Басты ақпарат

Кенттену – тоқтамайтын үрдіс

Нұр-Сұлтан қаласының елорда мәртебесін алғалы 1997 жылдан бастап Есілдің екі жағы түрлене түсті. Сонымен қатар елге ел қосылып, ішкі миграцияның әсерінен қала халқы күн сайын көбеюде. Өткен наурыз­дың есебі бойынша бүгінде астанада 1248801 адам тұрып жатыр. Бұдан бөлек, қалаға келіп жатқан қонақтардың санын қоссаңыз, екі миллионның төбесі де алыс емес.

[smartslider3 slider=2991]

Іріленіп келеміз

Қалалардың іріленіп, халықтың дені тұрмысқа қолайлы қоныстарды таңдауы күні кеше басталған жоқ. Бірақ 70 пайызы ауылдық жерде тұрған біздің еліміздегі көші-қон үдерісі осыдан отыз жылдай бұрын жанданған еді. Оның бір себебі кеңестер кезінде қазақтардың ірі қалаларда тіркеліп, қалада жұмысқа тұру жолын қиындатып, баспана алу мәселесі шешілмегені себепті тәуекел етушілер қатары аз болды.

Ал өткен ғасырдың 90-жылдарындағы жаппай жұмыссыздық, ауылдық жерлердегі шаруа­шылықтардың тарауы урбандалу процесін жылдамдатып, алыс-жақын елді мекендерден қалаға қарай үдере көшу үдерісін тежеу мүмкін болмады. Қалаға күнкөріс үшін келіп, қала шетіндегі саяжайларды сағалап, тұрмысқа қолайлы емес лашықта тіршілік етіп жатты. Мұндай жақсы өмір іздеп қалаға келгендердің ит тірлігі бүгінге дейін облыс орталықтары мен Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистердің басты ауруына айналып, күрделі түйін болып отыр.

Ірі орталықтардағы кенттенудің табиғи үдерісін үйлестіруде мемлекет, қала басшыларының жоспарлы ісі өте маңызды. Өйткені индустрияның жемісі – «мегаполистер» экономиканың қозғаушы күші ретінде танылған. Оларда еңбек өнімділігі, барлық саланың өсу қарқыны, жан басына шаққандағы табысы орташа көрсеткіштен жоғары болып келеді. Жұмыспен қамту мен инновацияның өсуіне ықпал етудің маңызды әлеуетіне ие. Бұл ретте елордамыздың жетістігі көңілге қонатындай. Мысалы, 2021 жылғы қаңтар-мамырда елорданың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 315601,7 млн теңгені құрады. Іскерлік-қаржылық салымдардың республика көлеміндегі Нұр-Сұлтан қаласының үлесі – 8,2 пайыз. Осы мерзімде тұрғын үй құрылысына инвестициялар көлемі 192066,5 млн теңгені құрады, бұл арғы жылғы сол көрсеткішпен салыстырғанда 87,9 пайызға артыпты. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 9016 пәтерлік үй салынды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы – 856542 шаршы метр, бұл арғы жылмен саыстырғанда 5,3 пайызға жоғары. Жеке құрылыс салушылар салған үйлердің жалпы ауданы 30974 шаршы метрді құрады. Бұл, әрине, ілгерілеудің көрінісі. Әйтсе де кенттену үрдісі – әлемдік өркениетке ортақ құбылыс, оның адамзатқа пайдасымен қатар залалы да бар екенін түсіну керек.

Осыдан 100 жыл бұрын әлемде халқы 1 миллионнан асатын 20 қала болса, бүгінде олардың саны бес жүзге таяп қалыпты. БҰҰ сарапшыларының болжамы бо­йынша 2050 жылға қарай дамыған елдерде қала тұрғындарының үлесі 86 пайызға, ал дамушы елдерде 67 пайызға (Қазақстанда 70 пайыз) жетеді дейді

Ғылыми тілде жақын маңдағы елді мекендерден екі қолға күрек іздеп ағыла көшуін «жабайы урбанизация» деп атайды. Бір кездері «америкалық бақыт» деп айдар тағылған бұл құбылыс көптеген халықтардың ауа көшуіне себепкер болды. Жүйесіз, онсыз да әлеуметтік жағынан ширығып отырған, еңбек күшіне аса қатты сұраныс болмаған жерге ағылу жұмыссыздықты туындатып, басқа да әлеуметтік салаға жүктеме болады. Бейберекет ағылудың криминалды ортаның қалыптасуына да әсерін ескеру керек.

