Басты ақпаратҚоғам

Киік атуға мәңгілік мораторий жариялайық

Киік пен қазақ – егіз ұғым. Ежелден халқымыз­бен бірге жасап келе жатқан киелі жануарды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Бірақ сананы ақша билеген заманда екі аяқты айуандардың жауыздығынан түз тағысының тұқымы тұздай құрып кетуге жақын тұр. Соның нақты дәлелі мынадай сұрықсыз статистикадан көрінеді: 1990 жылы елімізде 1 млн киік болса, 2019 жылғы саны – 334 400. Назар аударатын жайттың бірі – 1920-30 жылдары киік атуға қатаң тыйым салынып, 1960 жылдарға қарай ақбөкендердің саны 2 млн-нан асып түскен. Биыл ақпанда Қазақстанда киік атуға жарияланған мораторий 2023 жылға дейін ұзартылғаны мәлім. Алайда ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатердің алдын аламыз десек, киіктің мүйізі мен тұяғын экспорттауға толық тыйым саламыз десек, КИІК АТУҒА МӘҢГІЛІК МОРАТОРИЙ жариялауымыз керек! Үлкен қатерге дер кезінде тосқауыл қойып, түз тағыларын қорғау, сақтау және көбейтуге қарекет жасамасақ, ертеңгі күні бармақ шайнап қалатынымыз анық. Енді осы мәселеге талдау жасап көрелік.

ЖАЗА ҚАТАЙСА ДА, ЖАУЫЗДЫҚ ЖОЙЫЛМАЙ ТҰР!

Қазақстанда браконьерлік қылмыс азаймай тұр. Экология, геология және табиғат ресурстары министр­лігінің мәліметі бойынша, 2019 жылы киіктерді қырған браконьерлерге қатысты 47 факті анықталып, жауыздардың қолынан 641 киік пен 284 мүйіз тәркіленген. 47 браконьердің тек 43-і ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылып, еліміздің табиғи байлығына 3,3 млрд теңге (!) зиян келіпті. Ал 2020 жылдың алғашқы үш айында екі аяқты айуандар 400 түз тағысын жайратып, қазынаға 1 млрд-тан аса теңге зиян шектірген. 2020 жылдың 6 айындағы ұсталған браконьерлердің саны – 39 (ұсталмағандары қанша екенін әлі білмейміз). Олардан 513 (!) өлген киік пен 1571 мүйіз (!) тәркіленген.
Ең сорақысы сол, Қазақстанда бір ғана облыста (Батыс Қазақстан) бір айдың ішінде (15.04-15.05.2020, «Киік» табиғат қорғаушылар акциясы кезінде) браконьерлікке қатысты 6 факт тіркелді. Ашкөз браконьерлерден 24 киік пен 697 мүйізі тәркіленді! Жауыздықтың рекорды осы!
Киіктерді қырып-жоюға қатысты еліміздегі биылғы қайғылы оқиғалар тізбегі мынадай:
24-30 қаңтар. Батыс Қазақстан облысының табиғат қорғау инспекторлары далада өліп жатқан 71 киікті тауып алды. Жауыздар барлығының мүйіздерін кесіп алып, жансыз денесін лақтырып кеткен.
6 ақпан. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында браконьерлер 45 киікті атып өлтірген. Инспекторлар қылмыс жасалған жерге бір аптадан кейін ғана жеткен.
11 сәуір. Қызылорда қаласы. Ақсай полиция бөлімшесіне кіреберістегі блокбекетті айналып өтпек болған екі күдікті автокөлік туралы хабар жетеді. Соңынан қуған «Охотзоопром» қызметкерлерінен қашпақ болған екі көліктің бірі каналға құлайды. Екінші көлікке мінгендер құтылып кетеді. Каналдағы автокөлікті тінту кезінде 54 киік, 224 мүйіз, МР-155 маркалы аңшы мылтығы, 23 оқ, пышақ және бинокль табылған. Көп ұзамай тергеу-­іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілердің бірі – 34 жастағы қала тұрғыны қолға түсті.
18 мамыр. Батыс Қазақ­стан облысы. «Киік» табиғат қорғаушылар акциясы аясында заңсыз аң аулаған облыстың 4 тұрғыны ұсталды. Күдіктілерден 434 киік мүйізі, ресейлік нөмірі бар «Нива Chevrolet», «Nissan» автокөліктері, мотоцикл, 5 бірлік оқ ататын қару, 293 оқ-дәрі, радиостанция, GPS-навигатор, 7 ұялы телефон, 2 планшет, пышақ, ара тәркіленген.
25 тамыз. Қарағанды облысы. Бірлескен жедел іздестіру-тергеу шаралары нәтижесінде Қарағанды және Қызылорда облыстары аумағында 212 киікті атып өлтірген 6 адам ұсталды. Барлығы – Қызылорда облысының тұрғындары.
Қайғылы оқиғалар туралы ақпараттар осылай жалғаса береді.
Өткен жылы заңға түзету енгізіліп (төменде кеңінен тоқталамыз), заңсыз киік атқандар 12 жылға сотталатын болды. Заңда бірнеше рет браконьерлікпен айналысқан, топ құрып немесе алдын ала сыбайласып қылмыс жасаған, қызметтік лауазымын пайдаланып мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтіргендер қатаң жазалатыны жазылған. Бірақ заң күшейтілгенмен, киіктерді қырудан айылын жияр браконьерлерді көрмей отырмыз.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРДЫ, ҮКІМЕТ ОРЫНДАДЫ МА?

