СаясатЭкономика

КЕПТЕЛЕКСІЗ КҮРЕ ЖОЛ

ЕЛІМІЗДІҢ КӨЛІК-ЛОГИСТИКА САЛАСЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖЕТЕККҮШІ

Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолда­уында «Шалғай өңірлерді немесе тұрғындарының тығыздылығы жеткілікті емес өңірлерді өмірлік маңызды және экономикалық қажет инфрақұрылым объектілерімен қамту үшін біз «инфрақұрылымдық орталықтар» құруға тиіспіз. Бұл үшін көлік жүйесінің озыңқы инфрақұрылымын құруды қамтамасыз ету қажет» деген салмағы ауыр міндет қойғаны белгілі.

Әлгінде айтқан, алдағы 30-40 жыл­дың негізгі трендтерін тізе кеткен «Қазақстан-2050» стратегиясы жарияланғаннан кейін екі жыл екшеліп, Президенттің арнайы Жар­­­лы­ғымен 2014 жылдың 13 қаң­тарында «Көлік жүйесі инфра­құры­лымын дамыту мен инте­гра­ция­лаудың 2020 жылға дейін­гі мем­лекеттік бағдарламасы» қабыл­данған еді.

Қысқаша қайырсақ, оның нәти­жесінде 30 мың км автомобиль жол­дары мен 8,2 км теміржол күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылады; сапалы қызмет көрсету талаптарын қанағаттандыру үшін бүкіл теміржол вокзалдары, әуежайлар,  автобекеттер стандартқа сәйкес­тен­діріледі; тұрғындар саны 100 мың шамасын­дағы елді мекен­дер тұрақты автобус маршрутымен қамтамасыз етіледі, барлық әуежайлар ИКАО талаптарына жауап беретіндей сапада жабдық­талып, теңіз портының жүк арту, тасымалдау көлемі 40%-ға дейін артады. Жалпылай алғанда, барлық көлік түрлері бойынша транзиттік жүк 2 есе, жолаушылар тасымалы 1,5 есе артып, Қазақстан логистикалық тиімділікті бағамдайтын LPI көр­сет­к­іші бойынша 88-орыннан 35-ші орынға «сілеусін секіріс» жа­­­сауы тиіс. Иә, оның орындалуы уа­­қыт еншісінде дейік. Дегенмен, көрсеткіштердің көз жетпес көк­жиек­тей көрінбейтініне бүгінге дейін тындырылған ірі жобалар сенім ұялатады.

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» дәлізі

«Ұлы Жібек жолы» дейтін  тарихтың қойнауында өшкіндеп қалған ұғымды жаңа заманға лайықтап  қайта жаңғыртқан  8445 шақырымдық автодәліздің қазақстандық бөлігі аяқ­талуға жақын. Жоба басталғалы бері 1727 шақырым жол күрделі жөн­деуден өтті. Ірі транзиттік бағыт­тарға барып қосылатын автобан таяу жылдары Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай және Батыс Еуропа елдерін дәнекерлеуші  дәліз ретінде экономикаға соны серпін береді.

Биыл жыл соңына дейін төрт облыстың аумағын кесіп өтетін 157 шақырым жол пайдалануға берілмек. Сондай-ақ Шымкент пен  Ресей қалаларын, Тараз бен Алматы арасын жалғайтын бөлік те әне-міне  ағын­даған көлік нөпіріне кенеледі.

Ал, келесі жылы Алматы-Қорғас, Ташкент-Шымкент,  Шымкент-Жам­был облысының елді мекендері аралы­ғындағы жолда  құрылыс жұмысы қарқынды жүрмек.

«Одан бөлек, Елбасының тапсырмасымен трансшекаралық автодәлізді тарамдатып, өз ішімізде «өрмек салатын»  Орталық-Оңтүстік,  Ор­та­лық-Шығыс, Орталық-Батыс  авто­­­­жолдарының құрылысы басталып кеткен.  Жалпы ұзындығы 4 ша­­­қы­рымға созылатын тақтайдай те­гіс жол іске қосылар болса, еліміз арқылы өтетін автомобильдердің жүк тасымалы көлемін 1,5 есе көбейтуге мүмкіндік береді.  Салыстырма үшін айтар болсақ, ол көрсеткіш былтыр 1,56 млн тоннаны құраған.

Бұл орайда, еліміздің индус­­­т­рия­лық, сауда-логистикалық қарқы­ны жағынан көш басында тұрған Алма­тының айналма жолының да  маңызы зор» дейді   ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев.

Автомобиль жолдары комитетінің берген мәліметінше,  әзірге аталмыш жоба концессиялық келісім негізінде дайын, яғни инвестицияны қажет етеді. Ұзындығы шамамен 65,5 шақырым болатын айналма жол салынса, аузы-мұрнынан шық­қан Алматыдағы көлік кептелісін  жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен  қатар шаһар сыртында өндірістік-логистикалық тізбектің қалыптасуына мүмкіндік береді.

