Қала мен Сала

Кеңпейіл кітапханашы

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдас­тыратын шараларға барып жүріп кейіпкерімізбен таныстық. Бұл кісі ұлтжандылығымен, өз ісіне шын берілгенімен бізді тәнті етті. Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Сағыныш Дүйсенқызының осы салада еңбектеніп жүргеніне ширек ғасыр болды. Ал жалпы мәдениет саласында еңбек өтілі – тура 40 жыл.

1983 жылы әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірген өрімдей қыз Арқа төсінде, сол кездегі Целиноград облысы Баршын ауданында еңбек жолын бастады. 1995 жылы Ақмола қаласына келіп, сол уақыттағы облыс орталығы мәдениетінің өркендеуіне үлесін қосты. Ұлт мүддесі жолында бірталай іс атқарған «Тіл және мәдениет» қоғамының жұмысына атсалысты.

Сағыныш Дүйсенқызы – Есіл жағасында жаңа астана орнығуының тікелей куәгері. Елорданың Алматыдан ­Ақмолаға қоныс аударуы, қаланың халықаралық тұсаукесері сияқ­ты тарихи оқиғаларды өз көзімен көріп, маңызды шаралардың басы-қасында жүрді. Ақмола облысы Көкшетауға көшірілгеннен кейін отбасы жағдайына байланысты Астанада қалып, орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қызметке ауысты. Содан бері осы салада.

Кейіпкеріміздің талай жылдан бері жүргізіп келе жатқан «Менің қолтаңбам» аталатын жобасы бар. Соның аясында әдебиет алыптарымен, көрнекті қаламгерлермен, мәдениет, өнер майталмандарымен кездесулерді ұйымдастырады. Кеңпейіл кітапханашының аталмыш жобасы жалғасып жатыр. Оқырмандар оның арқасында қазір өмірде жоқ Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Әшірбек Сығай, Көпен Әмірбек, Несіпбек Айтұлы, басқа да көптеген асыл азаматтармен кездесіп, рухани азық алды. Жақында көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен кездесуді де Сағыныш Дүйсенқызы жүргізді.

«Әр ақынды, әр жазушыны дәріптеп, әртүрлі бағытта шығармаларын насихаттау, оқырманға жеткізу – кітапханашылардың парызы. Кітапханашылар жарық шамшырақ іспеттес. Кітап оқымайтын адамдарды түсінбеймін. Онсыз жан дүниең бос болады. Кітаппен сырласасың, рухани тұрғыдан байисың. Көзқарасың қалыптасады» дейді тәжірибелі кітапханашы.

Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның мәдениет қайраткері, кітапхана ісінің үздігі атанды. Әдетте нардың жүгін арқалап жүрсе де, осындай қарапайым мамандар тасада қалып жатады. Сондықтан Сағыныш Дүйсенқызы – нағыз еңбек адамы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button