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы қызметін атқарған кезінен бастап браконьерлікке қарсы аяусыз күрес жүргізуді назарда ұстап келеді. 2019 жылдың 18 қаңтарында қазақтың батыр ұлы Ерлан Нұрғалиевтің жақындары мен туыстарына көңіл айтып, твиттердегі парақшасында: «Ерлан Нұрғалиев еліміздің қасиетті жануарын қорғап қаза тапты. Иманды болсын! Бұзақылар мен олардың жақтаушылары жазасын алуы тиіс. Батырымыздың ерлігі ел есінде мәңгілікке қалады» деп жазды. Былтыр дүние жүзін дүр сілкіндірген «Ерлан Нұрғалиевтің ісі» және «Қаныш Нұртазиновтің өлімі» сияқты оқиғалардан кейін халыққа Жолдауында Үкіметке браконьерлік қылмыс үшін жазаны қатайтуды тапсырды. 27 қазандағы қайғылы жағдайдан соң қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазалануы тиістігін мәлім етті.
Енді заңнама қаншалықты күшейтілді дегенге келейік. Қылмыстық және қылмыс­тық-процессуалдық кодекске қасақана ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша түзетулер енгізілгені мәлім. Мәселен, киік атып ұсталған браконьердің қаруы, автокөлігі, мүлкі кәмпескеленеді. Заңсыз аңшылық пен балық аулау «теріс қылық» деген санаттан орта дәрежедегі қылмысқа ауыстырылды. Ескі заң бойынша, заңсыз аң аулағандар 40 тәулікке қамалатын болса, бұдан былай бір мәрте браконьерлікпен айналысқандар да түрмеге қамалады. Жүйелі түрде браконьерлікпен айналысқандарға (6 жылға түрмеге қамалады), ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға (10 жыл түрмеге қамалады) бөлек-бөлек жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ заң жобасын жасаушылар табиғат қорғаушы инспекторларды құқық қорғау қыз­меткерлерінің санатына қосты, яғни оларға зорлық көрсеткендер заң бойынша 10-15 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылады. Қылмыстық кодекстің 339-шы бабы толық жетілдіріліп, жаза күшейтілді. Мысалы, айыппұлдар көлемі 7 575 000 теңгеден 17 675 000 теңгеге дейін ұлғайды.
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев соттардың дұрыс және әділ шешім шығару қажеттігіне үнемі назар аударады. «Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек» деп мәлімдеді ­Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында. Осы орайда Қылмыстық және қылмыс­тық-процессуалдық кодекске енбей қалған, Қазақстан қоғамы биліктен талап етіп отырған мәселелерді тілге тиек етейік. Біз браконьерлер мен құқық қорғаушылардың, «Охотзоопром» инспекторларының ауыз жаласып, «мүйізді мафияның» батпанқұйрық бизнесін қыздыратынын баспасөзде және әлеуметтік желілерде («Екі аяқты айуанмен арпалыс», «Астана ақшамы», №5, 17.01. 2019 ж.; «Астана ақшамы», «Заң күшейтілгенмен, жауыздық жойыла ма?», №137, 21.11.2019. ж, https://www.facebook.com/tolen.tleubay/posts/3292601567422593) бірнеше рет жаздық. Парламент депутаттары да (сенатор
Ә.Құртаев, мәжілісші
Ж.Ахметбеков және т.б.) браконьерлер мен полицейлердің ауыз жаласып, қылмыстың өршуіне қолдау жасап отыр­ғанын айыптады. Өкініштісі сол, бұл мәселе назардан тыс қалған. Бұл жердегі үлкен қателіктің бірі – бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткендердің (браконьерлікпен айналысатындардың көбісі солар) заң аясында басқа азаматтармен бірдей жауапқа тартылатыны.
Заңда ескерілмеген жайттың бірі – «Охотзоопром» инспекторларына берілетін жаза туралы ешқандай бап жоқ. Айтпақшы, Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет 2020 жылдың 16 қаңтарында Қызылорда облысында жедел із кесушілер киік аулаған «Охотзоопромның» үш инспекторы ұсталғанын хабарлады. Мұндай жағдайлар аз емес.
Соттардың әділ шешім шығаруына қатысты тағы бір мысал келтірейік.
Биыл 21 ақпанда қазақтың қаһарман ұлы ­Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатыс­ты қылмыстық іске нүкте қойылды. Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ерлан Нұрғалиевті өлтіргені үшін Берік Ахметовті (16.05.1984. ж.т), Нұрлан Шүкілдіковті (27.02.1984. ж.т.) және Қайрат Ақшанов­ты (28.10.1986. ж.т.) өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Үкім бойынша олардың 5 жылға дейін аң аулаумен айналысуға құқығы жоқ. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген қалған төртеуі: Б.Базаров, ­Б.Қайырбеков, Ж.Мырзабаев, А.Акимов аса ірі көлемде мемлекетке зиян келтіріп, заңсыз аң аулағаны үшін 6 жылға сотталды. Әрқайсына 5 жылға дейін аң аулауға тыйым салынды (өмір бойына бас бостандығынан айрылған адам қалай аң аулайды, осы жағы түсініксіз әрі күлкілі).
Ерлан марқұмның інісі Нұрлан Нұрғалиев мәселенің мәнісін біздің газетке былай түсіндіріп берді: «Сотта үкім жария етілді. Үш адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Төртеуін 6 жылға соттады. Оларды сот залынан қолдарына кісен салып, алып кетті. Біздің тарап соңғы төртеуінің Ерланның өліміне қатысы барын дәлелдей алмай қалдық. Алғашқы үшеуіне қатысты соттың шешіміне ризамыз! Негізі, жетеуінің де осы қылмысқа қатысы бар. Олар өлтірмесе де оқиғаны көзімен көрді, полицияға хабарлаған жоқ. Осы жағына ғана көңіліміз толмайды».БЕТПАҚТАН КИЕ МЕН КИІК АУДЫ

