Басты ақпаратОқырманнан он сұрақ

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор: АСТАНАНЫҢ АУАСЫ ТЫНЫСЫМДЫ АШТЫ

Айгерім Сейтматова, ЕҰУ-дің студенті
– Кенжеғали аға, сізді нағыз полигонның ортасынан шыққан адам дейді ғой. Балалық шағыңыз қалай өтіп еді?

– Менің туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы,  Саржал селосы. Рас, негізінде, Саржал ауылы тура атақты полигонның іргесінде орналасқан. Бала күнімізде полигон сынақтарын көп көрдік: кенет дүрс еткен алапат үн шығады. Бүкіл жер-жаһан тітіркеніп, дірілдеп кетеді. Адам түгіл мал екеш, мал да жанын қоярға жер таппай, тым-тырақай қашады. Бір заманда аспанға ажал апанындай алып «саңырауқұлақ» көтеріледі. Бала біткен соны тамашалап мәз боламыз. Ертеңіне, бір атқа үш бала мінгесіп алып, әлгі «саңырауқұлақ» шыққан жаққа тартамыз. Жарылыс болған жерде үлкен қазан шұңқыр орнап, оған су толып қалады.  Оған«Атқанкөл» деп ат қоямыз. Суы мөп-мөлдір. Шешініп тастап сүңгиміз, тасын ұстаймыз, темірін ұстаймыз. Сол кездерде «бармаңдар» деп айтатын да адам болған жоқ. Мүмкін, оның зиянды екенін үлкендер де білмеген шығар. Қайран, дүние-ай,  сондағы туған-туыстар, достарымның көбі қара жердің қойнында жатыр.  Аллаға аян, солардың  ғұмырының қысқа болуына полигонның кесірі тиді.

Динара Жайықбаева, өнертанушы
– Арқаға алғашқылар сапында қоныс аудардыңыз. Ол кездегі жағдай қалай еді?

–1996 жылы жетпіс жылдай жөндеуден өтпеген Абай атындағы опера және балет театры жабылды. Сол тұста астана Ақмолаға көшеді екен деген сөз шықты. Осыда түрткі болған болуы керек, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Амангелді Құсайыновтың шақыртуымен 1996 жылы Ақмолаға қоныс аудардым. Университеттің профессоры атандым. Ол кезде үлкен аудандық масштабтағы иқы-жиқы, талғамсыз соғылған қала еді. Қазақтардың рухы басылып қалған.  Қазаққа қазақша сөйлесең бетіңе бажырая қарайтын. Бірде мынадай жағдай болды. Автобуста келемін. Анау шетте отырған қазақ жігітін көрдім. «Ассалаумағалейкум! Атың кім?» деймін ғой әлгі жерде. Содан танысып жатырмын. Есімі Марат екен. Екеуміз қазақша сөйлесіп кеттік. Сөйтсем, артқы жақта топырлап тұрған орыстың бір жігіті гүж ете қалды: «Эй вы, кончайте там гр-гр. Говорите по-человеческий». Жанымдағы қазақ жігіті үндеместен аялдамадан түсіп қалды. Менің де көңіл-күйім түсіп кетті. Әлгілердің сөзіне қаным басыма шапты. Қайда келдім деп ойландым.  Сол жылдары Ақмолада қазақ өте аз еді. Бар-жоғы 20 пайызға жетер-жетпес ғана. Тіпті, осы облысты қазақ басқарып көрмеген. Ұлтжанды азаматтардың өзі саусақпен санарлықтай еді. Амангелді Құсайынов, Алдан Смайылов, Смағұл Рахымбек, Нұрғожа Ораз, Табыл Құлияс, Жомарт Әбдіхалықов,  Кенже Жұмағұлов… Ат төбеліндей ғана. Кәсіби деңгейі жоғары консерватория бітірген әншілер Гүлнәр Хамзина, Ғалия Байғозинова,  пианист  Гүлзада Құсайынова, музыканттар Амантай Жұмашев, Мұхаметқали Тінәлин, Нұрлан Хамзин  және тағы басқалар…  Қазір құдайға шүкір, ішің жылиды. Көшеде де қазақ, көлікте де қазақ. Қала өсіп келеді. Мен де дәл бұлай болады деп ойламаған едім…

