Басты ақпарат

Кеңестің көркем кеңістігі

Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес ­Нұрлановтың қырық жылға жуықтап қалған шығармашылық ғұмырында еліміздегі үш іргелі театрдың алатын орны ерекше. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өнер жолын бастап, өнерпаз ретінде шыңдалды. Қарашаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өнері өрледі. Ал кейінгі он бес жылдан бері Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында кемеліне келді. Кинода да елдің есінде қалған кейіпкерлерді сомдады. Құдіретті өнерге өмірін арнап келе жатқан талантты әртіс асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Осы күндері көркем кеңістігі де қалыптасты.

[smartslider3 slider=2263]

 

 АРМАН ҚАНАТЫНДА

Ғ.Мүсірепов театрынан өнер жолын бастады дедік. Актер болу арманына қанат байлаған да классик жазушының қаламынан туған туынды, дұрысы киносценарий. Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмін көрген соң, бала Кеңес жатпай-тұрмай әртіс болсам деп қиялдайтын. Сырлыбай (Кененбай Қожабеков), Шеге (Әнуар Молдабеков), Қодар (Асанәлі Әшімов), Төлеген (Құман Тастанбеков) бейнелері, оларды сомдаған әйгілі әртістердің шынайы ойыны баурап алды. Әсет Найманбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова сынды қазақ өнері санлақтарымен бір топырақта туғаны да әсер етпей қоймады.

Оның үстіне сол уақытта Ақтоғай ауданындағы «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің атағы бүтін елге дүркіреді. Күйші Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызы елде отыр­ды. Оның шәкірті Мағауия Хамзин Алматыдан өзінің кіндігі кесілген өлкеге келіп, мектеп оқушыларымен кездесіп тұрды. Аудандық халық театрының, үлкен қалалардан ауылға гастрольмен келетін театрлардың қойылымдарын құмартып көрді. Осының бәрі қосыла келе, Кеңестің өнерге деген құштарлығын күшейтті.

ӘКЕНІҢ АҚ БАТАСЫ НЕМЕСЕ ЖАНДАРБЕКОВА ШЕБЕРХАНАСЫ

Жоғары сыныптарға келгенде, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын мектептегі мұғалімі Секен Көбенов ұлы Абайдың «Қара сөздерін», Олжас Сүлейменовтің Қадыр Мырза Әлі аударған өлеңдерін жаттатып, Ғабит Мүсіреповтің «Ақлима» әңгімесін оқытатын. Осындай дайындықтан өткен бозбала Кеңес өнерден басқаны ештеңені ойламады. Алайда әкесі Әзімхан ұлының әртіс болуын бастапқыда құптамады. Дегенмен, Кеңес мектепте бітіргеннен кейін баласын Алматыға алып келді. Әке мен бала жақын ағайындары, ақын Жеңіс Қашқыновтың шаңырағына тоқтады. Сол кезде Кеңестің болашағын айқындаған, әкенің өнер құдіретіне бас идірген бір оқиға болды.

– Алматыға оқуға келгенде әкеммен Мұхтар Әуезов театрына барып қалдық. Әзірбайжан Мәмбетовтің сахналауымен Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектаклі болайын деп жатыр екен. Билет алып, кірдік. Адам да өте көп жиналды. Әкем екеуміз қатар отырмыз. Спектакль басталды. Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбеков, Торғын Тасыбекова сынды сахна саңлақтары басты бейнелерді сомдады. Зал еңіреп жылап отыр. Бір кезде әкеме көзім түсіп кетті. Ол кісіні де оқиға бейжай қалдырмай, орамалымен көз жасын сүртіп отыр екен. Өнер құдіреті ғой. Әйтпесе, әкем қаттылау, мығымдау адам еді. Қойылым аяқталған соң, керемет әсерде шықтық. Әкем екеуміз де үнсіз келе жатырмыз. Саябаққа келгенде орындыққа отырдық. Сонда әкем: «Өнер адамы болғың келеді екен. Бағытың дұрыс. Өнердегі ағаларыңның жолың берсін» деп, сол жерде ақ батасын бергендей болды, – деп еске алады қазір Кеңес Нұрланов.

