Басты ақпарат

Кереевтің екі кереметі мен бір жұмбағы

«Кіші Жансен Кереев» деп қолын ұсынды жас жігіт. Кеңес Одағының көрнекті әскербасыларының бірі, генерал-лейтенант Жансен Кереевтің немересімен осылай таныстық. Ол 1986 жылы Берлинде, Шарите клиникасында дүниеге келген екен. Атын содан үш жыл бұрын жұмбақ жағдайда көз жұмған атасының құрметіне қойыпты. Астанада арнайы көрме ұйымдастыру мақсатымен ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайына соққан беті көрінеді. Жанында деректі фильм түсіру тобының өкілдері де жүр. Демек, мұны біз тарихи тұлғаға қатысты жаңа бір жобаның басталғаны деп топшыладық.

[smartslider3 slider=2879]

Сонымен, бұл қазақ Кереевті біле ме екен? Расында, Кереев деген кім? Ол 1930 жылы Ақтөбе облысы Бабатай ауылында дүниеге келген. Бұл – талай дүлдүлдер мен таланттар туған киелі топырақ.

Жансеннің балалық шағы соғыстың отты жылдарына тап келді. Тылдағы тауқыметті көппен бірге бастан кешіріп, қаршадай бала хат тасушы болып жұмыс істейді. Қаһарлы жылдардағы хат қоржынында халықтың қуанышы мен қайғысы қатар жататын. Еңбекке ерте араласып, вагоннан жүк түсіреді. Осының бәрі жасөспірімнің бойындағы қайсарлық пен төзімділікті шыңдап, тәрбиелесе керек.

1950 жылы Жансен Кереев әскер қатарына шақырылып, Куриль аралдарында қызмет атқарады. Көп ұзамай оған сержант атағы беріліп, бөлімше командирі болып тағайындалады. 1951 жылы Благовещенск жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіліп, оны 1953 жылы үздік бітіреді. 1953 жылдан 1956 жылға дейін Чита түбінде лейтенант шенінде взвод командирі болады.

1956 жылдан бастап Германия Демократиялық Республикасында орналасқан кеңес әскерлері тобына қызметке ауыстырылып, онда 1962 жылға дейін рота командирі қызметін атқарады.

Жоғары командование жас офицердің еңбекқорлығы мен ерекше қабілетін ескере отырып, оған М.Фрунзе атындағы әскери академияға түсуге ұсыныс жасайды. Сол оқу орнын 1965 жылы алтын медальмен аяқтайды. Академияны үздік бітірген оқу озаттарының есімдері қабырғаға алтын әріптермен жазылған. Соның ішінде Жансен Кереевтің де есімі бар. Ол жалпы осы атақты оқу орнын бітірген тұңғыш қазақ еді (жалпы «тұңғыш» сөзін Кереевке қатысты әлі талай рет қолданатын боламыз).

1965-1971 жылдары аралығында батальон командирі, дивизия штабы жедел бөлімшесі бастығының орынбасары, Ленинград әскери округінің мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болып қызмет атқарады. Тағы бір айта кететін жайт, оған подполковник және полковник әскери атақтары мерзімінен бұрын берілген екен. Бұл – Кеңес Одағы тұсында өте сирек кездесетін жағдай.

1971 жылы болашақ генералдардың ұстаханасы – Бас штабтың әскери академиясына оқуға қабылданады. Академия қабырғасынан Жансен Кереев әскери өнердің қыр-сырын барынша терең зерттеп, зерделейді, сөйтіп білікті командир болып шығады.

1973 жылдан бастап 27-гвардиялық мотоатқыштар дивизия­сының командирі, Германиядағы кеңес әскерлер тобының 3-армиясының штаб бастығы сияқты жоғары лауазымдарда қызмет атқарады. 1975 жылы оған генерал-майор әскери атағы беріледі.

Содан кейін тағы да білімін жетілдіруге Мәскеуге аттанып, 1979 жылы Бас штаб академия­сының академиялық курсын үздік бітіріп шығады. Әңгімемізді әрі қарай Ж.Кереев­пен қызметтес болған адамдар мен оның туған-туыстарының естеліктері негізінде жалғайық.

«Аса зор еңбекқорлық, жедел тактикалық ойлау қабілеті бар генерал. Маневрлер кезінде жағдайдың өзгерістеріне қарай шапшаң және дұрыс бейімделе алады. Армия штабында да, ГСГВ (Германиядағы кеңес әскерлері тобы) әскері ортасында да зор беделге ие. Әскери қимылдар көріністерін терең зерделей біледі». Бұл – Германиядағы кеңес әскерлері тобы штабының бастығы, генерал-полковник Д.Гринкевичтің берген мінездемесі.

«Ол графиканы керемет меңгерген еді. Жағдайды картаға өз қолымен түсіретін. Және оң қолымен де, сол қолымен де бірдей жұмыс істей беретін» деп жазады кейін Кеңес Одағының Қорғаныс министрі болған маршал Дмитрий Язов.

