады. Серік үш жасында суықтан ауырып, Сыктывкарда қайтыс болады. 1932 жылы осы қалада Мұрат дүниеге келеді.

1934 жылы түрмеден босаған соң өз елінде тұруға рұқсат берілмегендіктен, бақылау режимінде Алматыға жіберілген. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында сабақ бере бастайды. Бірақ ОГПУ оған бас қалада тұруға рұқсат бермей, сол кездегі Келес (Сарыағаш) ауданына қарайтын Қапланбек зооветтехникумында ұстаздық қызмет етуге жіберді. Осында 1937 жылы 21 сәуірде қайта ұсталады. Оған 1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық «Ұшқын» ұйымын құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны және 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қастандық жасауға әрекеттенгені үшін деген жала тағылады. Ал 1937 жылы 21 қарашада Алматы облысының УНКВД шешімімен атылады. Алматы облысының Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында жерленеді. Онымен бірге А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, О.Жандосов, С.Сейфуллин, жалпы 4121 адам жерленеді. Осы ауылда 2003 жылы мемориал кешені орнатылды.

Х.Болғанбаевтың еңбектері қоғамдық-саяси мәселелерге арналған. Ыстанбұл қаласында 1934 жылы И.Гаспринский туралы мақаласы түрік тілінде басылған. Оның есімі мен еңбегі Түркияда өмір сүрген башқұрт зиялысы З.Тоғанның кітаптарында айтылады.

2012 жылы 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні біз, ұрпақтары Кәмел тегі Жамбыл, Еркін, Құралай, Сәуле, Алмагүл, Камила, Зәуре, атамыздың жерленген жеріне барып, митингке қатысып, құран бағыштадық. Онда М.Шаханов, С.Сейдуманов, Б.Қойшыбай, С.Айтмағамбетова және басқалары да сөз сөйледі. Хайретдин Болғанбаев ұрпақтары атынан біз де сөз сөйледік. Атамыз туған Жосалы жерінен топырақ апарып, мемориалға қойдық. Алматыда ағайын, нағашы, құда, көршіні жинап, ата-анамызға ас бердік.

Саналы ғұмырында Кеңес өкіметінің келешегіне сенбеген, Алаш мемлекеттігін құруды мұрат еткен Х.Болғанбаев туған жерінің жанашыры да бола білді. Ақмола облысын Сібір төңкеріс комитетінен (Омбы) алып, Қазақстанға қосуда орасан еңбек сіңірген.

Отбасына келсек, әйелі Рахима Ғалиәкпарқызы Халфина-Болғанбаева белгілі Ақмола көпестерінің әулетінен шыққан, олар Алаш қозғалысына қаржылай қамқорлық көрсетіп отырған. Анасы Мәнзура Ш.Уәлихановтың қарындасы Бәдігүлден туған, әкесі Тәуке ханның ұрпағынан болған. Сталин қайтқаннан кейін 1953 жылы Рахима анамыз екі рет Хрущевке өтініш-хат жазып, атамыздың екі рет заңсыз репрессияға ұшырағанын айтқан. Ақталсын деп талап қойған. Содан Кеңес өкіметі Х.Болғанбаевты 1957 жылы 24 тамызда ақтады.

Балалары Ерік Хайретдинұлы ұзақ жыл Қаз ССР Орталық Комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет атқарған, Қонаевпен бірге жұмыс істеген. Қызы Гүлнәр халық ағарту ісінің үздік қызметкері, Ленин орденінің иегері, Қорғалжында Сабынды орта мектебінде ұзақ жыл мектеп директоры, аудан, облыс депутаты болған. Үкіметтің бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында Х.Болғанбаевтың 110, 120, 125 жыл толған мерейтойлары салтанатты түрде аталып өтті. Ақмол кентіндегі АЛЖИР мұражай-мемориалды кешенінде атамыздың фотопортреті, кітабы, өмірбаяны стендте орнатылған. Қорғалжын ауданының 90 жылдық мерей­тойында аудан орталығында атамыздың суретімен үлкен темір баннер орнатылды. Осы мерейтойға орай кітап шықты, ішінде атамыздың, қызы Гүлнәр мен күйеу баласы Тұяқ Кәмелұлының өмірбаяны, туған еліне қосқан еңбегі құрметпен жазылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде Х.Болғанбаев туралы бағдарламалар, хабарлар шығып тұрады. Мектеп оқушылары, студенттер, ғалымдар Х.Болғанбаев туралы ғылыми еңбек жазып, диплом жұмысын қорғаса, атамыздың құрметіне республикалық, халықаралық конференциялар ұйымдастырылып, жастармен, халықпен арнайы кездесулер өткізіледі. Туған мектебінде мемориалдық тақта орнатылған. Сабынды ауылында, Қорғалжын орталығында атамыздың атында көше бар. Енді Алматыда, елордада еңселі ескерткіші орнатылса нұр үстіне нұр болар еді.

Жамбыл КӘМЕЛ, «Хайретдин Болғанбай қоғамдық қорының» Төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button