Содан соң Жеңіс Қашқынов әке мен баланы театр және көркемсурет институтына (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) ертіп барды. КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шолпан Жандарбекова шеберханасына студенттерді қабылдап жатыр екен. Бозбала Кеңес атақты актрисаның алдында өнер көрсетіп, 25 қыз-жігіттің бірі болып, оқуға қабылданды. Жұмағали Маханов, Бақытжан Әлпейісов, Райхан Қалиолдина, Бижамал Кемалова сынды қазіргі белгілі әртістермен бірге оқыды. Шолпан Жандарбековадан бөлек Асанәлі Әшімов, Есім Сегізбаев, Тілектес Мейрамов сияқты актерлік пен ұстаздықты қатар алып жүрген тұлғалардан, сахна тілі пәнінен Дариға Тұранқұловадан дәріс алды.

Ғ.МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНДАҒЫ СЕЙІТМЕТОВ МЕКТЕБІ

Әсем қала Алматыда қалуды армандады. Қолына дипломын алған соң, жолы болып Ғ.Мүсірепов театрына жолдама берілді. Сол уақытта осы өнер ошағының бас режиссері-көркемдік жетекшісі ҚазКСР халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Райымбек Сейітметов еді. Кейіпкеріміздің айтуынша, сол кезеңде балалар мен жасөспірімдер театрының нағыз дәуірлеген кезеңі еді. Райымбек Ноғайбайұлы Ш.Мұртаза мен Қ.Ысқақовтың «Қызыл жебе», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» сынды тарихи өзекті спектакльдерді, Ф. Оңғарсынованың «Бақыт пен мұң», М.Шахановтың «Көкейкесті» қойылымдарын сахналады. Кеңес Нұрланов солардың барлығына қатысты. Ал М.Мақатаевтың «Дариға жүрек» поэтикалық қойылымында ақиық ақынды кейіптеді.

Кеңес Нұрланов Атагелді Ысмайылов, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Лидия Кәденова, Гүлжамал Қазақбаева, т.б. белгілі актерлердің ортасына түсіп, солардан көп нәрсе үйренді. Райымбек Сейітметов жастарды сахнаға баулып жүріп, тәрбиеледі. Театр ішінен музыкалық ансамбль құрамын деп әртістерге ұлттық аспаптарда ойнауды үйреткізді. Кеңес мектеп оқушысы кезінен домбыраны тарта алатын. Ал театрда сыбызғы мен сазсырнайды меңгерді. Бұл өнерінің кейіннен киноға түскенде септігі тиді.

 КИНОДАН КӨРІНГЕНДЕ

Содан соң кино өнеріне тартыла бастады. Алғашқы түскен фильмі – Рүстем Тәжібаев пен Виктор Чугуновтың «Айдай сұлу Айсұлу» туындысы. Кеңес онда Жақсыгелді атты кейіпкерді сомдады. Бірақ жұрт актерді көбінесе өмірден ерте озған кинорежиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» және Сламбек Тәуекелдің «Батыр Баян» фильмдері арқылы біледі.

Аяған Шәжімбай деректі киноның маманы еді. Өмірде «Жансебілдей» жалғыз ғана көркем фильм түсіріп үлгерді. Соның өзімен ұлттық кино тарихына аты өшпестей болып жазылды. Кинорежиссер театрға жиі келеді екен. Сонда Кеңестің өнерін байқаған болуы керек, «Жансебілді» түсірерде жас Мұқатайдың бейнесіне Кеңесті таңдады. Актерге телефонмен хабарласып, ұсынысын айтты. Қазіргі тілмен айтқанда, кастинг жасамай, тиісті рөлге бірден бекітті. Осы кинотуындының жарық көргеніне өткен жылы отыз жыл толды.

Осы «Жансебілдің» септігі тиген болуы керек, Сламбек Тәуекел «Батыр Баяндағы» Ноянның рөліне Кеңесті лайық көрді. Онда отыз жастан асқан кейіпкеріміз Лағда есімді (Алина Махметова) қалмақ қызына ғашық болатын албырт жасты ойдағыдай сомдап шықты. Айтпақшы, осы фильмде Ноянның сазсырнайды сызылтатыны бар. Бұл аспап Кеңестің өзінің жеке музыкалық аспабы еді. Және оны өзі тартып шықты.

