Басты ақпарат

Кептелістен қалай құтыламыз?

Елордадағы көлік кептелісі көп адамның жүйкесін жұқартып, орынды наразылығын туғызып жүр. «Егер қала көшелеріндегі бұл қиындықтарды жояр жол табылмаса, болашақта барар жерімізге көліктен гөрі жаяулап жүріп жылдамырақ жетеміз бе?» деген қауіп те бар. Әсіресе «қауырт шақ» деп аталатын таңертеңгі сағат 8.00-9.30-ға дейін, түскі 12.30-14.30-дың аралығында, сосын кешкі сағат 18.00-19.30-ға дейін сол жағалаудағы көлік кептелісінен көп адам зардап шегуде. Қазір осы мәселелер қала тұрғындарын дендеп алаңдата бастады.

[smartslider3 slider=3427]

Ұсыныстар ескерілмей жатыр

Әрине, ресми тіркелген төрт жүз мыңнан аса көлігі бар ірі мегаполисте көлік кептелісінің болуы, былай қарағанда, заңдылық та сияқты. Қазір әр отбасы мүшесінің бас-басында бір-бір жеңіл машинасы бар десек артық айтқандық емес. Әсіресе, таңертең балалар сабаққа барар уақыт пен оларды мектептен алар мезгілде қала көшелері жеңіл машинаға иін тіресіп кетеді. Ал «City Transportation Systems» ЖШС мекемесінің мәліметіне сү­йенсек, бүгінде көлік ең көп жүретін Тұран, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдары мен Сығанақ, Түркістан және Сарайшық көшелері екен.

Бұл көшелерде «қауырт шақ» кезінде көлік тасқынының орташа жылдамдығы сағатына 7-10 шақырым болатын көрінеді. Ал былайғы уақытта автокөліктер аталған көшелермен орташа алғанда сағатына 35-40 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Алайда шаһардың сол жағалауындағы осы көшелердің күні бойы өткізу мүмкіндігі бірдей болмағандықтан, көлік кептелісінің орын алатыны сөзсіз. Міне, осы қиындықтардан қалай шығуға болады?

«Бұл жөнінде қазір тиісті органдар жұмыс жүргізіп жатыр. Қосымша көпірлер салу, жол айырықтарын кеңейту, көше қиылыстарында солға бұрылатын жол айырықтарын көбейтуді, айналма бұрылыс алаңқайларын іске қосып, көлік кептелісін азайту үшін басқа да оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалану жөнінде ұсыныстар түсуде» дейді «City Transportation Systems» ЖШС басшысы Бекмыр­за Игенбердиев.

«Әрине, бұл ұсыныстар жүзеге асса, қалаға түсіп тұрған көлік кептелісін аз да болса жеңілдетуге мүмкіндік туары анық. Сонымен қатар алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласындай ірі мегаполиске сырттан кіретін көліктерден ақы алу үдерісін де енгізу мүмкіндіктері қарастырылуда. Дегенмен шаһар ішінде жүретін қоғамдық көліктердің жүрісін жақсартып, адамдар соған көбірек иек артпай, жағдайдың түзеле қоюы екіталай».

Рас, осындай кептелістерден жететін жеріне уақытында жете алмай мезі болған жұрт «бұдан гөрі автобуспен жүргенім артық еді» деп жатады. Әрине, қалада автобус қатынасы жолға қойылған. Нұр-Сұлтан қаласында тоқсан алты бағдар бойынша бір мың бір жүз автобус қатынайды. Бірақ миллионның үстінде халқы бар шаһарға бұл да аздық етіп отыр. Болашақта желілік көлікті кешенді түрде дамыту жоспары ұсынылғаны белгілі. Алайда сыйымдылығы үлкен, қатынау жиілігі қатаң түрде ереже-кестеге сәйкес арнайы жолақпен жүретін автобустар көбірек болса, іс те соғұрлым тезірек оңғарылар еді. Қазір жоғарыда аты аталған мекеме әзірлеген шаһардағы көлік жүйесін кешенді түрде дамыту жоспары қалалық мәслихатқа ұсынылды.

Бекмырза Игенбердиевтің айтуынша, біздегі ең басты мәселе – тұрғын үй кешенін салған кезде қоғамдық көліктің қатынасына байла­нысты мәселелер ескерілмейді екен. Бүгінгі таңда құрылыс жобасын жасағанда ең әуелі қоғамдық көліктің жүріп-тұру жолы мен заман талабына сай аялдамалар мәселесін басты назарға алу маңыздырақ болып отыр.

«Егер қаланың кешенді көлік сызбасы сәтті жүзеге асырылатын болса, көлік кептелісі мәселесі де өзінен-өзі шешілер еді» дейді мамандар.

Бағасы емес, тиімділігі маңызды

Елордаға рельсті көлік қажет деген сөз көптен айтылып келеді. Онсыз көше кептелісін таяу жылдарда азайту мүмкіндігі көрінбейді. Сондықтан мамандар бүгіннен бастап осы бір маңызды шаруаны қолға алу керектігін үнемі айтып келеді.