Алпысыншы жылдары сайын даламызда жүйткіп жүрген киелі жануарлардың саны 2 млн-нан асыпты деген дерек бар. Өкініштісі сол, 2000 жылдары бұл сан 29 900-ге дейін кеміді. 2015 жылы елімізде нақты қанша киік қырылғанын әлі білмейміз. 2016 жылы – 108300, 2018 жылы – 215 100, 2019 жылы 334 400-ге жетті. Бір қуанарлығы, биыл Қорғалжын қорығы аумағындағы киіктер екі, үштен егіз тауыпты! Алайда жазықсыз жануарларды қырып-жойған екі аяқты қаскөйлердің жауыздығына заңмен де тыйым сала алмай отырмыз. «Заң – адам пайдасына жазылады, адам – заң үшін тумайды ғой» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айт­қандай, елімізде киік атуға толық тыйым салып, мүйізі мен тұяғын экспорттауға тосқауыл қоямыз десек, мәңгілік мораторий жария­лайық!
«Астана ақшамы» газеті бірінші болып көтерген осынау түйткілді мәселені халық қалаулысы Әлімжан Құртаев бастаған бір топ депутаттар 2019 жылы 29 наурызда Парламент мінберінен тағы көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал етіп жолдады. Премьер-министр бұл сауалға былайша жауап беріпті: «Қылмыстық кодекстің 339-бабында пайдалануға тыйым салынған жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алуға, иеленуге, сақтауға, өткізуге, әкелуге, әкетуге, тасымалдауға немесе жоюға, заңсыз олжалауға жазалау көзделген. Яғни, қылмыстық жауапкершілік бұрыннан бар, қосымша мораторийлер мен басқа да тыйым салу шараларын белгілеудің қажеті жоқ». Бірақ осы сауалдың негізінде Үкімет киік атуға 2023 жылға дейін тыйымды ұзартқаны белгілі.
Киікті қорғау – табиғатты қорғау. Олай болса, киікті қорғайтын жеке заң қабылдап немесе нақты жаңа баптарды Парламентте талқыланып жатқан Экологиялық кодеске тайға таңба басқандай етіп жазып қоюмыз қажет. Президенттің өзі халыққа Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе» деп қадап айтты емес пе?! Менің түсінігімде, киік пен кие, киік пен қазақ – бір-бірінен мүлдем ажырамайтын ұғымдар. Киікті өлтіргендер үрім-бұтағымен Құдайдың қарғысына ұшырайды. Сондай қарғысқа қалмау үшін, жас ұрпақты киелі жануарларды қорғауға баулиық. Киіктерді қорғайтын халықаралық ұйым ашып, шетелдік әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнататын кез келді. Біз бұған дейін көтерген мәселенің бірі – «Қорғалжын-Теңіз» алабында Ұлттық парк ашу да ешқашан маңызын жоймайтыны анық. Бұл орайда бір ұсынысым бар: Қазақстанда киіктерді қорғау күнін белгілеп, оны қазақтың батыр ұлы Ерлан Нұрғалиевтің туған күні – 30 қаңтарда атап өту керек. Екі аяқты жауыздардың көбейгенін сезгендей, түз тағылары сайын даламыздан ауып барады. Биыл жазда Биологиялық саналуандықты қорғау қауымдастығы соңғы 5 жылда киіктердің Өзбекстан аумағына кіретін Үстіртте байқалғанын хабарлады. Бетпақтан киік кетсе, кие де кетеді! Осыны есімізден шығармайық, халайық!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button