Қиырларды жалғаған ҚТЖ

Әлбетте, ұлттық тасымалдаушы деген үлкен атаққа лайық құрылым – Қазақстан темір жолын  осы бет алған қалыптан жазбай реформалау көп  күрмеудің түйінін шешеді.

Осы орайда, биыл тамыздан бас­тап отарбалар ойқастай бастаған Жезқазған-Бейнеу (1036 км)  және Арқалық-Шұбаркөл (214 км) темір­жол бағытын саланың үлкен табысы деп атауға болады. Жаңа рельс түскен аймақтар жанданып сала бергеніне сол  төңіректе ашылған  3,5 жаңа жұмыс орны, келешекте салынатын 2 мектеп, 2 балабақша, 204 тұрғын үйдің өзі айғақ.

Әлбетте, Қазақстан темір жолы­ның  2020  жылға дейінгі қолға ал­ған қомақты шаруасы – темір жол саласының мүлік-мүкәмәлін ескі-құсқыдан арылту. 2009-2012 жылдар аралығында «Alstom», «General Electric»,  «Talgo»  сынды әлемдік аты бар өндірушілермен бірлесіп ашқан Астанадағы тепловоз, электровоз, жолаушылар вагондарын құрас­тыру зауыттары, Петропавл мен Екібастұздағы жүк вагондары зауыты Кеңес өкіметінен бері өзгеріссіз келе жатқан саланың «жабағы жүнін бір түсірумен»  қатар,   отандық өндірісті өрістетіп, мыңдаған адамдардың табысты мамандықтан нәпақа айыруына алғы­шарт жасады.

Енді соны санмен сараласақ, тек былтырдың өзінде «Алматы-Атырау», «Астана-Атырау», «Алматы-Петропавл» бағытындағы үш құрам тальго вагондарымен жабдықталды. Ал, ағымдағы жылы  №79/80 «Астана-Шымкент», №49/50 «Алматы-Ақтөбе» бағыттарындағы жолаушылар іші ұядай испан вагондарымен сапарлау бақытына ие болды.

Осылайша  «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жаңа вагондарды іске қосумен бірге, қызмет көрсетудің ұлттық стандартын алға ұстап,  үйден 40 қадам ұзап шыққан жолаушы-мүсәпірдің әжетіне жарайтын ұсақ-түйектің бәріне көңіл бөле бастауы да лайықты бағаға лайық.

«ҚТЖ» ұлттық компаниясының кеңесшісі Юрий Лавриненконың айтуынша, осы үдемен ұлттық тасымалдаушы  жүк тасымалы вагондарының паркін де жаңартуға көшті.  Айталық, 2020 жылға дейін біртіндеп сатып алу жолымен 18533 вагон ауыстыры­лады. Сондай-ақ, Елбасының тап­­сыр­масымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы базасында ұлт­­­т­ық логистикалық оператор құ­рыл­­ды. Ол тек темір жол ғана емес, «есік­тен есікке дейін жеткізіп беру» ұстанымымен тапсырысты тиянақты тын­­дыратын құрылым ретінде дамы­мақ.

Ақтау порты

Ақтау порты,  бір қарағанда, ша­ғын көрінгенмен, Каспийдегі экспорт-импорт жүк айналымының 30%-ын атқарып отырған айлақ екен. Бү­гінгі таңда  өз жобалық күшінің шегінде жұмыс істеп жатқан порттың тұтынушылары жыл өткен сайын артуда,  сол себепті аумағын кеңейтіп 3 құрғақ жүк терминалын салу қолға алынды.

Жекелей айтар болсақ, 2012 жылы қосалқы айлақтың гидротехникалық қалқаны салынды, былтыр табаны шегенделді, сондай-ақ сингапурлық  кәсіпорынмен бірігіп, IPD компаниясы құрылды.  Ал, биыл желтоқсан айында сыйымдылығы 1,5 млн тонна астық терминалы пайдалануға берілмек. Жоба толықтай тәмамдалғанда, Ақтау портының жүк өткізу мүмкіндігі жылына 20,5 млн тоннаға дейін жетеді. Парсы шығанағына Түркіменстан арқылы темір жолдан сүрлеу салған Қазақстанның «теңіз қақпасы» да келешектен көп үміт күттіреді.

Қорытындылай айтқанда, еліміз­дің көлік-логистикасы Қазақ­стан эконо­мика­сының жетеккүші  еке­нін соңғы жылдар аңғартып тастады.

Өйткені, жаңа жол салынған, рельс түскен, әуе қатынасы ашыл­ған аймақтардың бойына қан жүгіре бастағанын өмірдің өзі көрсетіп жатыр.

Осындайда Елбасының «жүз жер­ден зауыт, фабрика ашайық, бірақ оның өнімін тасымалдайтын көлік-логистика болмаса, еңбек еш болады» деген сөзінің өзектілігін тағы да еске аламыз.

 

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button