Жаңалықтар

КЕПТЕЛІСКЕ ТҮСКІҢІЗ КЕЛМЕСЕ…

ERA_9099

Елордамызда жаз маусымында велосипедпен жүретіндер көп.
Кептелістегі күн қыздырған көлік ішінде отырғанда жанымыздан жүзін самалға өптіріп, велосипедші зуылдап өтсе, қызығып қарайтынымыз да өтірік емес.
Иә, жұрт көліктің неше түрі, пойыз, тіпті, ұшақ шықса да, бәрібір, велосипедтен бас тартпайды екен. Екі аяққа – күш, қан айналымын жақсартып, бойға қуат бітіретін, діттеген жеріңе де жетуге мүмкіндік тудыратын бұл «темір тұлпарды» астаналықтар да теріс көрмейді.

Өткен жылы Астана әкімдігі, «Самұрық қазына» ҰӘҚ, ҚР Спорт және дене шынықтыру жөніндегі агенттігі арасында велосипед жолы инфрақұрылымын дамыту туралы меморандумға қол қойылған.
Келісімге сәйкес, Астанада велосипедті жалға беретін автоматтандырылған пункттер ашылып, іске қосыла бастаған еді.
Соның нәтижесінде мыңдаған адам арнайы карточка аштырып, қала ішінде велосипедпен жүруді әдетіне айналдырған екен. Бұл қаладағы көлік қозғалысының азайып, экологияның таза сақталуына аз да болса ықпалын тигізетін жаңа бастаманың халық тарапынан қолдау тапқанының нақты дәлелі еді.
Жоспар бойынша, 2015 жылы 200 жаңа велосипед сатып алу, қаланың сол жағалауының орталығынан 40 велопарк ашу көзделгені белгілі. Қазіргі күні, белгілі болғандай, оң жағалаудан да 110 велотұрақ ашу мақсат етілуде екен. Тиісінше тағы 1000 велосипед алу қажеттігі туып отыр.
Сонда қаламызда ұзын-саны 160-қа тарта велосипедті жалға алатын автоматтандырылған парк болмақ. Олардың әрбіріне сұранысқа қарай 8-10 велосипед қойылады.
«Astana bike» берген мәліметке сүйенсек, биыл велосипедпен жүруге көпшіліктің құлшынысы арта түсіпті. Азаматтар қазірдің өзінде «Мега», «Хан шатыр», «Азия парк», тағы басқа орындардағы операторлар арқылы өздеріне карточка аштырып алуда. Карточкаға ақша аударып отыру арқылы, автоматтандырылған велосипед парктерінен «шайтан арбалардың» біреуін алып қолдана алады. Бұл қызметті алғаш тұтынып отырған адамға бірінші жарты сағат сыйлық ретінде тартылады екен. Одан әрі әрбір сағат сайын шотындағы 100 теңге төлем ретінде алынады.
«Astana bike» қызметкерлерінің айтуынша, парктердегі велосипедтерді вандализмнен, ұры-қарының теріс ниетті әрекеттерінен сақтау үшін барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Ол үшін арнайы компьютерлік жүйе жұмыс істейді.
Сонымен, қазірдің өзінде елордадағы операторлардан жүзден астам адам келіп, карточка аштырып үлгеріпті.
Аталмыш қызмет түрін пайдаланушыларға карточкамен бірге арнайы жол қауіпсіздігі ережелері мен нұсқаулығы көрсетілген «Велосипедші жадынамасы» кітапшасы беріледі.
14 жастан асқан кез келген азамат қауіпсіздік ережесімен таныса отырып, қаладағы жалға берілетін велосипедті тұтына алады.

P.S.
Қолданыстағы «Жол қауіпсіздігі» ережесі бойынша, велосипедші жолда жүргенде жаяулар қатарына жатқызылады. Айталық, олар бағдаршамнан, жаяу жүргіншілер өтпесінен велосипедін сүйреп жаяу өтуге тиісті. Алайда, жаяулармен қатар велосипедшілерге тротуар­мен жүруге тыйым салынған.
Осындағы бір кілтипанды жою үшін қазір Астана әкімдігі жұмыс істеп жатыр. Астана қаласының 2030 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес, қалада ұзындығы 206,5 километрге дейін жететін велосипед жолдары салынатын болады.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button