Қоғам

Кезекші топтарға біріктіру – дұрыс шешім

Астана қаласында 68706 баланы қамтитын 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 100-і мемлекеттік балабақша болса, 477-сі және 3-еуі – ведомстволық. Жалпы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 81 пайыз­ды құрайды («Ойыншықтан «от» шықпасын», «Астана ақшамы»).

Астана қаласы Білім басқармасының ақпаратынша, 2030 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Осындай кешенді жұмыстар арқылы балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешу жоспарланып отыр екен (бас қалада 2029 жылға дейін 60 балабақша салынады). Расында, елорданың әкімшілік территориясы кеңейіп, халық саны жыл сайын арттып, сонымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – балабақша, мектеп, мәдениет және спорт кешендерін салу міндеті туындап тұр. Бұл – үлкен мәселе.

Менің айтпағым басқа мәселе. Дұрысы, астаналықтардың талап-тілегі тұрғысында қарастырғым келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік және бюджеттік қызметте ең көп жұмыс істейтіндер – астаналықтар. Астана қаласындағы мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңға жуық азамат жұмыс істесе, бюджеттік мекемелерде 100 мыңдап саналады. Қазір көп отбасылардағы ата-аналар, яғни ері де, әйелі де жұмыс істейді. Онсыз Астанада өмір сүру оңай емес. Жұмыс уақыты – таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Бұл – барлық мекемелерге қойылатын ортақ талап. Содан кейін баласын балабақшадан алу үшін қызметкерлер күнделікті жұмыстан ерте кетуге сұранады.

Ондай адамдардан жұмыс өнімділігін қалай талап етуге болады?! Ең қиыны, дәл осы уақытта елордада жол кептелісі күшейіп, көлікті тізгіндегендер балабақшадағы баласына ертерек жету үшін асығыс айдайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып жататыны тағы анық. Енді біз көтергелі отырған мәселенің мән-маңызы ашыла түскендей. Ата-аналар кешкі сағат 18:00-де жұмыстан шықса, балабақшалар 18:00-ге дейін жұмыс істейтін болса, онда біздің балаларымыз қараусыз қалады деген сөз. Балабақшалар көп жағдайда сәбилерді қарауылдың қасына қалдырып кетеді. Бұл дұрыс па? Біздіңше, тиімсіз тетік, орынсыз шешім. Дұрысы, ата-анасы жұмыс істейтін балаларды кезекші топтарға біріктіріп, кешкі сағат 19:00-ге дейін қараса дұрыс болмай ма? Мұндай тәжірибе Астана қаласындағы кейбір балабақшаларда бар. Кешкі уақыттағы кезекші топтарды елордадағы барлық балақшада ұйымдастыру керек деп санаймыз.

Мұндай қадам баласына алаңдаған ата-ананың жұмысын жеңілдететін еді. Біздің мемлекеттің басты құндылығы адам болса, онда адамдарымызға ыңғайлы жағдай қалыптастыра білуіміз маңызды. Біздіңше, ниет болса, ынта болса, бұл мәселені Оқу-ағарту министрлігі ішкі ережелері арқылы реттеуіне әбден болады деп ойлаймыз. Сондықтан министрден дұрыс шешім қабылдауын сұраймыз.

Дәулет МҰҚАЕВ, Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button