Марал Сырлыбайқызы,  сыншы
– Бүгінгі әншілер шалғайда орналасқан ауылдарға концерт бермейді. Сіз далада да, қалада да жүресіз. Сірә, ауыл баласы болғаннан кейін шығар…

Шынымды айтсам, мен ауылдан шықпағандарды көп сыйлай бермеймін. Қазіргі асфальттің балалары қазының қайдан шығатынын, қаймақты қайдан алатынын, айран, сүт қалай дайындалатынынан хабарсыз. Өйткені, олар ауылдың жағдайын түсінбейді. Қазіргі әншілер турасында айтайын. Концерттерге шыққанда көбісі аудан, ауылдарға ат басын бұрғысы келмейді. Яғни, қаладан қайтқанды жөн санайды.Керісінше, маған ауылға барып өнер көрсеткен ұнайды. Өйткені, ауыл халқы қазақ өнерін бағалайды, ықыласпен тыңдайды.

Меруерт Төлегенова, студент
– Сіз  «Біржан-Сарада» – Біржанның, «Қыз Жібекте» – Төлегеннің, «Ақан серіде» – Ақанның, «Абай» операсында –Айдардың, «Қамар сұлуда» – Ахметтің, «Евгений Онегинде» – Ленский… Барлық театр репертуарларындағы басқа да классикалық туындыларды түгел орындап шықтыңыз.  Бірақ,  халық концерттік әнші ретінде таниды. Операдан концерттік әншіге ауысуыңызға не түрткі болды?

–  Негізінде, консерватория бітірген адамға опералық әнші, концерттік әнші және оқытушы біліктілігі беріледі. Мен үшеуін де меңгердім. Опера әншісі болып қалыптастым, профессор болдым. Аллаға шүкір, шәкірттерім бар. Бүгінгі таңда нарықтық қарым-қатынастарға байланысты концерттік әнші болып қалыптасқан өте дұрыс екен. Дәл қазір топпен, оркестрмен бірге концерт қою қиындау. Өйткені, жол жағдайы, қонақ үй мәселесі, қаражат жайы көтермейді.

Дәурен Бабақұлов,оқытушы
– Абай елінде туып, Пушкин жерінде білім алдыңыз. «Пушкин и Абай» атты жеке концертпен Ресейге барғанда есте қалған ерекше сәттер бар ма?

– Ресейдің бірнеше қаласында гастрольдік сапарда болдым. Ресей демекші, бірде  гастрольде жүріп  Мәскеудегі Чистопрудный бульварда орналасқан Абай ескерткішінің алдына гүл қойдым. Онда былай жазып қойыпты. «Вечен мудрец, бессмертного слова». «Е-е-е… Менің іздеп жүргенім осы сөз екен ғой» деп қатты қуанғаным бар.

Жаснұр Сандыбеков, колледж  студенті
–Алғаш сахнада шырқаған әніңіз қалай аталады?

–Ең алғаш бастауыш сыныпта салған әнім Сәкеннің «Тау ішіндесі» еді.

Айқын Сәтбеков, Актер
Өнердегі ұстаздарыңыз кімдер?  Кімдерді үлгі тұтасыз?