М.ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫНДАҒЫ ТАБЫСТАРЫ

Әрине, Кеңес Нұрланов негізінен театр актері. Ғ.Мүсірепов театрында он жыл жұмыс істегеннен кейін М.Әуезов театрына қабылданды. Бұл бұрыннан жүректе әлдилеген арманы еді. Ақыры 1993 жылы осында ауысты. Мұндай мүмкіндік осыдан бірнеше жыл бұрын туған. Бірақ сол кезде дәм тартпады. Дипломдық жұмысы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклі болатын. Балалар мен жасөспірімдер театрында жүргенде бұл қойылым «Әуезовте» сахналанатын болып, ұстазы Асанәлі Әшімов басты рөлге арнайы шақырды. Әлдебір себеппен сол уақытта қойылмады.

Кеңес қарашаңыраққа жұмысқа қабылданғаннан кейін ғана Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған спектакльде Қозыны сомдады. М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымында Наршаны нұсқалады. Жалпы «Әуезовте» Ә.Мәмбетов бастаған үлкен мектептен өтті. Болат Атабаев, Әубәкір Рахимов, Есмұхан Обаев, сынды белгілі, белді режиссерлер, жастай өмірі үзілген сахна шебері Қайрат Сүгірбеков сахналаған қойы­лымдарда өзіне бекітілген кейіпкерлерді сәтті сомдады. Бір кезде кілең жағымды кейіп­керлерді ойнаған еді. Сол уақытта танымал публицист, ғалым Бауыржан Омарұлының «Жас Алаш» газетінде ол туралы «Жағымды кейіпкер» атты мақаласы да жарық көрді. Бірақ актер өсу үшін оған жағымды да жағымсыз кейіпкерді де беру керек. Соны түсінген Есмұхан Обаев Кеңесті М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Қортық шал бейнесінде ойнатты. Содан соң «Ымырттағы махаббат» спектаклінде Генефельд атты фашизм ұрығын себуші жан кейпінде көрінді. Не керек, М.Әуезов театрында он жылдан астам уақытта түрлі кейіпкерлерді кейіптеді.

ҚАЛЛЕКИ ТЕАТРЫНА КЕЛГЕНДЕ

Актер өнерінің кемелдеуінің жаңа кезеңі елордада басталды. Арнайы шақыртумен 2006 жылдың аяғында, 2007 жылдың бас кезінде Астанаға келді. Сол уақытта бас қаламызды шын мәнінде руханият ордасына айналдырып, Алматыдан белгілі әртістерді алдыру мақсаты қойылды. Актерлердің арасында таңдау Кеңес Нұрланов пен Ғани Құлжановқа түсті. Сол уақыттағы қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Кеңеске арнайы хабарласты. Бірақ актер Алматыны қимай, біраз жүріп алды. Алайда Ермек Әмірханұлы көнбесіне қоймады. Ақыры Алатау баурайынан Арқаға қоныс аударып, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына қабылданды. Елбасы қабылдауында болып, оның қолынан бірден үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. Кеңес Нұрлановтың осы театрға келгеніне де он бес жыл болды. Қазір өзіне бекітілген рөлдерді сомдай жүріп, өзінен кейінгі буынға білгенін үйретіп, үлгі көрсетіп жүрген тәжірибелі актерлердің бірі.

Кеңес Нұрланов әлдекімдер секілді атаққұмар адам емес. Өнерде өңмендемейді. Қарапайым болмысын сақтап қалған актер. Өз еңбегімен 1996 жылы Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Сол уақытта әкесі Әзімхан медальді ұстап тұрып, ұлының жетістігіне шексіз қуанды. Бірақ кейінгі табыстарын көре алмай, өмірден озып кетті.

Ал 2012 жылы Кеңес Нұрланов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленді. Бұдан бұрын осы атақты алуға мүмкіндігі болды. Бірақ өнердегі үлкен аға-апаларының жолын кесуді жөн көрмей, саналы түрде бас тартты. Қазір де аға буынның алдына шығуды қаламайды. Мәселен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін сомдау ұсынысы түскенде, Қаллеки театрындағы ағасы Болат Ыбыраевқа осы рөлді қиды.

