Басты ақпарат

Кешегі майдангер – бүгінгі ардагер

Ақмола қаласының тумасы Бабичев Александр Семенович 1921 жылы Александровка ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1938-1939 жылдары Ақмола-Қарталы теміржол желісінде жұмыс істеп, осы желіні төсеуге қатысқан. 1939 жылы Қызыл Әскер қатарына шақырылды. Батыс шекараға Брест-Литовскке, Солтүстік Буг өзеніне жіберілді. Курск доғасындағы шайқастарға қатысып, Украина, Румыния, Чехословакия­да соғысты, Жеңісті Венгрияда қарсы алды. 12-ші гвардиялық полкінің миномет ротасының командиріне дейін қызмет етті.

[smartslider3 slider=2755]

Соғыстан кейін №317 Қорғаныстық маңызы бар зауытта жұмыс істеді. 1954 жылдан бастап тың жерлерді игеру басталды, Александр Семенович өз өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстырды. 1981 жылы жасына байланысты зейнетке шықты, алайда 1996 жылға дейін жұмыс істеуін тоқтатқан жоқ. Өзінің еңбек жолы, жұмысқа адал қарау кезеңінде бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, төсіне ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін тақты.

Майдангерлердің бірі астана тұрғыны, бүгінде бір ғасыр өмір сүріп отырған ғұмыр иесі, ардагер қария 1922 жылы 12 желтоқсанда Мәскеу облысының Глуховицк ауданында дүниеге келген Губарева Анна Ивановна. Ол 1942 жылдың қыркүйегінде Қызыл әскер қатарына шақырылып, 1946 жылдың ақпан айына дейін қызмет етті. Литвада, Лиденбургте, Мальбургте, Энбергте 799-шы аэродромдық қызмет көрсету батальонының құрамында соғысты.

Демобилизациядан кейін үйге, бейбіт өмірге оралды. Зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін 20 жыл «Целиноградтяжстрой» трестінің «Отделстрой» СУ кадрлар бөлімінің аға инс­пекторы болып жұмыс істеді.ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалі және мерейтойлық медальдарымен марапатталған азамат.

Соғысқа аттанып, ерлік танытқан ардагер Кулик Михаил Григорьевич 1926 жылы Украина жерінде, Сум облысының Ахтыр­ка қаласында дүниеге келген. Мектепке 1937 жылы барып, 1941 жылы бітірді. Соғысқа дейін колхозда әртүрлі жұмыстарда істеген.

1943 жылы әскер қатарына шақырылып, атқыш болды. Украинада Пират станциясынан Киевке дейін соғысып, Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты.

Жоғарыда әлі де ерлігін қайталап айтып, жазып, паш етуге болатын, майданда ерлік жасаған бүгінгі ардагер қарияларымыз туралы жас ұрпақ оқырмандарымызға үлгі етіп, олардың өнегелі өмір жолымен таныстырып өту арқылы қария жасқа келген ардагерлерімізді алдағы Отан қорғау­шылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтап, оларға денсаулық тілейміз

Соғыстан кейін Сум облысындағы химия зауытында 1954 жылға дейін жұмыс істеді. Партияның шақыруы бойынша Қазақстанға тың игеруге келді.

1957 жылдан бастап зейнет­керлікке шыққанға дейін Целинтрансстройда станоктардың жөндеушісі ретінде жұмыс істеді. «І дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Құрмет Белгісі» ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, 12 медальді төсіне таққан ардагер, кешегі майдангер. Ол кісіге деген құрмет те азаймақ емес.

Бочаров Федор Ивановичтің жапондық соғыста танытқан ерлігі – ұрпаққа өнеге. Ол 1924 жылы 4 сәуірде Воронеж облысы Борневск ауданы Гудовка ауылында дүниеге келіп, 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылған. Қиыр Шығыста (Сахалин, Курильск аралдары) жапондықтарға қарсы соғыс­ты. 1947 жылы әскерден босап, Қарағанды облысы Анар станциясына көшіп келіп, еңбекке араласады.

Темір жол станциясында аға тексеруші болып 37 жыл жұмыс істеді.Ол «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, 9 мерейтойлық медальмен марапатталды.

