Басты ақпаратРуханият

«Керек» сөзі қалай түрленеді?

Қазақтың тілі бай әрі барынша көркем екеніне ешкімнің де дауы болмас. Сол бай тіліміздің құрамында сөйлеушінің сөйлем мазмұны жайлы пікірін, көзқарасын (мақұлдауын, болжамын, қалауын, тілеуін, міндетін, күдік-күмәнін немесе нық сенімін) білдіруіне байланысты модаль сөздер деп аталатын санаулы сөздер бар.

«Керек», «қажет» және «тиіс» сөздері осы құрамға кіреді. Табиғаты сөйлемде баян­дауыш қызметінде жұмсалуға бейім бұл сөздер қолданылу барысында зат есімге айналуға қабілетті. Көп жағдайда олар заттық ұғымға өтіп, түрленіп жұмсалады. «Қажет», «тиіс», «керек» сөздері өзара синонимдес бола тұра, «тиіс» сөзі ғана жіктеледі: Мен оқуға тиіспін, сен оқуға тиіссің (тиіссіз), ол оқуға тиіс. «Керек», «қажет» сөздерінің алдында етістіктен басқа сөз табы тұрған жағдайда ғана (барыс септігінде) жіктік жалғауын қабылдайды. Мысалы; біз қоғамға керекпіз, сен маған керексің, ауылға мәдениет үйі керек.

Бар ғұмырын ұлтының қамын ойлап, жұртының жоғын іздеп, кемтігін толтырып, керегін түгендеуге арнаған А.Байтұрсынұлы көсемсөздерінде «керек» сөзін молынан қолданыпты. «Жиылғандар құр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болмақ керек» («Бас қосу турасында»), «Программа­да керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табыларға керек» («Оқыту жайынан»).

Кейінгі кезде осы -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтары мен -ға, ге, -қа, -ке барыс септігі жалғауының орнына -у тұйық етістігін пайдалану нұсқасы ғана сақталған тәрізді. Неге екені белгісіз, қазіргі жазармандар жоғарыдағы сөйлемді: «Жиылғандар құр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болу(ы) керек». «Программада керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табылу(ы) керек» деп жазары анық. Мүмкін, бұл кемшілік емес, қолданыстағы артық буындардың табиғи жолмен сұрыпталу кезеңі немесе сөздердің күзеліп, түлеуі шығар. Ол жағын мамандар айқындай жатар.

Керектің алдында келетін -са, -се жұрнағы ­Ахмет Байтұрсынұлында көп кездесе бермейді: «Соғысатын қандай жұрттар, қай жағының күші басым екенін оқушылары­мыздың білетіндері де, білмейтіндері де бар болса керек» («Соғысушы патшалар»). «…бұрын губернаторлар бекітетін лауазымдарды ­крестьянский начальниктерге беру әбден дұрыс болса керек» («Сайлау һәм партия мәселесі»), «…бұрынғы ескі волостной соттың мұршасы жеткілікті болса керек, яғни 7 күн тұтқындық пен штраф ғана боларға» («Народный соттың мұршасы»), «Мұндайда «Нұр Мұхамедұғлы» деу ыңғайлы болса да, «Бөкейханұғлы» деп атасының ұлы қылып жазудың реті келмесе керек», «Және де, мұндайда «ұғлы, қызы» делінбей, әкесінің аты қалып, «Нұрғали Құлжан» я «Нәзипа Құлжан» деп жазсақ, жай екі кісі аталып тұрған секілді болады һәм ілгері-кейін тұрғанынан байқалмаса, араласқанда қайсысы өз аты, қайсысы фамилиясы екендігі білінбей қалса керек» («ОВ» туралы»), «Әскер, қасына ерген қосшы-қолаңымен, 20 миллионнан артса керек» («Қазаққа ашық хат»).

Ұлттың рухани көсемі: «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз – кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. «…күшті болу керекпіз» демепті, «…күшті болуымыз керек» депті, «…жұмыс істеу керекпіз» емес, «…жұмыс істеу керек» деп жазыпты.

Тағы бір назар аударатын нәрсе: кейінгі кезде «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек» дегенді барыс септігі жалғауынан қашып, «үшін» шылауына жүгінуге көшкеніміз, «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Күшті болу үшін бірлік керек» деуге бейім тұратынымыз. Әрине, бұл орыс тілінен аудармадағы «для» сөзінің («үшін» шылауының) ықпалынан болса керек. «Менің сабақ оқуым керек» деген жақсыз сөйлемді «Маған сабақ оқу керек» деп айту да орыс тілінен («мне» – «маған») сөзбе-сөз аударудың салдары екені көрініп тұр. «Мен сабақ оқу керекпін» деу – тіпті орынсыз.

«Керектің» тіл заңды­лығынан алшақ түрде жік­телуіне жол бермеуіміз керек (жол бермеу керекпіз емес). Керек сөзінің алдында келетін етістіктің (бер (етістік) + болымсыз + тұйық етістік + тәуелдік жалғауы)) тәуел­денетінін білген адам бұл қатені жібермеуге тиіс. Тәуелсіз блогерлердің орынды-орынсыз сөз саптауына құлағымыз үйренгені соншалық, дұрыс-бұрысын ажыратудан қалдық. Алайда мемлекеттік БАҚ-тардағы, үлкенді-кішілі түрлі арнадағы тілші-журналистерге не жорық?! Бүгінгі ұрпақ көз алдымызда «білу керек», «білуіміз керек», «оқу керек», «оқуымыз керек» деп айтылуы тиіс сөздерді «білу керекпіз», «оқу керекпіз» деп айтатындарды көріп, тыңдап өсіп келе жатыр. Әуелі өзіміз, үйдегі ата-ана, балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдер, барша қоғам болып тіл тазалығына ұқыпты қарап, жауапкершілік танытуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, әрбіріміз болашақ алдында айыптымыз.

Бейімбет АПАХАНОВ,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Ақмола облысы, ­Целиноград ауданы, ­Мәншүк ауылы

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button