Кезектен тыс сессия өтті
Осы аптада Ерлан Каналимовтың төрағалығымен сегізінші шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Сессияның қарауына 10 сұрақ қойылды. Сессия жұмысына қала әкімі Жеңіс Қасымбек, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Кезектен тыс сессияны аша отырып, мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов сессия қарсаңында мәслихат отырысы өткенін, онда депутаттар «Астана қаласында студенттік жатақханалар салу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» мәселені күн тәртібінен алып тастауға шешім қабылдағанын хабарлады.
«Астана қаласының «Нұра» ауданының әкімі лауазымына тағайындауға келісім туралы» мәселе бойынша Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек сөз сөйледі. Ол меритократия қағидаты бойынша Нұра ауданының әкімі лауазымына Ришат Тұрдыбековтың кандидатурасы ұсынылатынын атап өтті. Еңбек жолын 2001 жылы Алматы қаласында «Автолизинг Қазақстан» ЖШС компаниясында бастаған. Елорданың «Алматы» ауданы әкімі аппаратының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің, абаттандыру бөлімінің, өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2011 жылғы желтоқсаннан 2019 жылғы шілдеге дейін Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, Есіл ауданы әкімінің орынбасары жұмысын атқарды. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап – Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары
Депутаттар Ришат Тұрдыбековтың кандидатурасын бірауыздан қолдады, өйткені көптеген жылдар бойы ол өзін өз құзыретіне кіретін барлық мәселелер бойынша шешім таба алатын жоғары білікті, еңбекке қабілетті маман ретінде көрсетті.
Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Астана қаласында құрылған жаңа ауданға атау беру мәселесі бойынша сөз сөйледі. Халықтың пікірін назарға ала отырып және Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде елордада құрылған жаңа ауданға «Сарайшық» атауын беру ұсынылады.
Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Жаңасыл Шаукентаев «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын басқару схемасы туралы және «Астана қаласы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Астана қаласы мәслихатының шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы мәселелер бойынша хабардар етті.
Мәслихат төрағасы бұл мәселелер рәсімдік болып табылатынын және Сарайшық ауданының құрылуымен, сондай-ақ жаңа аудан әкімінің аппаратымен байланысты екенін атап өтті.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Бақтияр Ілиясов «Астана қаласының сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту туралы» мәселе бойынша баяндады. Ол қоғамдық тыңдаулар өткенін, жоба «Ашық НҚА» порталында орналастырылғанын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткенін айтты.
Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде «Жарнама туралы» Заң және «Құрылыс кодексі» қарастырылып жатқанын атап өтті. Заңдар қабылданғаннан кейін ережеге елорданың ерекшеліктерін ескере отырып өзгерістер енгізілетін болады.
Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов Астана қаласы мәслихатының «Астана қаласының аумағында жасыл желектерді құру, күтіп – ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» хабардар етті.
Депутат Владислав Сергеев мәслихат төрағасы басшылығымен депутаттар үш жыл бойы талқылап жатқан мәселені көтерді. Жыл сайын жасыл желектерді отырғызуға бюджеттен үлкен сомалар бөлінеді. Бүгінгі таңда осы мәселені жүйелі түрде шешуге көмектесетін ережелер бекітілуде. Жасыл желектерді цифрландыру, оларды есепке алу бойынша ұсыныстар бірнеше рет енгізілді, онсыз қаражатты тиімді жұмсау мүмкін емес. Барлығы қанша ағаш отырғызылғанын, қанша ағаш кесілгенін және өтемақы қай жерде өтелгенін нақты түсінуі керек. Ағаштарды отырғызу жүргізіліп, алайда барлық ағаштар опат болған фактілері орын алуда. Бұл жұмысты, соның ішінде суару жүйесін құруды аяқтау керек. Ескі әдіспен автомобильдердің көмегімен суару мүмкін емес. Депутат басқарма басшысынан мәселені бақылауға алуды сұрады.
Депутат Кендебай Адамбек Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысында жіберілген кемшіліктер бар екенін атап өтті. Бюджеттік өтінімдерді қарауға дайындық аясында ол экология және бюджет мәселелері жөніндегі екі бейінді комиссияның, қаланың барлық аудандық әкімдіктерінің қызметкерлерінің қатысуымен жұмыс отырысын өткізуді ұсынды.
Депутат Бауыржан Смайыловтың айтуынша, Сарыбұлақ өзенінің жағасында, Көкталдағы жаңа саябақта ағаштардың көпшілігі опат болған. Депутаттың келесі сұрағы Германиядан бюджеттік ақшаға сатып алынған ағаштарға, олардың тағдырына қатысты. Ағаштардың бейімделуі қалай?
Мәслихат төрағасы қалада көгалдандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әрине, барлық мәселелерді бір жылда шешу мүмкін емес. Суару жүйесін құру мәселесі күрделі.
«Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және оларда орналасқан жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттардың жобаларын келісу туралы» мәселе бойынша тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндады. Баяндамашы әкімшілік ғимарат, көшелер, қоғамдық кеңістіктер, мектептер, балабақша салу жоспарланып отырған 49 жер учаскесі туралы айтты. Барлық меншік иелері өтемақы сомасымен танысып, онымен келіседі.
Депутат Алтыншаш Табулдина – Астана қаласы мәслихатының уақытша комиссиясының төрағасы Астана қаласының кейбір сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша сөз сөйледі.
Кезектен тыс сессияның жұмысын аяқтай отырып, мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов отырысқа қатысушыларды келе жатқан мереке – Конституция күнімен құттықтап, жұмыста табыс тіледі.