Мәдениет

Кеңестің керемет ән кеші

Алғаш рет елорда төрінде Кеңес Дүйсекеевтің «Астана – бақыт ордасы» атты авторлық кеші өтті. Астананың 15 жылдығына арналған кеште композитор шығармаларын елімізге танымал эстрада жұлдыздары орындады. 

Бұл – өнерсүйер қауым асыға күткен кеш. Композитор қайсыбіреулер секілді жыл сайын шығар­машылық есеп бере бермейді, сон­дықтан болар, жиналған көпшілік автордың үздік әндерін ұйып тыңдады.

Шығармашылық кешті Ерболат Ахмедьяров жетекшілік ететін оркестр Кеңес Дүйсекеевтің «Астана» симфониясымен ашты. «Таудай биік азаматы болсаң да, Айтпа, балам, биікпін деп халқыңнан…». Әкенің балаға айтқан өсиеті мен сыры өз тыңдарманын тапқалы қашан. Автордың 80-жылдары ұлына арнап жазған «Ойлан, балам» әнін Ерік Жолжақсынов тың­дарманға жүрекпен жеткізе білді.

Жалпы, композитордың маңдайына тек бас қалада тұру жазылғандай. Қазақстанның ал­ғашқы астанасы Қызылордада дүниеге келіп, Сыр өңірінің бай фольклорынан сусын­даған аға­мыз балалық шақта Алматыға қоныс аударды. Осында білім алып, музыкаға бет бұрып, асыл жарын жолықтырды. Азамат болып қа­лыптасуы Алатаудың бөктерінде өткен оның талай танымал әндерді дүниеге әкелді. Айтулы кеште «Сәлем саған, туған ел!», «Алматым», «Туған жер», «Алтын бесiк – Астана» секіл­ді патриоттық әндерін халық ықыласпен тыңдады.

К.Дүйсекеев Астанаға қоныс аударғалы шығармашылығында тың серпіліс болғанын айтады. Осы кеште біраз жаңа әндерінің тұсауы кесілді. «Қайда жүрдiң», «Еркеледiң сен», «Өкінбе сен», «Асыл ана», «Ғашықтар жыры», «Алғашқы махаббат», «Қарағым-ай» сынды халықтың көңілінен шыққан әндері шырқалды.

Симфония, соната, кантата, романс, мюзикл, хор капелласына арналған шығармалардың 200-ден аса әндердің авторы Кеңес Дүйсекеев елордамыздың 15 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген кешінде «Алаштың айбынына айналған Астанаға қоныс аударғаныма екі жыл болды. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушымын. Шәкірттер тәрбиелеп жатырмын. Бас қаланың мерекесіне орай өткізілген кешті ұйымдастыруға мұрындық болған Астана қаласының әкімдігіне, мәдениет саласының басшыларына үлкен алғыс айтамын» деген тілегін айтты.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button