Қалай болғанда да адам капиталының топталуы бәсекеге қабілетті өсіріп, орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететіні белгілі. Десе де тұрмысты түгендегенмен, қоршаған ортаның тынысы тарылып, ресурс сарқылып, адамдар өмір жасының ұзақтығы мен денсаулығы урбанизациядан келген қатерге тәуелді болмақ. Урбанизация процесі кең ауқым алған жерлердің экологиялық жүйесі әлсірейді. Қала адамдарының саны артқан сайын адам әрекетінен шығатын антропогенді факторлар да жылдам өседі. Сонымен қатар «қалалық» атанған тұрғындардың субмәдениеті өзгеріп, өз ортасынан ажырай бастайды. Ауылдық жердегідей емес, өскен ортасымен байланысы шектеулі болғандықтан, ауыл жастары арасында жаттану, жауығу, оқшаулану басталады. Кенттенудің кесірі жұтқан ауамызға, басқан топырағымызға, ішкен суымыздың сапасына да әсер етіп, қоршаған орта адам тіршілігіне қолайсыз етеді.

Пайдасынан зияны басым

Егер осыдан 100 жыл бұрын әлемде халқы 1 миллионнан асатын 20 қала болса, бүгінде олардың саны бес жүзге таяп қалыпты. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының болжамы бо­йынша 2050 жылға қарай дамыған елдерде қала тұрғындарының үлесі 86 пайызға, ал дамушы елдерде 67 пайызға (Қазақстанда 70 пайыз) жетеді дейді. Осы күні ғаламшар тұрғындарының 60 па­йызы қалада тұрып жатыр. Бүгінде халқы тек қана қалалықтардан тұратын мемлекеттер немесе ерекше аймақтар бар. Мысалы, Гонконг, Кувейт, Монако, Науру және Сингапур.

Ірі қалалар тарихына үңілсек, адамдар алдымен өздеріне қолайлы орта жасауға тырысқан екен. Қала өзіміз ойлап тапқан армандарымыздың орындалар мекені және адам қиялының, тапқырлығының шыңы десе болғандай. Бірақ адамзат елді мекендерді ірілендіріп, тар жерге тығылып, өзінің сорына қарай әрекет етіп жатқандай. Рас, қаладағы қолайлы өмір адамның іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын шектеп, таяқ тастам жерге де көлікпен баруға үйретеді. Адам еңбегі көбіне техникаларды бақылап, қадағалап отырумен шектеледі. Маңдай терлеп жатқан жоқ. Тұрмысты түзеген үйдегі маздап тұрған от, жанып тұрған жарық, ағып тұрған су ауыр жұмыстан азат етеді. Жолға шығып шаршамайсың, ұшақ, пойыз, көлік діттеген жеріңе жеткізіп, баспалдақпен де жүруге ерінесің. Жеделсаты зымырап тұр. Бұл, әрине, техникалық прогресс үшін жақсы, алайда адамның күш-қозғалысы тұрғысында кері кетіп барамыз. Өркениет құлашын жаймаған заманда адам жұқпалы індеттен қырылса, қазір жүрек, қан-тамыр аурулары, обыр секілді кеселдер қас-қағым сәтте баудай қиып түсіруде. Қимылдың аздығынан жүректің бұлшық еттері босап, қан тамырлары үлбіреп, жарылғыш келеді. Қалалықтар ішінде инфаркт жасарған. Артық салмақ та адам өміріне зиян. Толық адамдар арықтарға қарағанда 5-10 жыл кем өмір сүреді.

Қаланың баласы ауылдағы құрдастарымен салыстырғанда табиғаттың аясындағыдай емес, кемшін қимылдайды. Одан бөлек, партаға таңып, таңның атысынан күн батқанға дейін кітап кеміріп, одан қалды смартфонға үңіліп, уақытын қимылсыз өткізеді. Бір қызығы, мектеп жасындағылардың денсаулығы біршама жақсы болса, студенттік кезеңінде содан айырылып, отыз жасқа жеткендердің арасында қартаюдың алғашқы белгілері көріне бастаған. Қарап отырсаңыз, қаланың балалары әлжуаздау, бойшаң болып келеді. Мұны биомедициналық тұрғыдан зерттеген ғалымдар қалалық ортаның экологиялық факторларының әсері деп таныпты. Алдыңғы ұрпақтармен салыстырғанда адамдардың бойы мен салмағының өсуі, ерте жетілу көрінісі бар. Қаланың кеш жатуы, түнгі демалыс, түнгі ауысым, электр жарығына байланысты жасанды жарықтың ұзаруынан биоритм бұзылады. Иммундық жүйенің бұзылуы, обыр, ауадағы, судағы және тағамдағы канцерогендердің мөлшері, күшті электромагниттік өрістердің әсері қалалықтарда көрінеді. Бұған биологиялық өмір салтының үрдістерін, яғни есірткі, алкоголизм, компьютерлік мания және интернетке тәуелділікті қосыңыз. Қалалықтар әр нәрсеге еліктегіш, тез құлағыш келеді екен.