Он сегіз жасында майданға шақырылған Дровосеков Владимир Иванович, 96 жаста, астана тұрғыны. Ол 1926 жылы 18 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Молотов ауданы Балкашино ауылында дүниеге келген. 1934 жылы мектепке барып, 6 сыныпты бітірді. Соғысқа дейін Ақмола қаласына зауыт-фабрика училищесіне жіберілді. 1941 жылдан 1943 жылға дейін №317 әскери зауытында 3-разрядты токарь болып жұмыс істеді.

1944 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, майданға жіберілді. 3-Белорусь майданында болған шайқастарға қатысты.

Соғыстан кейін Сахалин аралына жіберілді, онда ІІМ шекара әскерлерінің теңіз флотында қызмет етті. 1952 жылы Ақмолаға оралып, спецкомендатурада жұмыс істеді.

1954 жылдан 1986 жылға дейін вагон жөндеу зауытында цех механигі болып жұмыс істеді және зейнеткерлік демалысқа шықты.

Кезінде ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалі және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Ұлы Отан соғысының ардагері Жүнісбек Каримов, 96 жаста, 1926 жылы Ақмола облысы Қажымұқан ауылында дүниеге келген. 18 жасында оны әскерге шақырды. Жауынгер үш ай Алматыда майданға дайындықтан өткен соң, оны 348-ші жаяу әскер дивизиясына жіберген. 1944 жылдың ақпанында Каримов Берлин үшін шайқасқа қатысты. Майдангер үшін соғыс Эльбада аяқталды. Елге оралған Жүнісбек қария соғыстан кейін теміржолға теміржол көлігінің механигі болып жұмысқа тұрды.

Ерлігі үшін I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордені және еңбек жолында да көптеген марапаттарға ие болды.

Ал Саратов облысындағы Пугачевте жаяу әскер қатарында болған отандасымыз Майриков Әзімбай – бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының ардақты ардагері. 1924 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жаскесу ауылында дүниеге келген.

Әскер қатарына 1942 жылдың қыркүйек айында шақырылып, 1943 жылдан бастап ол Маршал Г.К.Жуковтың басшылығындағы Бірінші Белорусь майданы әскерінің қатарында шайқасқа қатысты.

Елге оралып, 1947 жылы соғыс­тан келгеннен кейін, Ленин атындағы колхозға жұмысқа орналасты. Ерлігі үшін де, еңбектегі адал қызметі үшін де лайықты марапаттарға ие болды. Мысалы, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «И.В.Сталиннің туғанына 130 жыл», «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін» медальдарының иегері.

Соғыс ардагері, қандасымыз Кашеков Жапаш қария қазір 96 жаста. Ұл-қызының ардақты әкесі, мемлекетіміз қадірлейтін Жапаш ата – өмір жолы өнегеге толы азамат. Ол 1926 жылы 28 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Амангелді Иманов атындағы колхозда өмірге келген. Соғысқа дейін колхозда жұмысшы болып жұмыс істеді.

1945 жылы Қиыр Шығыс майданына әскер қатарына шақырылып, №50 запастағы атқыштар полкінің 3 ротасына атқыш ретінде қабылданды. Соғыстан кейін қызмет етіп қалған және 50-атқыштар полкінің құрамында Жапониямен шайқасқа қатысқан.

1950 жылы әскерден босатылып, отанына оралды және Амангелді Иманов колхозында шаруашылықты көтеріп, алдымен бақташы, содан кейін жүк автомобилінің жүргізушісі болып жұмыс істей бастады.

Соғыстағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Сонымен қатар «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері» белгісі және басқа да мерейтойлық медальдарды кеудесіне таққан майдангер.

Өткен ғасырдың 1924 жылы Ақмола облысының Семеновка ауылында дүниеге келген ардагер Кочетков Михаил Петрович соғыс жылдарының алғашқы айларында 1942 жылы 16 тамызда Ақмола қалалық әскери комиссариаты әскерге шақырылған. Батыс майданының, Үшінші Белорус майданының және Бірінші Балтық жағалауы майданының құрамында соғысқан. 1946 жылы Целиноград қаласындағы Локомотив депосында машинист көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Одан кейін Қарағанды теміржолы, Қазақ теміржолы, Тың теміржолы басқармасында жұмыс істеді. І-ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері, Қызыл Жұлдыз ордені, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медальдары және басқа да мерейтойлық медальдардың иесі.

