Айтпайын-ақ деп едім!

Кепкен нанды кептер де жемейді

Кеше нан қалдығын жинайтын күбідегі нанды алып, ­«кептер жесін» деп жолға шашып жатқан замандасымды көріп таңғалдым.

 Соңғы кездері наннан мал азығын дайындап, жем жасайтын азаматтар қаладағы қоқыс жәшіктерінің қасына арнаулы нан қалдығын жинайтын күбілер қойған еді. Кәсіпкер Руслан Убениязовтың айтуынша, қазірге дейін қаланың 40 пайыз аумағына 1500 контейнер қойған. Бірақ қоқыс­ты сұрыптап тастау мәдениетін қалыптастырмаған қала тұрғындары нан жинайтын контейнерлерге басқа тұрмыстық қалдықты салып кететінін айтып налығаны бар еді.

Қазір тұрғын үй кешендеріндегі қоқыс жинайтын орындардың маңында қып-қызыл нан шашылып жататыны өтірік емес. Себебі тұрғындар «обал болмасын, одан да кептер жесін» деп нан қалдығын қоқыс контейнерінің маңындағы адам баспайтын жерге қояды. Бірақ қатқан нанды әрі шұқып, бері шұқып жей алмаған құстар соңында бүкіл нанды шашып тынады да, қоқыс жинау алаңының маңы қып-қызыл нан боп жатады. Нан жинайтын контейнерлер қойылғалы бұл жағдай өзгеретін шығар деп үміттеніп едік, өзгерген түгі де жоқ, есесіне нан жинайтын контейнерге тасталған нанды кептерге шашып «мейірімділік» танытатын жандар көбейді.

Наннан мал азығын дайындау әлемдік тәжірибеде бар болғанымен, бұл сала біздің Қазақстанда мүлде ескерілмеген. Тұрғындардың қоқыс­ты сұрыптап тастау мәдениеті өте төмен болғандықтан, қоқысқа тасталған нанды сұрыптап алу да өте қиын. Оның үстіне елімізде нан қалдығын өңдейтін бірде-бір зауыт жоқ еді. Оған қосымша қаражат та қарастырылмаған. Міне, осы жағдайды өзгертіп, нан қалдығын керекке жарату қуана қолдау көрсететін бастама еді. Алайда тұрғындардың көбі мұны түсінбейтін секілді. Обал болып, аяқтың астында жатқан нанды жинағанның орнына шашып, нан жинайтын контейнерге басқа тұрмыс қалдығын апарып тастай салу мәдениетсіздіктен басқа түк те емес. Нанды ысырап қылуға, оны аяқпен басуға асыл дінімізде де қатаң шектеу қойған. «Қаламыз таза болуы үшін қоқысты сұрыптап шығарыңыздар» деген насихаттың жүріп жатқанына да аз болған жоқ. Бірақ соны ескеріп, тұрмыстық қалдықты сұрыптап, белгіленген контейнерлерге тастап жатқан тұрғындар да некен-саяқ. Осының өзінен қала тұрғындарының мәдениет өресі байқалып тұрған жоқ па?!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button