«City Transportation Systems» ЖШС басшысы мұны «құрамалы желі деп те атаса болады» дейді. Өйткені бір жерде жердің үстінде, екінші бір жерде мүмкіндікке қарай жердің астында, ал үшінші жерде жоғарыға көтерілген желілік рельстік көлік қатынасы болуы мүмкін. Міне, осы нұсқаны біз сызба түрінде нақтылап, қағазға түсіріп, ұсындық. Осыны енді санап, есеп-қисабын шығарып, бағалап, артық-кемін айтып, жүзеге асыру ғана қалды.

«Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, бізде желілік рельсті көлік (ЖРК) құрылысын салуға деген ұмтылыс болғанын білеміз. Дегенмен ол әлемдегі ең қымбат жоба болғандықтан, жүзеге аспай қалды. Енді осы қателіктерді қайталамай, көрпемізге қарай көсіліп, қала тұрғындарының көшелерде көлікпен жүруін жеңілдететін ыңғайлы жобаны таңдағанымыз абзал. Бізге оның бағасы емес, тиімділігі маңызды.

Қазір баға күннен-күнге шарықтап барады. Тездетіп іске кіріспесе, енді бірнеше жылдан кейін мұндай желілік рельсті көліктерді жүргізу қиынға соғуы мүмкін. Неге десеңіз, шаһардағы кез келген бос жерге қалталы бизнесмендер зәулім тұрғын үй салып, оны сатуды табыс көзіне айналдырып алғаны ешкімге жасырын емес. Мұндай үйлерді ысырып тастап, орнына желілік рельсті көлік жолын салу бюджетке өте қымбатқа түсері сөзсіз.

Тіпті сол жерге жер асты­нан жүргізгеннің өзінде кез келген желілік көлік түріне жер үстінде аялдама алаңқайы салынуы керек. Оның өзі де алдын ала жоспарлап, ойлас­тыруды қажет етеді.

«Жасыратыны жоқ, бас қала болғанмен, елордада ұзақ жылдар бойы көлік инфра­құрылымын дамытудың бірыңғай нақтыланған жоспары болған жоқ. Ал қаланың бас жоспары үнемі өзгертіле беретін болған. Мәселен, кезінде атақты сәулетші Кисе Курокава Астананың бас жоспарын сызған кезде ешқандай бағдаршамсыз ұзын көше – хорда ұйымдас­тыруды ұсыныпты. Бірақ ұсыныс қоғам тарапынан қолдау таппаған соң аяқсыз қалды. Негізі, халқы күн санап өсіп келе жатқан ірі мегаполисте ең бірінші көлік жолын нақты жолға қойып алмай, иін тірес­тіріп құрылыс жүргізу үлкен қиындық туғызары сөзсіз еді. О бастан қаладағы көлік жолының жобаларына сол саланың майын ішкен ірі мамандарды тартқанда жағдай бүгінгідей болмас еді» дейді Бекмырза Игенбердиев.

Ең қолайлы көлік – автобус

Қазір, қалай десек те, қалада таяудағы бір-екі жылда қоғамдық көлікте автобусқа балама болмайын деп тұр. Бірақ кейінгі кезде қала тұрғындарының автобус­тардың жүру жиілігіне, бір автобус бір бағдарға ұзақ жүретіндігіне наразылық білдірген арыз-шағымы естіліп қалып жатады. Рас, құзырлы органдар 2014 жылдан бері автобус бағдарларын жаңартып, жақсартып, жолау­шыларға ыңғайлы да тиімді болуы үшін жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта өткен жылдары 838 ыңғайлы да жайлы жаңа автобус сатып алыныпты. Диспетчерлік қызмет жетілдіріліп, қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігі енгізілген. Қала көшелерінде арнаулы тек автобустардың жүруіне арналған жолақ белгіленді. Екі жылда қосымша 45 жаңа бағдар ашылып, 72 автобус бағдарының жүру ұзақтығы азайтылған.

Алайда қала үнемі өсіп, өркендеу үстінде болғандықтан, мұның барлығы да аздық етіп отыр. Қанша жаңа автобус сатып алынып жатса да, әлі қалаға 400-дей автобус жетпейді. Егер осы кемшіліктерді тездетіп, таяу уақытта түземесе, қала халқының мынандай өсу қарқынымен енді бір бес жылда шаһарға 900-1000 автобусқа дейін қажеттілік туындайды екен. Соған сәйкес жүргізушілер де жетіспей жатады.

Алдағы уақытта инвесторлардың көмегімен елордаға 100 электробус алу мүмкіндігі туып отыр. Соның арқасында келесі жылдары қалада қосымша тағы үш бағдар ашылады деп күтілуде. Ал автобус паркін жаңарту – болашақтың ісі.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button