Сөйте тұра, бүкіл әскери өнерді бүге-шігесіне дейін меңгерген, кемеліне келген генералды кенеттен елеусіз, ел ішіндегі Привольжск әскери округі қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығы етіп жібереді. «Округ қолбасшысы генерал-полковник В.Кончиц болатын. Кончицке Қорғаныс министрлігінің басшылығы оған орынбасарлыққа ең мықты стратег пен практиктің бара жатқанын ескерткен еді. Бұған қолбасшы бір емес, бірнеше рет, әсіресе «Қалқан» халықаралық ауқымды оқу-жаттығулары кезінде көз жеткізді. Сол 1979 жылы оған генерал-лейтенант атағы берілді» деп еске алады генералдың келіні, полковник Артур Кереевтің жұбайы Найля Кереева.

Таланттардың бірін-бірі танитыны сияқты, ұлы адамдардың да арасын бір нәзік сәуле жалғап тұрады. Кереев пен Қонаевтың қарым-қатынасына қатысты да осыны айтуға болады. Өзінің ең соңғы іссапарына – Вьетнамға аттанып бара жатқанда Алматыдағы пәтеріне Қонаевтың арқасында қол жеткізген көрінеді.

1982 жылы ол Оңтүстік Азияға – Вьетнам халық армиясы Бас штабы бастығының аға кеңесшісі және бір мезгілде сол елдің Ұлттық қорғаныс министрлігі Әскери кеңесі бастығының бірінші орынбасары қызметін атқаруға жіберіледі. Ж.Кереев мұнда да өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарады. Алайда келіні Найляның естелігіне сүйенсек, ол тура және шыншыл мінезінен зардап шеккенге ұқсайды. Сол жылдары Лаос пен Камбоджада батыс тауарлары мен жапон техникаларын сатып алуға болатын. Кейбір әскерилер мен олардың отбасы мүшелері жауынгерлік тікұшаққа тиеп, тауар тасуды әдетке айналдырған көрінеді. Бұл қылмыстық жазаға тартылатын әрекет еді. Бірде қалың тұманда тікұшақ апатқа ұшырайды. Экипаж түгел, тілмаш та бірге қаза табады. Елге демалысқа аттанарда генерал Кереев «кеңесшілердің» қылығы туралы КСРО Қорғаныс министрлігінің басшылығына мәлімдейтінін жасырмаған. Әйтсе де сапар алдында әлгі «әріптестері» ұйымдастырған шығарып салу дәстүрінен бас тарта алмаған. Мәскеуге жеткен бетте ол ауруханаға жеткізіледі. Дерттің бірден асқынып, ағзалардың бірінен соң бірі тез істен шығуына дәрігерлердің өзі таңғалған.

Жұмбақ өлімнің сырын білгісі келген туыстарына істің құпиялылығын желеу етіп, оларға әрі қарай да өмір сүру керектігін, офицер ұлына салқыны тиюі мүмкін екендігін емеурінмен ескерткен.

Кіші Жансен 2015 жылы Вьетнамның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесіпті, сонда ол да бұл іске қатысты мәліметтердің әлі күнге құпия екендігін растаған. Сонымен бірге Ж.Кереевтің вьетнам халқы алдындағы еңбегі зор екендігін, оның есімі Хо Ши Мин мавзолейіндегі құрметті Сары кітапқа жазылғанын айтқан. Сол 1983 жылы Ж.Кереев Вьетнамның І дәрежелі «Жауынгерлік ерігі үшін» орденімен марапатталғанын естеріңізге сала кетейік.

Жансен Кереевтің жалғыз ұлы полковник Артур Кереев тәуелсіздік алған тұста елге келді, бірақ ғұмыры қысқа болды. Бригада командирі қызметін атқарып жүрген кезде кенеттен көз жұмады. Жүрегіне жүк түскен. Әйтпесе кезінде М.Сапаров, Ә.Жарболов сияқты қазақ генералдарымен бірге оқыған болашағы зор офицер болатын. Әкесі 53-те, ұлы 43 жасында жасындай жарқ етіп өте шықты. Кіші Жансен де «Жас ұлан» әскери мектебін бітіргенмен, кейін азаматтық мамандықты таңдапты. Қазір атасы туралы кітап дайындап, деректі фильм түсіруде. Мақсаты – ер есімін ел есінде қалдыру.

Марқұм анасы Найля Қойшыбайқызы 2010 жылы Қорғаныс министрлігінің басшылығына еліміздегі жоғары әскери оқу орнының біріне Ж.Кереев есімін беру туралы ұсыныс айтып, хат жазған екен. Министрлік жауап хатында бұл мәселенің қаралатыны, бәлкім, Щучинск қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетіне берілу мүмкіндігі айтылған еді. Алайда іс аяқсыз қалды. Кейін аталмыш оқу орнының елордаға қоныс аударып, оған Елбасының есімі берілгені белгілі.

Жұмекен Нәжімеденовтің «Бетімізге күйе қылып жақпасақ, Біздерде де талай мықты болыпты» деген өлең жолдары бар. Қалай дәл айтқан. Сонымен, Кереевтің екі кереметіне келейік. Бірінші, қатардағы солдаттан генерал-лейтенант дәрежесіне жеткен тұңғыш қазақ. Екінші, әскери училищеден бастап екі әскери академияны және оның жоғарғы курсын түгел үздік бітірген тұңғыш қазақ. Бүгіннің өзінде біздің генералитеттің ішінде осындай толық және жан-жақты әскери білім алған ешкім жоқ. Ал жұмбағы – оның әлі күнге дейінгі құпия өлімі.

Әбубәкір Смайылов

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button