Мәдениет

«Кеш» қойылымы көрсетілді

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Кеш» қойы­лымының арнайы көрсетілімі өтті. Туынды авторы – Алексей Дударев. Қазақ тіліне аударған – Фариза Оңғарсынова. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Спектакльде басты рөлді театрдың негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 83 жастағы ақ самайлы актриса Рымкеш Омарханова сомдайды.

Драманың премьерасы 2009 жылы 5 наурыз күні өтті. Содан бері репертуардан түспей келе жатыр. Ақын Фариза Оңғарсынова аударма авторы ретінде спектакльдің дайындықтарында болып, премьерасына қатысты. «Кеш» 2010 жылы Тараз қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХVIII Республикалық фестивалінде гран-при иеленді.

Бұл қойылымда бар болғаны 3-ақ актер өз өнерлерін ортаға салады. Қаллеки театрының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова «Кеш» спектакліндегі басты кейіпкер Ганна рөлін ең алғаш 70 жасында сомдады. Бүгінде 83 жасқа толған ақ самайлы актриса Ганна рөлін өз деңгейінде сомдап жүр.

Василий (Мультик) рөлін екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар мен Болат Ыбыраев сомдайды. Никита (Гастрит) рөлін бір ғана құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов сомдап келеді. Ганна рөлін екінші құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Күлия Қожахметова кейіптейді.

Репертуардағы көрермен сұранысына ие «Кеш»  драмасы – философиялық мағынасы терең шығарма. Спектакльдің негізгі айтар ойы: «ата-анамызға мейлінше қамқорлық көрсетіп, парызымызды өтеуден кеш қалмайық».

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button