– Ленинград консерваториясының оқытушылары Иван Алексеев, Михаил Довенман,  Маргарита Хейфес. Бәрі еврей ұлтының өкілдері. Оларды бір сыйлайтыным өз кәсібін бүге-шүгесіне дейін біледі. Адам бойындағы ұқыптылықты, еңбекқорлықты, шыдамдылықты, талпынысты, ең бастысы, талантты бағалайды. Қазақ өнерінің ақсүйегі Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев, Бибігүл Төлегенова, Еркеғали Рахмадиев, Ермек Серкебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Ілия Жақанов, Базарбай Жұманиязов, Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаеваларды  өте қатты сыйлаймын. Операға жан-тәнімен берілген Роза Жаманова, Шора Үмбеталиев, Нариман Қаражігітов, Құрманбек Мырзабеков, Ғазиз Есімов, Шахмардан Әбіловтер мен үшін ерекше жандар. Театр сыншысы  Әшірбек Сығайдың орны бір төбе. Қалғандары есіме түспей тұрғаны…

Дидар Жарылқасын, зейнеткер
–Кез келген шығармашылық концертіңізді «Нүрикамал» әнісіз елестету мүмкін емес. Осы ән өнеріңіздің бір бөлігі секілді, әннің тарихы қалай?

– 1995 жылы Абай шығармашылығын насихаттап, Ташкент қаласына және маңайындағы қазақ ауылдарына барып қайттым. Қайтар жолда Шымкентке соқтым. Сонда Ханбибі Есенқарақызы деген ақын үйіне қонаққа шақырды. Мына әнді тыңдашы деді.  Ұнады. Сөйтсем, бұл әнді бір- екі жыл бұрын Фариза апамыз да тыңдап көріпті. Ол кісі: «Нұрикамалды» қор қылмай        , Мыржықбайға беріңдер!» деген екен. Содан сандықтың түбіне сақтап қойған ғой. Алдым. Ол әннің тарихы мынадай: Оңтүстік обкомына қызметке Арқадан Нүрикамал деген әдемі, сұлу қыз барады ғой. Ақын деген сезімтал келеді емес пе? Ханбибінің күйеуі Тұрдықылыш Ізтаев Нүрикамалға ғашық болып қалады. Мұны  байқап жүрген Ханбибі күйеуінің алдына төрт шумақ өлең қатарын тастай салады. Оған да керегі сол, бірден ән шығарып жібереді. Ән солай дүниеге келген. «Нүрикамал камалым-ай, Күндей ашық қабағың-ай,  Қолым жетпей, сөзімде өтпей, Жаутаңдадым  қабағыңа-ай» деген әдемі сөздері бар. Сол Нүрикамал қазір аман-есен Астанада  жүр.

 Дина Ізтаева, күйші
– Классикалық  әндердің шеберісіз. Тірі дауыспен ен айту дегеніңіз өте қиын екені белгілі. Ғажайып дауысыңызды қалай күтесіз?

– Аптасына бір рет бассейнге немесе спорт залына баруға тырысамын. Жаяу жүремін.  Күніне екі рет тамақтанамын. Спорттың жеңіл түрімен айналысамын. Моншаға барғанды жаным сүйеді. Сонау Алматыдан келерде өзіммен бірге ұшаққа сылдырлатып еменнен жасалған сыпыртқыма дейін салып әкелгенмін. Көргендер күледі.

Мағжан Омаров, музыкант
– Сіз 2007 жылдары  жұмыс бабымен Өскеменге ауысып кеттіңіз. Бүгінде Астанаға қандай қызметке келдіңіз?

Иә, бес жылдай Шығыс Қазақстанда еңбек етіп келдім. Л.Гумилев атындағы  ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов: «Елде  бір жыл емес, бес жыл істедіңіз, еңбегіңізді ел біледі» деп, елордаға  шақырды. Қазіргі таңда  «Кәусар»  атты мәдени-танымдық орталықтың жетекшісімін. Астананың таза ауасымен кең тыныстап жүрмін.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

26 қазан күні,  сағат 17:30- да  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі сазгер Ілия Жақановтың  «Саз сұхбат»  атты студенттермен кездесу кеші өтеді.  Кеште сазгердің ән-романстарын Кенжеғали Мыржықбай  орындайды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button