Іс-шараға 2 мыңға жуық адам қатысып, 80-нен астам мекеме жұмыс ұсынды. Жәрмеңкені елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» ресурстық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығы және аталған жоғары оқу орны бірлесіп ұйымдастырды. Жәрмеңке жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы білім беру ұйымдарының түлектерін, сол сияқты жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталды.
«Жәрмеңкеге ұлттық және жекеменшік компаниялар, мемлекеттік ұйымдар секілді бірқатар жұмыс беруші қатысып, жоғары оқу орны түлектеріне, студенттерге және елорда жастарына бос жұмыс орындарын ұсынды. Басқарма тарапынан мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Себебі осындай іс-шаралардың арқасында жастар өздері қалаған мекемелерге жұмысқа орналасып жатады. Яғни жәрмеңкенің тиімділігі – жастар бірқатар компания өкілдерімен бір алаңда тілдесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алады», – деді өз сөзінде қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Айдар.
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар жәрмеңкеде жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар үшін өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы да жұмыс табуға болатынын атап өтті.
Биыл бас қалада жастарға арналған осындай 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, іс-шараға тұрақты түрде қатысатын жұмыс берушілер саны артуда. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.6710:55