Жаңалықтар

КЕСАПАТ, КИІКТЕРГЕ ҚАЙДАН КЕЛДІҢ?!.

27.05.2015-Kiuk

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі жаппай қырылған киіктердің саны 127 мыңға жеткен. Осы жан жабырқатар жағдай туралы ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков:
– Орын алған оқиғаның түрлі себептері қарастырылып жатыр. Соның ішінде топырақтан, судан, шөптен улану қаупі де бар. Енді біз киіктердің барлық жүріп өткен жерлерін тексереміз. Олардың өріс жолдары бойынша арнаулы экспедиция жасақтап жіберуді жоспарлап отырмыз.
Жалпы, осы апатты жағдай қалай басталып еді… 11 мамыр күні Торғай даласында, дәлірек айтқанда, Аманкелді ауданының Үрпек ауылына қарасты Жолоба қонысында 117 бас киіктің белгісіз себеппен өлгені туралы суық ақпарат тарайды. Алғашында бұған онша ешкім назар сала қоймады. Әдеттегідей, қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Ал келесі күні шығын бұдан он есе өршіп, мыңға жетеді. Сөйтіп, айналдырған екі-үш күн ішінде бес мыңға барады. Бұл қалыпта жағдай еместігі, сар даланың киелі жануарына келген індет екені жайында батыр атындағы аудан әкімдігі дабыл қағып, ол осы салаға жауап беретін республикалық құзырлы органдарға жетіп, жауапты мамандар арнайы тікұшақпен келіп, қауіпті жағдай орын алған Жолаба жайлауының 16 мың гектар аумағына карантин жарияланады. Кейінірек осы көрініс Ақтөбе мен Ақмола облыстарында қайталанады.
Тосын апат орын алғаннан бері бірталай күн өтті. Мамыражай мамырда аяқталды. Алайда, қос жанары мөлдіреп, сұлулықтың сәніне айналған ақбөкенге келген індеттің қайдан келгені әлі белгісіз күйде қалып тұр. Тіпті, оны анықтауға шетелдің мамандары да тартылады деген хабар тарады. Әйтеуір, елдің көкейінде осы мәселенің маңызды болып тұрғаны рас. Әсіресе, сол төтенше жағдай болған өңірлердегі тұрғындардың көңілдері күпті. Өйткені, олардың ойында «бүгінгі киікке келген кесапат ертең қолымыздағы қаймағымызды айырып отырған төрт-бес уақ малға келмесіне кім кепіл» деген сөз тұрары хақ. Сондықтан, індетті індете зерттеу үшін бір уақ көз ілуге болмайтынын ұғынған жөн. Білетін азаматтар бұл «пастереллез дерті болуы мүмкін» деген ой айтады. Өйткені, киіктердің аузынан ақ көбік ағып, ішінің кебіп кетуі осындай болжам жасауға жақындатып отыр. Ал, «пастереллез» – киіктердің ағзасында жүретін вирус. Ол дала жануарлары әлсіреген кезде пайда болып, қызуы көтеріліп, бас-аяғы 3-4 сағатта ішкі ағзаларын «жандырып» жібереді. Көбінесе, буаз бөкендер төлдейтін кезінде өршиді екен. Сондай-ақ, кейбіреулер: «Бұл әуеден төгілген гептиллдің әлегі» деген сөзде айтып жатыр. Бұған да нақты сенуге болмайды.
Жалпы, бұған дейін де киіктердің жаппай қырылуы Торғай даласында болған. Мәселен, «пастереллез» кеселі 1984 жылы 260 мың, 1988 жылы 427 мың киікті қырып кетті. Сол жылғы жағдай менің есімде қалды. Тоғыз жастағы бала едім. Біздің ауылдың іргесіне дейін ақбөкендер сұлап жатты. Олардың көзін жоюуға аузы-басын тұмшалаған адамдардың көп келді. Сол жағдай, міне, тағы қайталанып отыр.
Алайда, осыншама шығынға ұшыраса да, киіктердің саны жылдам көбейіп отырған. Өткен жылы еліміз бойынша олардың саны 250 мыңға жуықтаған. Оның 180 мыңдайы осы Бетпақдала популяциясына тиесілі екен. Бұл топқа жататын дала жануарлары өсімтал келеді. Бір өкініштісі, буаз ешкілер төлдеп үлгіре алмай қырылуы еріксіз жанды ауыртады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button