Заманына қарай амалы

Аз қозғалатынымызға қоса, көк түтінге қақталып күй кешу ірі қала тұрғыны үшін қалыпты нәрсеге айналды. Мыңдаған жеке көлік көшені толтырып, кептеліс жасап, қымбат жер қазынасы – бензинді бекерге жағып, ауаны ластап жатыр.

Автокөліктен шығатын пайдаланылған газдарда шамамен 200-ге тарта зиянды заттардың қоспасы болады. Оның құрамында көмірсутек сақталады, яғни отынның жанбаған немесе толық жанбаған компоненттері бар. Көпшілігі ауадан ауыр болатын себепті жердің бетінде жиналады. Бұл газдың барлығы тыныс алуымызға кедергі жасайды, қандағы гемоглобинмен араласып, адам ағзасындағы оттегінің қан тамырлары арқылы айналуына кедергі келтіреді. Бензиннің құрамында сыртқы ортаны уландыратын қорғасын қосылыстары да бар. Бір жағынан көлік өмірімізді жеңілдетсе, екінші жағынан тынысымызды бітеп, тұншықтырып жатыр.

Бір қызығы, адам баласы жаратылғалы тастан соқа жасап, жер жыртып, жердің жемісін теріп, одан соң фабрика салып, кен қазып, бүгінде қол жеткен білімінің жемісін технологиялар мен техникаға салып жасап жатыр. Жер серігін ұшырып, робот адамды ауыстырады ма деп алаңдап жүрміз. Жерді тас­тап көкке көшудің де амалын жасап жатқандар бар болар. Өйткені ортақ Жеріміз кеңістігі өзгермейді, қойнауындағы қазынасы сарқылатыны оның ішінде тұщы су көздері суалып, адам санының артуынан жейтін қорегіміздің де таусылу қаупі бар. Бұл – бір ғасыр бұрын басталған субурбанизацияның салдары.

Әлемдегі ауыз су тапшылығын айтпас бұрын елордалықтардың барлық кеңселерінде ауыз суды сатып алып отырғанымыз таң­ғалатын нәрсе емес. Қара судың да бағасы күн санап өсіп жатыр. Қалалар мен елді мекендердің тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су қорын, су қоймаларын салып жатыр. Яғни қала неғұрлым үлкен болса, соғұрлым мұндай құрылымдарды салу керек екен.

Күн сайын қоқыс тастаймыз. Тамақ қалдығынан, металдардан, шыныдан, макулатурадан, пластмассадан бөлек, сынап сияқты қауіпті қалдықтары бар құрылғылар да қоқыс жәшігіне кетіп жатыр. Тұрмыстық еріткіштерден, бояулардан бөлінетін улы химикаттар тағы бар. Бұл жақын кезеңдердегі ең маңызды экологиялық проблемалардың бірі болып қала береді. Ең жаманы осы қалдықтарды лақтырып тұрып, оның қаншалықты зиян екенін түсіне бермейміз. Қалдықтардың қайта өңдеу барысы дамыған елдерде біршама жолға қойылса да, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыра алмай жатырмыз.

Қалдықтардың негізгі көлемі үйінділерде, қала сыртындағы полигондарда жиналады. Ерекше қауіпті радиоактивті қалдықтар әртүрлі атом электр стансаларының, ғылыми орталықтар мен медициналық мекемелерден жинақталған түрлері де адамзатқа қарсы қару ретінде бір жарылары сөзсіз. Мінекей, осындай күрделі экологиялық жағдайды шиеленістіріп, көк тіреген мегаполистерді көбейтіп, урбанизацияның шарықтау шегіне қадам басып келеміз. Дегенмен кез келген тығырықтан шығатын жол бар. Енді ауылдық жерлерде қаладағыдай тұрмысты жеңілдететін жағдай жасап, «рурбанизация» дамып келеді. Бұл үдерістің болашағы бар, адамдар елді мекендерді абаттандырып, мал шаруашылығын не егістікті дамытып қана қоймай, табиғатты сақтауға барынша әрекет етуде.

Бұл ретте урбанизацияға толық көше қоймаған, ауылдың әлі де салмағы болып тұрған кезде еліміздің болашағы жарқын деуге болады. Игерілмеген солтүстік облыстар – халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардың жаңа өмір бастауына жақсы мүмкіндік. Алдағы барар жеріміз, адамзаттың таңдауы қоршаған ортаның тазалығы болғандықтан, тұйықты айналып өтіп, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің сүрлеуін осы кезден салған дұрыс шығар.

P.S: Сонымен, бүгінгі қалаларда өте көп ­күрделі мәселелер қордаланып қалды. ­Ол – ­демографиялық, экология, көлік, әлеуметтік мәселелер (ең алдымен қылмыс, жұмыссыздық). Бұл мәселелердің түп төркінін танып, зардабын ұққаннан кейін адамдар оларды шешуге үйренетін болар…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button