Кешенді шаралар қажет
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жаңғырту үшін кешенді шараларды іске асыру қажет екенін атап өтті.
Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында диагностикалық және емдеу қызметтерінің тізімі айтарлықтай кеңейгенін атап өткен жөн. КТ, МРТ, ПЭТ/КТ және тағы басқа жоғары технологиялық қызметтер тегін негізде сақтандыруы бар азаматтардың барлық санатына қолжетімді. Ал бұрын бұл қызмет түрлері тек белгілі бір әлеуметтік қорғалмаған санаттағы адамдарға: 18 жасқа дейінгі балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға ғана қолжетімді болды.
Президент өз сөзінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстардың айтарлықтай түсуіне ықпал еткенін және жеке медицинаға пайда әкелгенін айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағытта аналитикалық және тәжірибелік жұмыстар жүргізуде. ҚР ДСМ жұмыс топтары диагностика және емдеу процесін оңтайландыру бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізді, медициналық қызметтерге, оның ішінде клиникалық-диагностикалық, стационарлық қызметтерге тарифтер, амбулаториялық кезеңде дәрілік қамтамасыз ету тізбесін ұтымды етуді қайта қарады.
МӘМС қоры медициналық қызметтерді есепке алудың және төлем жүйесінің жаңа форматын енгізуде. Ол неғұрлым егжей-тегжейлі, «ашық», сенімді талдауға және қаржыландыруды дұрыс жоспарлауға қолжетімді болады.
Қазіргі уақытта медициналық ұйымдар денсаулық сақтау басқармасымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, диагностикалық және клиникалық маңызы жоқ қызметтерге негізсіз шығындар бойынша шығындарды оңтайландыру жоспарларын әзірлеуде.
Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені «енгізу», меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын барлық денсаулық сақтау ұйымы үшін деректердің түпкілікті бақылауы мен объективтілігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Президент алға қойған міндеттерді іске асырудағы жетістік ведомствоаралық өзара іс-қимылды және әрбір азаматтың өз денсаулығына қызығушылығы мен жауапкершілігін талап етеді.
Алтыншаш ТАБУЛДИНА,
Астана қалалық мәслихатының депутаты,
№5 қалалық емхананың директоры