Басты ақпаратМәдениет

КЕНЖЕҒАЛИДЫҢ КЕШІ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­версите­тінде Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбайдың «Абай және Пушкин» атты қос ақынның сөздеріне жа­зыл­ған қазақ, орыс компози­тор­ларының вокалдық шы­ғар­маларынан
тұратын ән кеші өтті.

Ән жүректен шыққанда ғана жү­рек­ке жол табады. Ал әнші тек таби­ғат сый­лаған дауыс иесі болып қал­май, тың­дар­манына тарту етер туындыны көңіл сүзгісінде мұқият екшеп, жақұттай жар­қыраған, жанға нұр құярлықтай қуаты бар, асқақ, сөзі мен сазы біте қайнасқан дүниені дүйім жұртқа ұсына алса, оның есімін өзімен бірге өткеннің құрдымына сүйрей жөнелуге адам­заттың әмірі жүрмейтін уақыттың өзі қауқарсыз! Ондай әншілердің үні дүркіретіп дәуренін өткізген кербез даласын кезіп жүреді. Григорий Потаниннің: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп жүргені де содан шы­ғар, кім білсін?

Композитор болсын, ақын болсын, өз шығармашылығынан алыс кет­пейді ғой. Әнші де сол секілді, өзі­нің жанына жат дүниеге жан бі­­тіре айта алмайды. Осы тұста Абай­дың мұңына арқасын тосып, Пуш­киннің сырына жүрегінің қақ­пасын айқара аша білу – «бөдене та­лант­тардың» қолынан келе бер­мей­­тін іс екендігін ескер­геніміз жөн.

Кенжеғали ағамыздың концерт­тері лекция-концерт ретінде, өзі әнші-жүргізуші ретінде дараланып жүр. Өлеңінің алдында бұлдыр бұлтын сыпырып, бұла ойын бұл­тың­дата қара сөзбен бір ши­ра­тып алатын М.Шаханов аға­мыз секілді о кісі де әр әнінің ерек­ше­лі­гін, оған қосқан өз жаңалығын, керек бол­са шығу тарихын тәпсірлеп тұрып жұртты ұйытып алып жатты. Алдың­ғы бір концертінде ол Пуш­кин­нің Абайдан 46 жас үлкен болса да, оларды ортақ махаббаты романс­тың үндестіргендігін айтып еді. Мысалы, Пушкин:
«Я вас любил безмолвно, безнадежно,
То робостью, то ревностью томим;
Я Вас любил так искренно, так нежно,
Как дай вам бог любимой быть другим»
деп жазса, Абай:
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да»
– деп жырлайды.

Бұл жолы да өлең мен ән жарасым тапты. Осылайша поэтикалық-музыкалық фор­матта кеш өткізу Кенжеғали Мыржық­бай­дың табиғатына тән.

Опера әншілері ең ұзақ ариялардың 40-45 минутқа созылатынын айтқан. Бірақ, дауыс әсерінен түсетін салмаққа тамағын жақсы жаттықтырған Кенжекең талмай екі сағат сахнаны сазға бөлей біледі. Санкт-Петербург төрінде өткен сондай бір концерттен соң Кира Изотова есімді кісі сахнаға шығып: «Мұндай асқан төзімділікті өмірде сирек кездестіресіз. Неткен жаны сірі әнші» деген екен. Кешегі кеште де сол салтынан танбаған әнші тыңдармандарын тағы бір мәрте тәнті қылды. Абайдың «Көзімнің қарасымен» басталған ән тізбегі Пушкиннің сөздеріне жазылған Н.А.Римский-Корса­ков, А.Даргомыжский, Г.Свиридов, С.В.Рах­манинов, Ф.И.Глинка, Б.Шереметьев сынды композиторлардың шығармаларына ұлас­ты. Арасында Абай Құнанбайұлының сөзіне ән жазған Н.Тілендиев, С.Мұха­метжанов, М.Маңғытаев, Е.Рахмадиев, М.Төлебаев, М.Ыбыраев, Т.Шапай секілді қазақ композиторларының да туындыларына кезек беріліп отырды.

Аудиторияның көп бөлігін студенттер құрағандығына қарап, жастардың заңғар ақындарға деген махаббаты мен ықыласы зор екендігін көзімізбен көріп қайттық.

 Ербол ЖАНАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button