Кезекте – 40 мыңнан астам бүлдіршін
Бас қаланың балапандарына балабақша тапшы. Жыл сайын бала туу мен көші-қонның көбеюі әлеуметтік қызметтерге сұранысты арттырады. Әрине, оның ішінде балабақша тапшылығы да бар. Соған қарамастан, бұл мәселе қаншалықты шешіліп жатыр?
Қазіргі таңда indigo24.kz электрондық порталында кезекте 0 жастан 6 жасқа дейін 57283 бала тіркелген. Оның 2 жастан 6 жасқа дейінгілері – 41836 бала. Яғни 40 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Ата-аналардың көбі баласын мемлекеттік балабақшаға бергісі келеді. Бірақ орын алу бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақытқа айналғалы қашан…
«Баламды 1 жастан асқанда кезекке қойдым. Көпбалалы ана санаты бойынша 5377-кезек тиді. Шілде айында конкурс кезінде басымдық кезегіндегі орындар маған мүлдем ашылмады. Себебі түсінікті. Біріншіден, баламды кезекке кеш қойған екенмін. Қазіргі уақытта жолдама алуға қолжетімділік жабылды. Indigo24.kz сайтында мектепке дейінгі ұйымдарда топтарды қайта рәсімдеу жүргізілетінін хабарлады. Мүмкін, тағы орындар ашылып қалады-ау деген үмітім бар. Менің ойымша, жекеменшік балабақшаға қарағанда мемлекеттік балабақша тиімді. Бағасы арзан әрі жауапкершілік бар» дейді қала тұрғыны Алтынай Берікова.
Алтынай секілді ата-аналардың айтары көп. Дегенмен жекеменшік балабақшалардың көптеп ашылуы есебінен орын тапшылығы мәселесі азайып келеді.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл 10317 баланы жекеменшік балабақшаларға орналастыру көзделуде. Бүгінде 3 конкурстың қорытындысы бойынша 5493 бала 88 балабақшаға жолдама алды. Қалған 4824 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша конкурс жалғасады.
«Жалпы қазіргі уақытта Астана қаласында 68706 баланы қамтитын 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 100 мемлекеттік балабақшада 32933 бала тәрбиеленуде. 477 жекеменшік балабақшаға 35067 бала барып жүр. Сонымен қатар 706 баланы қамтитын 3 ведомстволық балабақша жұмыс істейді» дейді Астана қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің бас маманы Лаура Алеуханова.
Оның айтуынша, балабақша мәселесін шешудің бір жолы – 425 жаңа тұрғын үй кешендерінің 1-қабаттарында қолжетімділік қағидаты бойынша қосымша топтар ашу жоспарда бар. Мәселен, 125 орынды №27 «Балауса» бөбекжай-бақшасы 1 сәуірде пайдалануға берілді. «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде 150 орынды №78 «Асыл» бөбекжай-бақшасы, М.Төлебаев көшесіндегі 150 орынды №93 «Айгөлек» бөбекжай-бақшасы, сонымен қатар экономика, технология және тамақ өндірісін стандарттау колледжінің ғимаратында 150 орынды балабақша ашу жоспарда бар. Сондай-ақ 600 балаға арналған екі мемлекеттік балалар үйінің құрылысы жүріп жатыр.
Бас қалада балабақша мәселесін шешу үшін алдағы жылдары мемлекеттік балабақшалар салынады. Қазақстан Үкіметі биыл қаңтар айында Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекіткені белгілі. Ал оны жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін 6,3 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Міне, осы бас жоспар аясында, алдағы жылдары Астанада 178 балабақша салыну көзделуде.
«Астана және Алматы секілді мегаполис қалаларда балабақша тапшылығын қалыпты жағдай деп айтуға болады. Жыл сайын бірнеше мемлекеттік балабақша салынғанмен, әлі де орындар жеткіліксіз. Дегенмен мемлекеттік дотация арқылы балабақша ақысының жартысын Үкімет төлеп беру арқылы ата-аналарға көмек көрсетілуде. Жекеменшік балабақшаның көбейгеніне қуану керек. Оларға арнайы бекітілген стандартпен талаптар қойылады. Балабақша қызметкерлерінің білігі мен ондағы санитарлық талаптар да ескеріледі. Сондықтан кезектің реті келмей жатса, балаңызды жекеменшік балабақшаға беруден қорықпаңыз» дейді әлеуметтік сарапшы Мерей Мұқанов.
Ал министрлік өкілдері болса соңғы 5 жылда балабақшаға жолдама алу кезегі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ашылуының нәтижесінде 2,5 есеге азаятынына сенімді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