Киберқылмыспен күрес мәселелері талқыланды
Астанадағы форумда киберқылмыспен күрес мәселелері талқыланды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен алаяқтыққа қарсы және қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі республикалық жастар қозғалысының Alayaq.net форумы өтті. Оған ҚР МАМ, ҚР ІІМ, ҚР ҚМА, банк секторы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жастар белсенділері қатысты.
«Кездесудің басты бағыты – Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында назар аударған заң мен тәртіп идеологиясы. Киберқылмыс – қоғамымыз үшін аса қауіпті. Заң мен тәртіп әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігінің кепілі болуы тиіс. Сондықтан бізге киберқылмыспен күресу және алдын алу бойынша тиімді шаралар қажет», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов кездесу барысында.
Форумға 20 мыңнан астам адам қатысты. Іс-шараға онлайн режимде Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан салықтық және қаржылық тергеу органдарының өкілдері қосылды. Қатысушылар киберқылмыспен күресу және қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша бірлескен жұмыс стратегиясын талқылады.
Сонымен қатар форумда Alayaq.net жобасының нәтижелері таныстырылды. Жоба жүзеге асырылғаннан бері 120-ға жуық интернет-алаяқ, алаяқтық схемалар, онлайн-казино сынды қылмыс анықталды. Қаржылық сауаттылықты арттыру марафоны аясында 125 мыңнан астам адам оқытылды.
Форум соңында Alayaq.net жобасының үздік волонтерлерін марапаттау рәсімі өтті.