Sport

Кениядан келгендер шаң қаптырды

Көпшілікті бірлікке бастайтын бұқаралық спорттың бірі – марафон. Сенбі күні Астанада дәстүрлі халықаралық «Astana Marathon-2018» жарысы салтанат құрды. Думанды доданы елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың өзі бастап берді.

Астана асуын бағындыруға еліміздің түк­пір-түкпірінен және шет мемлекеттерден қатысушылар арнайы келді. Атап айтсақ, Германия, Ресей, Жапония, Италия, Өзбекстан, БАӘ, Швеция, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ, Қыр­ғызстан, Франция, Түркия, Австралия, Кения, Грузия, Люксембург және Испания марафоншылары сынға түсті.
Жарыс жолына 4661 адам шықты. Оның ішінде 830 адам марафонның мерейлі межесі – 42,2 километрге жүгіруге ниет танытса, 3831 адам қысқа қашықтық – 10 километрді қолай көріпті. Бірақ бұлардың бәрі өз шақырымдарын толық жүгіріп шыға алмады. Ең ұзаққа 672 адам жүгірсе, 10 километрді 2895 адам еңсерді.
Сонымен «ЕХРО-2018» көрме аумағынан басталған жарыстың мәресін бірінші болып Кениядан келген жел­­аяқтар кесті. 42,2 шақырымды 2 сағат 17 минут 57 секундта артта қалдырған Эрик Керинг үздік болды. Екінші орынды алған Роберт Гаито да – кениялық. Үшінші болып қазақ Әмір Байтуқанов келді.


Әйелдер арасында абсолютті чемпион болған да – кениялық. Оның есімі – Салина Джебет. Екінші орын – соның отандасы Люси Ндунгуға тиесілі. Үшінші – қырғызстандық Юлия ­Андреева.
Бас жүлдеге 905000 теңге, кез келген бағытқа Air Astana билеті, Astana Marathon символикасымен Amir Watches эксклюзивті сағаттары табысталды.
Ал 10 км қашықтықта тағы да сол кениялықтар еш­кімді ілестірмеді. Жоғарыдағыдай бірінші және екінші орындарға жайғасты: ерлерден Шадрак Коеч пен Кеннет Ротич, әйелдерден Норах Джеруто мен Дэйзи Джемкемей. Ал үшінші орында – өзіміздің азаматтар Алексей Гусаров пен Светлана Саунина.
Бұған қоса, жас ерекшеліктеріне қарай жеңімпаздар анықталды. Оның көбісі – қазақстандықтар. Бірақ бұл марафон алдына жан салмаған Кениядан келген желаяқтармен есте қалды. Сондықтан үшінші келгендердің нәтижесі алтынға пара-пар болды деуге болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button