Мәдениет

Кентаудың өнер кеңістігі

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбектің «Бір бәйтерек, бір шынар» атты шығармашылық кеші өтті.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, аталмыш кеш осындай концерттерден өзгеше сипатта өрбіді. Композитор туындылары арқылы Отанды, туған жерді сүюге, ата-ананы қадірлеуге, достыққа берік болуға шақырады. Ән кешінде, негізінен, аталған тақырыптардағы шығармалар шырқалды. Кентау Назарбектің әндерінен бөлек күйлері де бар. Сондай «Керуен-ғұмыр» атты күйін белгілі күйші Айбек Бекбосын орындады. Кеш екі бөлімге бөлінді.

Бірінші бөлімде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен әндер айтылды. Осы оркестр дирижері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов Кентау Назарбектің ұлы Абайдың өлеңіне жазылған «Әсемпаз болма әрнеге» әнін оркестрге түсірген еді. Концерт басында көрермендерге осы туынды ұсынылды.

Жалпы Кентау Назарбек – Абай елінің перзенті. Ол көрнекті композитор Теміржан Базарбаевты ұстаз тұтады. Музыка мамандары, мәдениет және өнер қайраткерлері Кентаудың шығармалары Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды халық композиторларының, кеңес заманында қазақ музыкасын бір биікке көтерген Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов секілді музыка майталмандарының мұрасынан тамыр тартатынын айтады. Ал Абай, Шәкәрім дәстүріне композитор сол топырақта туғандықтан әу бастан жақын. Белгілі ақын Әділғазы Қайырбековтің жырына «Абайдың өлеңі» аталатын ән де жазды. Бұл туынды да кеште әуеледі.

Кештің екінші бөлімі эстрадалық ба­ғытта өтті. Бір айта кетерлігі, аталмыш концерт халықаралық деңгейге шығып кетті деп айтсақ та болады. Себебі Қырғыз­станнан арнайы келген әншілер Айпери Кулбаева мен Венера Назаралиева да өнер көрсетті. Кентау Назарбек ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне біраз ән жазды. Мұқағалидың досы болған белгілі ақын Шәміл Мұхамеджановтың жырларына да шығармалар туындатты. Қазақстанның халық әртісі, «қазақтың ерке қызы» Мақпал Жүнісова Кентаудың Мұқағалидың да, Шәмілдің де өлеңдеріне жазылған әндерін шырқап, жиналғандардың жан сарайын ашып, құлақ құрышын қандырды. Бұған қоса, Гүлмира Ақүрпекова, Алма Аманжолова, Кенжебек Жанәбілов, Жанат Шыбықбай, т. б. осы секілді танымал әншілер композитордың әндерін айтты. «Alem» заманауи би балеті, «Айналайын» және «Қоңырау» балалар хорлары кеш шырайын кіргізді.

Концертке атау берген «Бір бәйтерек, бір шынар» әні жайлы айтсақ, бұл туынды – Кентау Назарбектің өнердегі «төлқұжаты». Әннің сөзін композитордың әпкесі Бақыт Назарбекова жазды. Аталған шығарма авторларының ата-аналарына арналған. Өкінішке қарай, әкелері мен Бақыт Назарбекова өмірден озып кетті. Кентау Назарбек осы кешті де солардың рухына арнады.

Кеш соңында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің құттықтауы оқылды. Композитордың астына туған елі ат мінгізді. Биыл Кентау Назарбек мерейлі 60 жасқа толды. Шығармашылық кеші осы мерейтойына орайластырылды. Сондай-ақ күні кеше ғана Астанадағы №101 мектепте композитор атындағы музыка кабинеті ашылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button