Референдум - 2022

Кеңесіп пішкен тон келте болмайды

Биылғы қаңтар оқиғасының соңы еліміздің басқарушылық жүйесіне көптеген жаңа өзгерістер, ал қоғамымызға тың серпілістер әкелді. Бұған іші қыз-қыз қайнаған жанартаудың отты құсығы сияқты халықтың мемлекеттік билікке деген наразылығы себеп болғаны сөзсіз.

[smartslider3 slider=3073]

 Міне, осы жағдайды дұрыс бағамдай алған бүгінгі Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаев наурыздағы Жолдауында күшті Президент, ықпалды Парламент, атқарған істерінің нәтижелеріне есеп беретін Үкімет қағидаттарын басшылыққа алатын «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыратын мемлекет құру қажеттігін алға тартқан болатын. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін ең алдымен Конституцияға енгізілетін өзгерістер халық талқысына салынатын референдум өткізу ұйғарымына табан тіреген еді.

Бұл бірден-бір дұрыс шешім болды десек керек. Өйткені референдум, қалай айтсақ та, мағынасы жағынан маңыздылығы айрықша демократия­лық институт. Бірақ біз оның салмағын да, маңызын да төмендетіп жібердік. Оны бағып, қадағалап отырған биліктен де жоғары халық барын қаперден шығардық.

Мәселенің ашығына көшсек, еліміздің 30 жылдық тарихында жақсылықтармен қатар, жіберілген олқылықтар мен кемшін кеткен тұстар жетіп артылатындығына бүгінде көзіміз жетті. Соның ең бастысы мынада: 1993 жылы заң саласы білімінің мұқалмас тасын кемірген білгір ғалым – абыздарымыз Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов, осылармен деңгейлес Ата Заң жасау­да әлемдік тәжірибенің қыры мен сырын терең меңгергендер ақыл-кеңестерімен, ой-тұжырымдарымен бөлісе 1993 жылы қабылданған ел Конституциясын өмірге әкелді. Бұл көпшіліктің қолдауына, жүрек қалауына сай келді. Әттеген-айы, оның ғұмыры ұзаққа бармады. Арада екі жыл өтер-өтпесте 1995 жылы Президент Н.Назарбаевтың жеке-дара билігін күшейтуге ықпал ететін Конституция жазылды да, бүкілхалықтық талқылаумен қабылданып кетті. Бірақ онымен де тоқтап қалмай, осы Ата Заңға бұдан кейін де көптеген өзгерістер енгізілді, халықтық талқылауға да салынбады, Парламент арқылы қабылданды. Мұны бүгінде астарлы, құйтырқылы әрекеттердің сипаты десек те болады.

Мемлекетіміздің қазіргі басшысы осының бәріне тежеу салатын жаңа демократиялық жариялылыққа қадам басып отыр. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді саралаудан өткізетін топ құрылып, жұмыс істеуде. Расында бұл референдум үлкен өзгерістерге бастамашы болатын ендігі тарихи шешімдерімізге еліміздің әрбір азаматын қатыстыру билік пен қоғамның ортақтаса жұмыс істеуіне ашылатын даңғыл жол болмақ.

Мысал ретінде айтсақ, бұрынғы сайлауларда мәслихаттардан бастап, Парламентке дейінгі депутаттыққа үміткерлер партиялық тізім арқылы сайланғандықтан, білігі мен білімі, қайраткерлігі кейбіреулерінен әлдеқайда жоғары азаматтар қалыс қалып келгені жасырын емес. Мұндай алалаушылық биліктің биік сатысындағыларға жалтақтап қараушы қолбала мәслихат пен Парламенттің түзілуіне алып келгені шындық. Енді Президентіміз осы білікті азаматтардың өз конституциялық хақыларын пайдалана отырып, сайлауға түсуіне, бағдарламаларын халық алдына ұсынуына, тұжырымдарын көпке жария етуіне мүмкіндік жасап беріп отыр. Парламенттің 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық негізде жасақталады делінуі елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын ілгері бастыратын үлкен серпіліс болары анық.

Ендігі бір өзекті мәселе – жер және оның ресурстарына қатысты. Сондықтан Қонституцияның 33-бабына енгізілетін өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде жер, оның қазба байлықтары, су көздері, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі, тағы басқа табиғи ресурстары толығымен халықтың игілігіне айналады. Мұның әлеуметтік әділдікті орнықтырудағы қоғамдық және саяси ахуалды жаңартуға себепкер болары сөзсіз.

Өзімнің соңғы пайымым: Конституциялық реформаның негізінде биліктің заң шығаратын тармағында тың өзгерістер орын алады. Атап айтқанда, Президенттің өкілдігі қысқартылып, Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейтіледі.

Қысқасы, жер және жер қойнауы халықтың меншігіне айналады; «өлім жазасына» тыйым салынады; Президент пен қазылар (судьялар), сайлау комиссиялары, күштік құрылымдар ешқандай партияға, қоғамдық бірлестіктерге мүше болмайды.

Міне, осы жағдайларды айта келе, биылғы референдумға 11 миллион 700 мыңнан астам қазақстандық қатысуы мүмкін деген статистикалық есепті ескеретін болсақ, Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінің тізіміндегі барша азаматтар да осы тың серпіліске өз қолдауларын білдіріп отыр. Және де осы Ардагерлер кеңесі медия тобының мүшесі ретінде барша елордалық азаматтарды еліміз тарихында алғаш рет әділетті түрде өтеді деген үміті басым.

 Аманкелді ЖҰМАБЕК, Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі,

Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесі медиа­тобының мүшесі

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button