Мәдениет

Кеш арқауы – қазақ елі

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана» концерт залында көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстан және Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның «Жасай бер, Қазақ елі» атты шығармашылық кеші өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кешті елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырды.

[smartslider3 slider=1166]

Нұржамал Үсенбаеваны жұрт опера әншісі ретінде жақсы біледі. Кеш шымылдығы да қазақ өнерінің алтын қорына енген Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің партиясымен ашылды. Концерттің бірінші бөлімі де, негізінен, әйгілі әншінің шығармашылығына арналды. Онда ол ұлттық опера мен Еуропаның әлемге танымал опералық туындыларымен өнерсүйер қауымды сусындатты. Әншіні астаналық филармонияның симфония­лық оркестрі музыкамен сүйемелдеді. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Берік Батырхан мен бас дирижері Ернар Нұртазин дирижерлік пультке кезекпен-кезек тұрды. Нұржамал Үсенбаева жеке дауыста, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаевпен дуэтте және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова жетекшілік ететін камералық хормен қосылып ән салды.

Төлеген Мұхамеджанов – ел сүйіп тыңдайтын әсем әндердің ғана емес, бірнеше симфония мен операның, классикалық туындылардың авторы. Сонымен қатар кино және театр режиссері, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті», «Кішкентай ханзада» фильмдері мен Қазақстанның Халық әртісі, екі мәрте Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» кинотуындысына, басқа да кинофильмдерге музыка жазды.

Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толды. Композитордың «Заман-ай» әні «Семей-Невада» қоз­ғалысының әнұранына айналды. Концерттің екінші бөлімінде көрермендер Төлеген Мұхамеджановтың осындай белгілі туындыларына құлақ құрышын қандырды. Әсем әндер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова, Алтынай Жорабаева, Арайлым Рахымқызы, Мәдениет қайраткері Естай Мұқашев, елорда филармониясының солистері орындауында ұсынылды. Кешті филармонияның «Alem» эстрадалық би ансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі көркемдеді. Күйші-композитор, мәдениет саласының үздігі Айбек Бекбосын рояльге отырған композитормен бірге «Жалғыздық» композициясын күмбірлетті. Ал концерт нүктесін  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сүндет Байғожин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлеңіне жазылған «Город мой» және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңінен туындаған «Отан» әндерімен қойды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button