Мамыров Сихымбай қария – астана тұрғыны. 1920 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Көкқайнар ауылында дүниеге келген. Ол 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылды. 132-атқыштар дивизиясының 712 атқыштар полкінің пулеметшілер бөлімінің командирі. Мәскеу қаласын қорғауға, Украина, Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге, Берлинді алуға қатысқан. Соғыс­тың төрт жылында Мәскеуден Берлинге дейін шайқасып жаяу өткен. Кеңес Одағының батыры И.В. Панфилов атындағы дивизия құрамында соғысқан.

Соғыстан кейін туған өлкесі Жамбыл облысына оралып, зейнеткерлікке шыққанға дейін совхозда жүргізуші, қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Басқа майдангерлер сияқты Сихымбай қария да «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордені, «ІІ дәрежелі Даңқ» ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі, 18 мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Келесі ардагеріміз Морунов Александр Дмитриевич 1924 жылы Тамбов облысында дүниеге келген. 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылды. Қиыр Шығыста жапондықтарға қарсы соғысты, аға сержант атағындағы авиациялық механик болды. 1955 жылы майданнан Қазақстанға оралды. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалінің иегері атанды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Целиноград қаласында Дорстройтрест краншысы болып жұмыс істеді. Екі рет «Құрмет жолшысы» атағына ие болды.

Кешегі майдангер Палюх Анна Прокопьевна Ақмола облысы Красный Маяк колхозында туған. 1942 жылы 12 мамырда әскерге шақырылды. Фрунзе қаласының қасындағы станцияда орналасқан кіші әскери авиамамандар мектебіне (КАММ) оқуға жіберілді. Оқытудан кейін оны 1-ші Белорусь майданының, 1-ші әуе әскеріне радиоатқыш ретінде жіберді. Осылайша ол әуе байланысының радиотелеграфшысы және авиациялық қамтамасыз етудің 4-ші жеке ротасының құрамында болды. Жерлесіміз шайқастармен Смоленск, Витебск, Каунас, Кенигсбергке өткен. Соғыстан 1945 жылдың қараша айында оралды.

Соғыстан кейін теміржолда жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ол қазіргі Астана электрмен жабдықтау дистанция­сының энергобөлімінде жұмыс істеді.

ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» мерейтойлық медалі және басқа да мерейтойлық медальдары бар.

Сердюков Василий Антонович, 96 жаста. Ол 1926 жылы 21 қарашада Ақмола облысы Сталин ауданы Богдановка ауылында дүниеге келген.

1943 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылды. Автополк оқуын аяқтағаннан кейін Василий Сердюковке сержант атағын берді, содан кейін оны ағасымен Белоруссияға артиллериялық әскери бөлімге, 26-шы ауыр минометалық бригадаға жіберді. Ол жерде америкалық «Студебеккер» машиналарында 160 миллиметрлік миномет тасымалдаған.

Василий Сердюков үшін соғыс 1945 жылдың 2 мамырында Рейхстагтың жеңілген қабырғасында аяқталды. 1946 жылдың басына дейін солдаттар Германияның әскери бөлімінде болды. Әскерден келгеннен кейін Василий Антонович Астанадан 75 шақырым жерде Жолымбет кенішінде жүргізуші болып жұмыс істеді. Жоғары білімі бар, Новосибирск теміржол көлігінің әскери инженерлері институтын бітірген. Целиноград станциясының орынбасары және бастығы лауазымдарында жұмыс істеді. Әскери марапаттары бар.

Сонин Василий Евстафьевич – 1926 жылы өмірге келген ардагер. Қызыл әскер қатарына 1943 жылы Приморск өлкесіне шақырылды. 1943 жылдың желтоқсан айынан 1945 жылдың тамыз айына дейін атыс ісі бойынша оқыды.

1945 жылдың 9 тамызында жорықтық маршпен Жапониямен шекараға келді. Ұрыспен барлық Маньчжурияны жүріп өтті. Полк штабында байланысшы болып, аға байланысшы міндетін атқарды.

Соғыстан кейін 1951 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ақмола облысының ІІБ-да жұмыс істеді. Милиция старшинасы.

Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін екі Қызыл жұлдыз және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жеңіс үшін, Жеңіс күніне және Қарулы күштерге арналған мерейтойлық медальдармен, Г.К.Жуковтың 100 жылдығына арналған медалімен марапатталған.

Ширванова Рауза Ахметқызы 1922 жылы 25 тамызда Семей қаласында дүниеге келген. 1939 жылы Орта мектептің жеті сыныбын бітіріп, Семей қаласының қаржы-экономикалық техникумына түсті. 1942 жылдың мамыр айында Кеңес әскері қатарына шақырылды. 1942 жылдың мамыр айынан 1944 жылдың қыркүйек айына дейін 136 жеке байланыс ротасында телеграфшы қызметін атқарды. Содан кейін Чита қаласына 245 авиациялық дивизияға, Байкал әскери округінің штабына ауыстырылды, онда 1944 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың қарашасына дейін телеграфшы қызметін атқарды. 1945 жылы 2 желтоқсанда сержант атағымен әскерден босатылды.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 7 мерейтойлық медальмен, И.В. Сталиннің алғыс хатымен марапатталған.

Максименко Раиса Самуиловна 1922 жылы туып, Ақмолада өскен және оқыған, ал соғыс басталған кезде Люберецк әскери училищесін бітірді, содан кейін 9-гвардиялық әскери-әуе бригадасының құрамында өзінің жауынгерлік жолын бастады.

Соғысқа дейін ауыл мектебінің мұғалімі болып жұмыс істеді, майданға өз еркімен кетті. 16 килограмм шамасындағы рация құрал-жабдықтарымен біздің жерлесіміз Воронежден Калининге дейінгі қалаларды босата отырып, көптеген әскери әрекеттерге қатысқан, Украинадағы Умань қаласына дейін жетіп, соғысты аяқтаған. Басқалар сияқты әскери марапаттармен марапатталған.

Ардагер «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Тың қорын игергені үшін» медалі, «Украинаны азат ету» және басқа да медальдер иесі Линник Олег Иванович 1928 жылы 22 қыркүйекте Краснодар қаласында дүниеге келген. 1943 жылдың 30 шілдесінде марштық ротаның құрамында Орел қаласына жіберілді. Қараша айының соңғы күндерінде Червондық Слобода ауылының босауына қатысты. Мұнда ол басынан жарақат алды. Командир, ол тек 15 жаста екенін біліп, оны Херсон қаласына жіберді, онда ол боцман және юнг мектебінің тәрбиеленушісі ретінде қабылданды.

1944 жылдың 1 қазанында Одессаға Совтанкер агенттігінің қарамағына жіберді, онда оны су ығыстырғыштығы 2000 тонна МТ 2003 танкеріне жіберген.

1948 жылы қараша айында әскер қатарына шақырылды. 1951 жылдың қарашасында әскерден босатып, Мойынты-Шу теміржол желісінің құрылысына жіберді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін теміржолда жұмыс істеді.

Сафоничева Раиса Егоровна, 97 жаста. 1925 жылы Башқұрт АССР Ташкент ауданы Шинчяккуль ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 4 наурызда ерікті түрде майданға аттанды. Геркий қаласынан Сермов аудандық әскери комиссариатымен шақырылды. Минск қаласында байланысшылардың қысқа мерзімді курсын бітіріп, 2-Украина майданына жіберілді. Киев, Бессарабия, Румыния, Венгрия үшін болған шайқастарға қатысып, Жеңіс күнін қарсы алды.

Соғыстан кейін 1946 жылы Ресейге оралды. 1957 жылы комсомолдық жұмыс бойынша тың игеруге шақырылды.

1980 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Раиса Егоровна «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Украинаны азат еткені үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған.

Міне, жоғарыда әлі де ерлігін қайталап айтып, жазып, паш етуге болатын, майданда ерлік жасаған бүгінгі ардагер қария­ларымыз туралы жас ұрпақ оқырмандарымызға үлгі етіп, олардың өнегелі өмір жолымен таныстырып өту арқылы қария жасқа келген ардагерлерімізді алдағы Отан қорғаушылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтап, оларға денсаулық тілейміз. Өмірге әкелген ұрпақтарының алдында, жақындарының арасында әлі де жүре берсін деген ізгі тілегіміз бар.

Маржан БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ, Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиа тобының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button