2013 жылы елордада өнерге келгеніне отыз жыл толуына орай шығармашылық кешін өткізді. Сол кезде меценат Бекзат Алтынбеков Кеңес Нұрланов атындағы сыйлықты тағайындады. Актер басында мұны қаламаған еді. Алайда кейіннен өнер иелеріне көмек болсын деп келісті. Иә, осы сыйлықтың қомақты қаржысы бар. Содан бері оны бес-алты актер алды.

Ал өткен жылдың соңында Кеңес Нұрлановты туған жері құрметтеп, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы атағын берді. Бұл атақты Қаллеки театрындағы жерлесі, осы өнер ошағының бас хормейстері Амантай Жұмашевпен бірге иеленді. Осыған кейіпкеріміз кәдімгідей марқайып қалды.

Қазір Қаллеки театрының премьераларына асығып тұрамыз. Ал Кеңес Нұрланов ойнайды десе, тіптен қызығушылығымыз артады. Мәселен, жақында «Күзгі іңір» спектаклін кейіпкеріміз үшін ғана барып көрдік. Күні кеше ғана «Қызыл алма» лирикалық комедиясын тамашаладық. Онда Кеңес аға Оразбай есімді жүрегі қартаймаған қуақы ақсақалды сомдайды. Домбыраны қолға алып, «Жиырма бес» әніне де салады. Соны көргенде, кинода осы әнді әсерлі шырқаған Шәкен Аймановтың бейнесі есімізге түсті. Кеңес Нұрлановтың кинода тарихи кейіпкерлерді сомдағысы келеді. Жақында актердің мерейтойына орай Қазақ радиосының бір бағдарламасы оның шығармашылығына арналды. Оған қатысқан кинорежиссер Сламбек Тәуекел бір киножоба ойластырғанын, оған Кеңесті шақыратынын айтып, әртісті қуантып қойды. Ендеше, кинодан сізді тағы көрейік, Кеңес аға. Алпыс – «тал түсіңіз» құтты болсын!

Театрда сомдаған рөлдері:

М.Мақатаев «Дариға жүрек» – жас Мұқағали; Т.Нұрмағамбетов «Жоғалған көл» – Қанат; С.Балғабаев «Қыз жиырмадан асқанда» – Есімсейіт; С.Сматаев «Зар-заман» – Нұралы сұлтан; Б.Мұқай «Заманақыр» – Әли; И.Сапарбай «Ауылдан келген ару» – Жәнібек; М.Әуезов «Айман – Шолпан» – Қортық шал; Қарагөз» – Нарша; «Еңлік – Кебек» – Кебек; «Абай» – Әбдірахман, Керім; Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Қозы, Қодар; «Ақан сері – Ақтоқты» – Балта; М.Мақатаев «Қош, махаббат!» – Қасым; Г.Гауптман «Ымырттағы махаббат» – Ганефельд; С.Мұқанов «Мөлдір махаббат» – Бүркіт; Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» – Құмар; Қ.Гоцци «Турандот ханшайым» – Калаф; С.Торайғыров «Қамар сұлу» – Ахмет; Ш.Айтматов «Ақ кеме» – Момын шал; Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» – Құдайменде; О.Бөкей «Құлыным менің» – Қаражан; М.Шаханов «Көкейтесті» – Шоқан; Э.Хушвақтов «Қызыл алма» – Оразбай; А.Цагарели «Гамарджоба» – Акоп; Қ.Жүнісов «Махаббат мелодрамасы» – Әмір; И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы» – Амадей; М.Фриш «Дон Жуанның думаны» – Дон Диего; Е.Жуасбек «Терең тамырлар» – Асқар; У.Шекспир «Гамлет» – Полоний; Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Қыздар-ай» – Әбдіқадыр; Ш.Мұртаза «Бір кем дүние» – молда; А.Чехов «Шие» – Фирс шал; М.Әуезов «Қорғансыздың күні» – Дүйсен.

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button