Жаңалықтар

КЕРЕКУДЕН КЕЛГЕН ДӘМ

Апта сайын әр сенбі, жексенбі күні Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда облыстар өткізіп жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қарапайым халық дән риза. Өткен 5-6 қазан күні қалыптасқан дәстүрді Павлодар облысы жалғас­тырып, ауыл шаруашылығы жәр­меңкесін өткізді. Алдын ала алты киіз үй тігіп, ішін жасандырған Ертіс өңірі еңбеккерлерінің елорда­дағы жәрмеңкеге мықтап дайын­дал­ған­дықтары көрініп тұр. Аймақтың 150 кәсіпорны 1000 тоннадан аса азық-түлік өнімдерін алып келіпті.

– Бұл – өңірлерді елордаға жа­қын­дататын үлкен үрдіс. Бүгінгі керекеуліктер ұсынып отырған мол дәмге қарап, біз аймақтарымызда ауыл шаруашылығының дамығанын көреміз, – деді жәрмеңкені аралап көрген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Ал, делегацияны бастап келген облыс әкімі Ерлан Арынның айтуынша, облыс былтырдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп жұмыс істеп келе жатыр екен. Қазір қоймада 206 000 тонна азық-түлік сақтаулы. Сондықтан облыс Астанаға тек екі күн емес, жыл бойы өз өнімдерін жеткізіп тұратын болады.
– Биыл біздің диқандардың төккен маңдай терлері ақталды. 800 мың тоннадан аса астық, 320 мың тонна картоп, 140 мың тонна көкөніс, 15 мың тонна бау-бақша өнімдерін жинадық. Соның арқасында елордаға 112 тонна ет пен ет өнімдерін, 51 тонна сүт өнімдерін, 90 мың дана жұмыртқа, 330 тонна картоп, 290 тонна көкөніс пен бақша дақылдарын, 45 тонна ұн, 49 тонна жарма мен макарон, 17,5 тонна күнбағыс майын, 10,5 тонна бал және басқа да тамақ өнімдерін әкелдік. Олардың бағасы да көңілге қонымды. Мәселен, сиыр мен қой етінің келісі – 900 теңгеден, жылқы етін – 1000 теңгеден, шошқа етін – 700 теңгеден, картоп, сәбіз, қызылшаны – 40 теңгеден, балды 1000 теңгеден ұсынудамыз, – дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жанат Шұғаев.

Сағи ОРАЛ 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button